Kyzylorda-news.kz Ермахан Ибраимов өзін Парижге апармағанына өкпеледі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы Олимпиадаларға белгілі спорт ардагерлерін, чемпиондарды апарып тұратын. Осы жолы Париж Олимпиадасына елдегі спорт шенеуніктері жанкүйер ретінде ешкімді ерткен жоқ. Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов мұның дұрыс болмағанын айтып отыр. Ол Barys Media Youtube-арнасына берген сұқбатында осы туралы базынасын жеткізді.
«Негізі бойтұмарды қажет ететіндер табылмай қалған шығар. Мен бірнеше рет айттым, ымдап та білдірдім. Министрліктен әлде спорт комитетінен қателік кетті ме, әйтеуір қол бұлғап, «хатты жібереміз» деді де кете барды. Бір сөзбен айтқан кезде бізді керек қылмады. Бойтұмарды қажет етпеген шығар. Кезінде министрлікті басқарып отырған Темірхан Досмұхамбетов, Аманша Ақпаев ағаларымыз міндетті түрде Олимпиадаға Жақсылық Үшкемпіров ағамызды алып алатын. Ол бізге рух беріп, көтермелеп, «жарайсыңдар, жігіттер» деп қолдап жүретін. Команданың көбісі қазақтар болғандықтан бойына күш-қуат беретін жақсы сөзді қазақша естігісі келеді. Былайша айтқанда, олар «жеңіс бойтұмарын» Қазақстанда қалдырып кеткен сияқты», - деді Олимпиада чемпионы.
Айта кетейік, Франция астанасы Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына бокстан Қазақстанның ерлер құрамасынан 7 спортшы бақ сынап, тек 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Нұрбек Оралбай ғана күміс медаль еншіледі. Қыздардан 50 келіде жұдырықтасқан Назым Қызайбай қола жүлде алды.
Фото: arena.olimpbet.kz