Kyzylorda-news.kz. Денсаулығы мықты адам қай қоғамға да мол пайда әкелетіні сөзсіз. Ал денсаулықты сақтаудың бірден-бір жолы – спортпен шұғылдану екені барлығына белгілі. Сондықтан да еліміздің спорт саласына, әсіресе ауыл спортына баса назар аударылып, дене шынықтырумен шұғылданатын азаматтарға барлық жағдай жасалып жатыр.
Осы орайда, Жалағаш ауданындағы «Наркескен» спорт клубының аталған саланың дамуында атқарып жатқан еңбегіне оң баға беруге болады. Республикалық талай додаларда спорттың қай түрінен болсын өңір спортшылары оқ бойы озып, шашасына шаң жұқтырмай келген өрен жүйріктерді баулып отырған бұл клубтың бүгінгі жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Әрине, бұл өңір спортында соңғы жылдары айтарлықтай серпін қалыптасқанын аңғартады. Аудан мерейін үстем етіп жүрген спортшыларды тәрбиелеп отырған «Наркескен» спорт клубының директоры Ғалымжан Ержанов атқарылған жұмыстар мен жетістіктер жайлы былай дейді.
Биыл аудандағы аталған спорт клубына 10 жыл толып отыр екен. Осынша уақытта бұл ұжым жастарды шыңдап, олардан білікті, тәжірибелі спортшылар қалыптастырды. Спорт клубы 10 жылдық мерейтойға арнап екі спорт түрінен аудандық турнир өткізді. Оған 500-ге жуық спортшы мен бірнеше команда қатысып, өзара бақ сынасқан.
Сайыстың бірінші күні нәзік-жандылардан құралған бірнеше команда волейболдан бақ сынаса. гір спортынан Жалағаштың жігіттері өзара мықтыны анықтапты.
Әйелдер арасында 9 команда қатысқан волейболдан аудандық турнир де тартысты өткен. 3 топтан айқын басымдықпен алға озған кент пен Еңбек, Таң ауылының спортшылары келесі кезеңге шығып, ақтық мәреде кенттің нәзік-жандыларынан құралған «Жалағаш жастары» жеңімпаз болса, екінші орынға Еңбек ауылының спортшылары тұрақтаған. Ал Таң ауылының спортшылары үздік үштікті түйіндеді.
Гір спортына ауданнан 14 адам қатысты. Бірінші болып серпе көтеруден күш сынаған Азамат Зауребаев 32 келілік екі гір тасын 50 мәрте көтерді. Ал Бұқарбай батыр ауылының екінші спортшысы Ислам Мәжиев жерлесінен 1 ұпай кем түсті. Мұнан кейінгі 9 спортшы да Азамат Зауребаевтың алдына шыға алған жоқ. Бұл сайыста алғашқы екі орынды батыр атындағы ауылдың қос жігіті өзара бөліссе, үздік үштікті Дәуімбай елді мекеніндегі З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің намысын қорғаған Ақмырза Мырзаш түйіндеді.
201 мектеп-лицейінде шахматтан аудандық турнир деөтті. 22 адам қатысқан ой шеберлерінің сайысы 5 турдан тұрады. 10 сағатқа ұласқан тартысты бәсекеде үздік үштікті Ақсу ауылынан келген Ғабит Мақсұмов түйіндеді. Ол бұл сайыста 5 кездесу өткізіп, екеуінде есе жіберсе, үшеуінен басым түсті. Ал екінші орынға жайғасқан Таң ауылының тұрғыны Мұхамедәли Мұратбекұлы 5 кездесудің төртеуінде жеңіске жетіп, бір ғана қарсыласына есе жіберді. Жарыстың жеңімпазы, Бұқарбай батыр ауылының тумасы Гаухар Жұмабаева қарсылас шақ келтірмеді.
Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде өткен тартысқа толы сайыста 10 команда баскетболдан бақ сынады. «А» тобынан дара шапқан «Ақсу» мен «31 мектеп-гимназиясы» командасы келесі кезеңге жолдама алса, «Б» тобынан «Наркескен» мен «Ақарық» командасы алға озды.
Жартылай финалда «Наркескен» мен «31 мектеп-гимназиясы» командасы тең түсіп, төреші 6 минут қосымша уақыт белгіледі. Доданың бұл кезеңінде басым болған мерейтой иелері ақтық мәреге жолдама алды. Ал «Ақарық» пен «Ақсу» командалары арасындағы сайыста батыр атындағы ауылдық жігіттері қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.
Осылайша, бұл турнирдің финалында «Наркескен» мен «Ақарық» командалары жүздесті. Ақтық мәреде аз ғана ұпаймен мерейтой иелерінің бағы басым болды.
№201 мектеп-лицейінде дәл осы спорт түрінен нәзікжандылардан құралған бірнеше команда бақ сынаған болатын. Нәтижесінде үшінші орынға «Қаракеткен» командасы қол жеткізді. Ал екінші орынға сайыс қорытындысымен кент орталығындағы №123 мектеп-лицейі ұжымынан құралған команда лайық деп танылды. Жарыстың бас бәйгесі «Ақсу» командасына бұйырды.
№202 орта мектепте жалағаштық жігіттерден құралған 13 команда волейболдан сынға түсті. Екі топтан келесі кезеңге «№123 мектеп-лицейі», «Еңбек», «Наркескен», «№202 орта мектеп» және №123 мектеп-лицейінің жастарынан құралған командалар шықты. Сайыстың бас бәйгесі «Еңбек» командасына бұйырды. Ал екінші орынға Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің жастары жайғасса, үздік үштікті мерейтой иелері түйіндеді.
«Наркескен» спорт клубының 10 жылдығына арналған шарада бірнеше ұлттық спорт түрінен тартысты турнир өтті. Солардың қатарында «Асық ату» мен «Бес асық» та бар. «Асық атуға» ауданнан барлығы 15 спортшы қатысып, бас бәйге Есет батыр ауылының намысын қорғаған Шынболат Теміржанға бұйырды. Ал екінші орынға жаңаталаптық Нұрлан Дүбірбаев жайғасса, үздік үштікті дәл осы ауылдан келген Өркен Серікбай түйіндеді.
«Бес асыққа» да барлығы 15 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысымен бірінші орынға кент тұрғыны Марал Айтпанова ие болды. Ал екінші орын Мәдениеттен келген Гүлдана Қаппароваға бұырса, үшінші орынға кент тұрғыны Алтыншаш Әбжаппарова жайғасты.
12 команда қатысқан арқан тартыста ақсулықтардың мерейі үстем болды. Ал екінші орынға «Наркескен» спорт клубы жайғасса, үздік үштікке Жаңаталап ауылының спортшылары жайғасты.
Күні кеше 10 жылдық мерейтойға арналған дүбірлі додалар қазақ күресімен қорытындыланды. Палуандар бәйгесінде екі салмақ бойынша 36 спортшы күш сынасты. Алдымен 80 келі салмақтағы палуандар бозкілемде өзара мықтыны анықтады. Бұл салмақта бас бәйге жалағаштық Ақылбек Серікке бұйырды. Ал екінші орынға қармақшылық Ерлан Жақсыбеков жайғасты. Үздік үштікті Мәдениет ауылының тумасы Байғали Қалдыбек түйіндеді.
100 келі салмақта 16 спортшы күш сынасып, жарыс қорытындысымен «Жалағаш барысы» атанған кент тұрғыны Жайдарбай Есеновке қарсылас шақ келмеді. Ал екінші орынға жайғасқан ақсулық Ұласқан Алпысбай бозкілемде тек ақтық мәреде қарсыласына есе жіберді. Үшінші орын аймақтың бас шаһарынан келген Саламат Жұрқабаевқа бұйырды.
Төрт күнге жалғасқан дүбірлі додалар легі осылай қорытындыланды. Жалпы жалағаштықтардың бірі іс бастаса, оған жұмыла қолдау көрсетуі дәстүрге айналған. Кеше қорытындыланған шараның да өз деңгейінде өтуіне аудандағы «Қарабура Ата-1» ШҚ төрағасы Дастан Ержанов, құрылысшы Әділет Даниял, «Сәрке батыр» ЖШС төрағасы Ерлан Оңласынов, «Ақбозтай» ШҚ төрағасы Абай Боранқұлов, жеке кәсіпкер Ержан Жайлыбаев, Арман Ильясов, Нүркен Базарбай, Байтанас Төлегенов, «Мираж» ШҚ төрағасы Төрехан Бақтыбаев сынды азаматтар демеушілік етті. «Көп түкірсе, көл» деген осы.Ұлттық ойындарды жандандыру мақсатында орталық ста¬дионда жалағаштық шабандоздар ат спор¬тынан теңге ілу мен аударыспақтан сынға түсті. Алдымен теңге ілуден өзара мықтыны анықтаған шабандоздар бақ сынап, бабы мен бағы қатар шапқан жігіттер жүлделі орындарға жайғасты.
11 шабандоз жүлдеге таласқан ұлттық спорттың бұл түрінде Аққұм ауылының тумасы Нұрхан Досбол қарсылас шақ келтірмеді. Ал екінші орынды қанағат тұтқан ақсулық Бақытбек Айтмағанбет 14,34 секундта 2 теңге ілді. Үздік үштікті қорытындылаған аққұмдық тағы бір спортшы Қайыржан Сағатбек 17 секундта 1 теңге ілді.
Аударыспақтан 3 салмақта өткен шабандоздар мен палуандар бәйгесінде алдымен 70 келі салмақтағы 7 спортшы өзара мықтыны анықтады. Бұл додада аққұмдық Мақсұт Тұрмахан 6 кездесу өткізіп, барлық қарсыласын аттан аударды. Ал екінші орынға жайғасқан оның жерлесі Ғаламат Әуесбай 6 кездесудің бесеуінде жеңіске жетіп, бір ғана қарсыласына есе жіберді. Үшінші орынға ие болған Аққұм ауылының тағы бір тумасы Димаш Шәкір 4 рет жеңіске жетіп, 2 рет қарсыласының бағы басым болды.
Ал 80 келі салмақта 6 спортшы бақ сынады. Тартысты додада үздік үштікті түйін¬деген аққұмдық Әлфараби Өміртай 5 кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, екі рет қарсыласына есе жіберді. Екінші орынға жайғасқан Жаңадария ауылының тумасы Айбатыр Шоқан 4 рет жеңіске жетіп, біреуінде қарсыласына жол берді. Жарыстың бас бәйгесі Аққұмның намысын қорғаған Бағдат Үдербайға бұйырды. Бұл додада оған қарсылас шақ келмеді.
Жарыстың бұл түрінде көрерменге шабыт сыйлаған 90 келі салмақтағы шабандоздар мен палуандар арасындағы дода болды. Бұл салмақта аударыспаққа 6 адам қатысып, бас бәйгені Бұқарбай батыр ауылының спортшысы Бөгенбай Таңсықбай еншіледі. Ал 4 мәрте жеңіске жетіп, 1 рет қарсыласына жол берген аққұмдық Ерұлан Қуанышбайға екінші орын бұйырды. Үздік үштікті Бұқарбай батыр ауылының тағы бір тумасы Нұрсұлтан Таңқай түйіндеді. Ол бұл бәсекеде 3 рет қарсыласын аттан аударса, екі мәрте өзі де тақым суытты.
«Наркескен» спорт клубында шараның екінші күні білектілер өзара мықтыны анықтады. 2 салмақ бойынша өрбіген қол күресте алдымен 75 келі салмақта 17 спортшы күш сынасты. Сайыс қорытындысымен бас бәйге Андрей Бекзатқа бұйырды. Мәдениеттіің намысын қорғаған бұл спортшы 5 кездесудің барлығында қарсыласынан басым түсті. Ал екінші орынға жайғасқан Айдос Қойтбаев ақтық мәреге дейін 4 кездесу өткізіп, финалда қарсыласына есе жіберді. Үздік үштікті түйін¬деген Бақытжан Қуанышбек қорытынды орын үшін таласта кент спортшысынан басым түсті.
75 келіден жоғары салмақта дәл осы спорт түрінен 18 азамат өзара мықтыны анықтады. Білектілер бәйгесінде қарсылас шақ келтірмеген Ерлан Жақсылық жарыс жеңімпазы атанды. Ал екінші орынға жайғасқан Алмат Тажмахан ақтық мәреге дейін 4 кездесу өткізіп, барлығын да жеңіспен қорытындылады. Үздік үштіктен үмітті Нұрсейіт Қуанышбеков пен Нұрлан Сенбеков арасындағы бәсекеде Мырзабай ахун ауылының спортшысы Нұрсейіт Қуанышбековтың мерейі үстем болды.
Футзалдан жалағаштық аяқдоп шеберлерінің де жетістіктері жетерлік. Оған кешегі мерейтойда көз жеткіздік деуге болады. 16 команда қатысқан тартысты бәсеке 2 күнге жалғасты. Бірінші күні 4 топтан 8 команда келесі кезеңге жолдама алды. Бірінші күні алғашқы ойын «Таң» мен «Сұңқар» командалары арасында өрбіді. Кенттің жігіттерінен құралған «Сұңқар» ә дегеннен қарсыласының адымын аштырмады. Өз қақпасына 3 гол соқтырған ауыл жігіттері ойын соңында жұбаныш голын соғып, кездесу 1:3 есебімен қорытындыланды. Мұнан кейін қос команда алаңды «Ақарық» пен «Мақпалкөл» командаларына босатып берді. Бұл кездесу 2:2 есебімен қорытындыланып, қос команда 1 ұпайды қанағат тұтты.
«Адия» мен «Аққұм» командалары ара¬сын¬дағы ойында да қақпаға тоғытылған гол саны көп болды. Мұнда «Адияның» аяқдоп шеберлері қарсыласын 8:1 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Ал «Ақсу» мен «Жастар» командасы арасындағы ойында аудан іргесіндегі ауылдың аяқдоп шеберлері 4:0 есебімен жеңіске жетті. Кешке дейін «Аққыр» мен «Еңбек», «Өрт сөндіру бөлімі» мен «Қара¬кеткен», «М.Шәменов» пен «Бұқарбай батыр», «Мәдениет» пен «Жаңадария» командалары өзара мықтыны анықтады.
4 топтан келесі кезеңге 8 команда жолдама алды. Келесі күні алғашқы ойын «Сұңқар» мен «Қаракеткен» командалары арасында өрбіді. Бұл кездесуде 4:9 есебімен қаракеткендік жігіттер жеңіске жетті. Ал «Өрт сөндіру бөлімі» мен «Ақарық» командалары арасындағы ойында қос команда тең тарқасты. Мұнан кейін аяқдоп шеберлері 7 метрлік айып добы арқылы келесі кезеңнің жолдамасын сарапқа салды. 2:3 есебімен Есет батыр ауылы жігіттерінің бағы басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.
«Ақсу» мен «Мәдениет» командаларының кездесуінде ақсулықтар қарсыласының қақпасына жауапсыз екі гол тоғытты. «Бұқарбай батыр» мен «Жастар» командасы арасындағы кездесуде жалағаштық жастардың бағы басым болды. Қақпасында 4 мәрте доп тулаған батыр атындағы ауыл жігіттері жұбаныш голын соғумен шектелді.
Жартылай финал, 4 команда, «Қаракеткен», «Ақарық», «Ақсу» және «Жастар» командасы. Алдымен алаңға «Қаракеткен» мен «Ақарық» командалары шықты. Жартылай финалда қаракеткендік жігіттер қарсыласының адымын аштырмады. Қақпасында 9 мәрте доп тулаған «Ақарық» командасы жұбаныш голын соғумен шектелді.
Ал «Ақсу» мен «Жастар» командасы арасындағы кездесу драмаға толы ойын болды. Десе де бағы мен бабы қатар шапқан «Ақсу» 3:2 есебімен жеңіске жетіп, ақтық мәреге жолдама алды. Осылайша финалда «Қаракеткен» «Ақсумен» кездесті. Қарсыласының қақпасына жауапсыз 2 гол соққан Қаракеткен жігіттері турнир жеңімпазы атанды. Ал үздік үштікке үмітті «Жастар» мен «Ақарық» командалары арасындағы ойында 4:1 есебімен Жалағаш жастары жеңіске жетті.
Спорт – қай заманда да, қай қоғамда да шекарасы шектеусіз, ел мен елді, ұлт пен ұлтты жақындастыратын бейбітшілік ойыны. Қазір өңірде аталған салада саңлақтар қатары артып, әлемдік додаларға көптеп қатысатындай деңгейге жетті. Бүгінде әр ауылда, әр ұжымда спорт алаңдары бар. Жалағаш ауданының өзінде спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүм¬кіндік беретін 150 нысан болса, олардың 29-ы спорт зал. Ол ғимараттарда бүгінде 110-ға жуық сала маманы еңбек етеді. Аудандағы 2 спорт мектебінде 1592 баланың қалаған спорт түрімен айналысуына мүмкіндік туып отыр.
Спортшыларды шыңдау мақсатында биылдың өзінде Жалағашта 7 облыстық, 2 аудандық жарыс өтіпті. Жергілікті спортшылардың үлкен додаларда топ жарып, ел намысын қорғап жүрген Тынарбай Тілеген, Мадияр Айдосұлы, Ерасыл Әубәкір, Абдулхасан Сейтенов, Ислам Мәжиев, Қайсар Төлеген, Әсел Бейсенбай, Арайлым Оразбай, Ақылбек Серік, Алсина Жұмабек, Қарлығаш Алтынбек, Перизат Сейітмұраттың есімдері құрметке ие.
Сонымен қатар, 1-3 желтоқсан аралығында Астанада өткен «Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына» атты республикалық конференцияда «Наркескен» спорт клубының Бұқарбай батыр ауылындағы спорт нұсқаушысы Азамат Зәуребаев «2022 жылғы ең үздік спорт нұсқаушысы» номинациясымен марапатталды.
Иә, республикалық дене шынықтыру және спорт бойынша оқу әдістемелік және талдау орталығының ұйымдастыруы мен бірінші рет өткен конференцияда жалағаштық спорт нұсқаушысына номинацияны сала министрі Дәурен Абаевтың өзі табыстаған.