Kyzylorda-news.kz. «Чемпион жаттығу залдарында пайда болмайды. Адамның ішіндегі құлшыныс, арман, мақсат чемпионды тудырады» деген әлем мойындаған боксшы Мұхаммед Әли. Расында, арман асқақ болған кезде көздеген мақсатқа, діттеген мұратқа жету соншалықты жеңіл болмақ. Жетістікке жету жолында жауапкершілік жүктеп, ұмтылысы ұсақталып, талпынысы тып-типыл жоғалмаса белесті бағындыратыны бесенеден белгілі. Ақиқатында, үмітті ақтауға бел буған үздіктер бағытынан тайқымай, жарыста жаңылыспауға, сайыста сүрінбеуге серт бергендей. Өйткені, қанжығаның майланып, қоржынның жүлдемен толығуы осыған негіз.
Тіпті, жеңіске жақын қалып, жүлде бұйырмаса да, үздік ойын көрсететін спорт сайыпқырандарының еңбегі зор. Топ жаруда тосылып қалмайтын табандылар талпынғанына жету үшін табаны тілінсе де, артқа шегінбеуге бекінген. Сыр спортшылары да әр жарыста намысты қолдан бермей, жүлдеге ие болуда. Мамыр мен маусым айындағы марапаттар соның айғағы.
Иә, жаттығу залындағы дайындықтың орны бір төбе. Шыңдалу мен шымырланудың қайнаған ортасы болғандықтан спортшылардың жеңіске жетуі мен жүлдені иемденуіне жол ашады. Ал әлгі құлдилап құласа да, қайта тұруға себеп болатын құлшыныс пен шыдамдылық шырқау биікке шығаратыны анық. Демек рухани әлсіздік болмаған жерде әбігер де азайып, жетістікке оңай қол жеткізеді. Сонымен, Сыр елі үшін мамыр-маусым жағымды жаңалықтың легі үзілмеген, қуанышты хабардың айы болды. Қаймықпайтын қайсар мінезділер сүйіншілетіп ақжолтай жаңалығын жеткізуде.
Қайсыбір спорт түрі мықтылықты меңзейді. Тіпті, тәсілдерін меңгеріп үлгермесе, тартыста табандаса да, жеңімпаз атанамын деу қате. Өйткені, күш пен ой бірге тоғысқанда ғана өнімді әрекет болады. Панкратионның қауіпті спорт түріне жататынын бүкіл қауым біледі. Өйткені, ережесіз жекпе-жекте соққы қатты болса, ес жимау кетуі де мүмкін. Десе де, әлденеден сескене қоймайтын спортшылар қауіптің апанына барса да, ақыл амалымен айбатын көрсетіп, медальдан құр қалдырмады. Мәселен, 2-5 мамыр аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында панкратионнан Әлем чемпионаты өтіп, Абылай Шакирбеков 1-орын, Олжас Есқараев 2-орынды иеленді. Ал 1-5 мамыр аралығында Түркістан облысы, Арыс қаласында кикбоксингтен 2009-2010, 2011-2012 ж.т жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. 1-2 және 3-орынды теңдей бөліскен балалар жеңіс тұғырынан көрінді. Балаларға бағдар беріп, қолдауын білдіріп, дайындығын бақылап, жанынан табылған жаттықтырушылардың еңбегі ерен. Қатысушы ұл-қыздардың жасы кіші болса да, жүлдегер атануы мақтан тұтарлық жағдай. Өйткені, кішкентайынан мақсат қойып, соған жетуде аянып қалмауы өзін дамытуды тежемей, керісінше ақылдың да артуына негіз болады. Әсте спортқа жастайынан жақын болудың пайдасы болмаса зияны жоқ. Сайып келгенде өзін қорғай алған жан еліне де еміреніп, қорған болатыны қоспасыз шындық.
Шын мықты өзінің шыншылдығы мен шеберлігін мың мәрте дәлелдей алатыны сөзсіз. Сол секілді Сыр елінің спортшылары да әлем дүбірінде әлекке салынбай, жігерлілігімен өзге жүйрікті жолда қалдырып, жүлдеге ие болды. Алматы қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында таеквондодан өткен ҚР чемпионаты да өз мәресіне жетіп, қорытындысы қуантқан болатын. Аймақ абыройын асқақтатқан спортшылар 7 алтын, 7 күміс және 7 қола медаль еншіледі. Сонымен қатар 4-8 мамыр аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында гір көтеруден Азия чемпионаты өткен болатын. Дүбірлі додаға 15 елден 550 спортшы қатысып, Сыр елінің еншісіне 9 алтын, 1 күміс пен 3 қола медаль бұйырды. Баскетбол ойынында да бағы жанған жасөспірімдер жеңіс жолын жалғай түсті. «Мұз айдыны» спорт кешенінде баскетболдан өткен ашық турнирге 20 команда қатысып, спортшыларға 1-орын бұйырды.
Күш сынасуда кері кетпеген білектілер ойдың ойынында ойсырап жеңілмеген. Ақыл мен сананың аламанында да оқ бойы озық болатын озаттарымыз бар. Әрненің байыбына барып қадам басатын ойлы жандар аз уақыттың ішінде жеңісті уысында ұстап үлгерді. Яғни Шымкент қаласында ҚР-ның шахматтан «Д.Қонаев мемориалы» балалар кубогіне еліміздің барлық аймағынан 315 спортшы қатысып, облысымыздың құрама командасы 1-орынға қол жеткізді. Ойдың тақтасында тактиканы қолданып, тиімділігін назардан тыс қалдырмайтындардың жеңіс тұғырынан көрінгені қошеметке лайық.
Қарсыласының осал тұсын жылдам тауып, ойын оқып, қимыл-қозғалысын қадағалап, соған сәйкес табан астында тапқырлық танытып, айла-амалын қарастыра алғанда жеңіске жеттім деуге әбден болады. Әйтпегенде, шебермін деп шіреніп, оспадар қимылдау, сөйте тұра жетістікке жетем деген ойдың жетегінде кету жолды жауып тастайды. Бұл бүкіл спорт түріне қатысты дүние. Алматы қаласында толық түйіспелі жекпе-жек сайыстан жасөспірімдер мен жастар арасында ҚР чемпионаты өтіп, Сыр спортшылары 2 алтын, 6 күміс және 5 қола медальді еншіледі. Сондай-ақ, байдарка және каноэде есуден 2005-2008 ж.т жастар арасындағы ҚР-ның чемпионатында да спортшылар есе жібермеді. Сөзі мен ісі сай алыптардың аламанда абдырап қалмайтыны анық. 10-17 мамыр аралығында Алматы қаласында Пара жеңіл атлетикадан тірек қимыл аппараты зақымдалған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында ҚР VI Жазғы Паралимпиада ойындарында спортшылар 1-2 орындарды иемденді. Осындайда, өз атағынан гөрі ел абыройын ойлайтын, даңқ қуып даурықпайтын спортшыларға дән риза боласың.
Спортшылар құласа қайта тұруға, жығылса еңсені қайта тіктеуге дайын. Сын сәттерде сынып кетпей, белсенділік танытуда кежегесі кері тартпай, ұмтылуға әрекет етеді. Ендеше, әрекетке – берекет болатыны бесенеден белгілі. Қозғалыс пен қимылды, еңбек пен спортты тіреніш еткен соң айы оңынан туып, жетістікке жетіп отыр. Қуанышты еселей түсетін қайраттылардың әлемді қайран қалдырып, облысымыздың мәртебесін биік етуде. Әр ай сайын түрлі спорттан жеңіске жеткен жеңімпаздар өте көп. Мәселен Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында бокстан әйелдер арасында VI жазғы спартакиада болып өтті. Нәтижесінде Гүлсая Ержан 1-орын, Ақбота Болат 3-орын иеленді.
Ақыл мен амалға, жылдамдыққа сүйеніп, жеңісті көздейтіндер үшін тап келген тосқауылдың өзі түк емес. Мұны спортқа жақын жасөспірімдер дәлелдеп берді. Испанияның Малага қаласында дзюдодан жастар арасында өткен Европа кубогінде Алтай Акбар үздік үштікке ілінген болатын. Ал Польшаның Биелско-Биала қаласында Байзақ Оралбек 2-орынды еншіледі. Тартысты жарыста табандылық танытудың өзі жеңіспен пара-пар. Иә, Сыр спортшыларының жеңіске жетудегі әр еңбегін екшелеп, елеген дұрыс. Өйткені, ел мақтаныштары мақсатын жүйелеуде жалқаулыққа жар беріп жүрген жоқ. Олар бір емес, түрлі спорт түрінен дайындалуды дағдыға айналдырып келеді. Әзербайжан елінің Баку қаласында теннистен Халықаралық турнирге Қытай, Түрік, АҚШ, Израиль, Өзбекстан, Пәкістан, Әзірбайжан, Ресей, Белорусия және Қазақстаннан 70-ке жуық 18-жасқа дейінгі жасөспірімдер қатысты. Ел сенімін тірек еткен Қозбақ Жақас Қазақстандық Виталий Зацепин екеуі жұптасып чемпион атанды. Олар финалда Түрік спортшыларын 6/2 есебімен ұтты. Білектің ғана емес ақыл-ойдың күшіне сенген мықтылар түрлі жарыста топ жарып келеді. Түркістан қаласында тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасындағы рапид және блиц түрлерінен ҚР жекелей чемпионаты өтті. Еліміздің ең мықты деген 100-ден аса спортшылары бақ сынаасқан сайыста үздік ойын көрсеткен Ақерке Кенжебекова 3-орынмен марапатталды. Айта кетейік, Ақерке қыркүйек айында Румынияда өтетін Әлем Кубогына жолдама алды.
Қайсарлығын танытып үлгерген қыздар да облыс мерейін асқақтатуда. Жаңақорған ауданында Белбеу күресінен өткен ҚР-ның чемпионатында Сыр спортшылары жеңісті қолдан бермеді. Жүлделі 1 және 2-орын алған 8 спортшы Тәжікстанда өтетін Әлем біріншілігіне жолдама алды. Осылайша, қыздар қызбалыққа салынбай, байыппен спорт ережесін ескеріп отырып, жеңісті жақындатты. Расында, табандылық пен талпыныс тоғысқанда, бойда қуат пен қажыр барда жеңіске жетуге мүмкіндік көп. Ал, мұны спортты – өмірім деп түйсінген, сүйіспеншілігі зор және қызығушылығы жоғары спортшылар әр жарыс сайын дәлелдеуде. Сайып келгенде, спортшылар әлдеқашан өздерінің мықты екенін аңғартып қойған. Олар тек ұйымдастырылған кішігірім сайыстарда ғана емес, әлем чемпионатында да әбігерге түспей, жігерімен белесті бағындыруда. Қандай чемпионат, қандай жарыс болмасын, жауапкершілікпен қарайтын жастар мақтауға лайық. Себебі, олар ел сенімін, халық үмітін ақтау деген асыл ойды түйсігімен түсініп, санасына сіңірген. 26 мамыр-2 маусым аралығында Тәжікстанның Душанбе қаласында шахматтан Орталық Азияның аймақтық чемпионаты болып өтті. Чемпионат қорытындысымен жерлесіміз Әсел Серікбай Азия елдерінің ең мықты қарсыластарына дес бермей, жеңімпаз атанып, шілде айында Бакуде өтетін Әлем Кубогіне жолдама алды.
Маусым айындағы марапаттар да Сыр елін қуанышқа бөледі. Жеңіс пен жүлдеге қол жеткізген сайыпқырандар жетістік шыңына жетті. Мықтылықты меңзейтін, жігерді қажет ететін, ерлікті ескеретін чемпионатта жүлдеге ие болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. 6-11 маусым аралығында Астана қаласында самбодан Азия және Океания чемпионаты өтті. Чемпионатта спортшылар 2 алтын жүлде иеленді. Жауынгерлік самбодан жастар арасында Мақсат Бақытов, спорттық самбодан жасөспірімдер арасында Нұржан Тумырзаевқа 1-орын бұйырды. Қозғалысын қадағалап, қол қимылына аса мән беретін теннис ойынында да нәтиже жаман емес. Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен халықаралық турнирде Қозбақ Жақас жекелей сында 2-орын иеленді. Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан, Ресей, Қытай, Тайпей, Жапония, Швеция, Беларус елдерінің спортшылары қатысты.
Тек өзінің ғана емес, түгел жұрттың қуанышын түгендеп, ел абыройын асқақ етіп жүрген спортшылардың таудай талпынысы бар. Ал, арманын мақсатқа айналдыра білгендердің жеңіс жолында ақсаңдаймайтыны ақиқат. 9-11 маусым аралығында Японияның Фукуока қаласында каратэден халықаралық турнир өткізілді. Турнирде Мөлдір Жаңбырбай 3-орын иеленді. Сонымен қатар, «Нұрсәт» теннис орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында бастау алған облыстық спартакиада өз мәресіне жетті. Жарысқа 7 аудан мен қаладан 8 команда, 80-ге жуық спортшы спорттың 3түрінен, яғни дойбы, үстел теннисі және жүгіру эстафетасынан жүлделерді сарапқа салды. Аталған спорт түрлері бойынша Қызылорда қаласы 1 және 2 орынмен марапатталды.
Спортты өмірінің ажырамас бөлшегі санап, сайыстың сын сағатында сынып қалмай, айбынды елдің азаматы екенін аңғартатындардың әр жеңісі һәм жетістігі халық жадында. Әлбетте, жеңіс пен жеңілістің қабаттасып жүретіні белгілі. Десе де, спортшылардың жеңілсе қолын бір сілтеп жөнімен кетпей, ердің ерлігіне салып көтере білуінің өзі көңілді қуантады. Ал, жеңіске жетіп, көптің ықыласына бөленіп үлгергендердің «жеңімпазбын» деп дүниені жалпағынан басып, кеуде көтермейтіні қандай ғажап?! Жеңістен кейінгі күйін көргенде атақты ойлап аласұрғанын емес, ел сенімін ақтай алғаны үшін қуанғаны жүздерінен-ақ көрініп тұрады. Олай болса, Сыр спортшыларының сүйіншілеп жеткізетін қуанышты хабары көбейе бергей.