Kyzylorda-news.kz. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай білім бөлімінің кубогы үшін өткен талас мәресіне жетті. 4 топқа бөлінген 20-ға жуық команда шебер ойын өрнегін салды. 

Сайыс қорытындысы бойынша №104 мектеп ұстаздарынан құралған жанкенттіктер турнир жеңімпазы атанды. Күміс алқаны аудандық білім бөлімінің жігіттері қанжығаға басса, Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің мұғалімдері мойындарына қоладан алқа тағынды. 

Таңнан кешке дейін созылған кіші футбол жарысындағы төрешілер шешіміне сәйкес, турнирдің «Үздік ойыншысы» номинациясы 
білім бөлімінің сарапшысы Ринат Әбдіқалыққа бұйырды. «Үздік сұрмерген» бағамын №104 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Сырым Бегилдинов, «Үздік қақпашы» аудандық білім бөлімінің әдіскері Ержан Төлегенов, «Үздік қорғаушы» №70 мектептің математигі Кәрімжан Нұрмағамбет, «Үздік төреші» атағын №95 мектептің инженер-технигі Тимур Берденқұлов еншіледі. Ал «Үздік шабуылшы» бағамы №266 мектептің математика пәні мұғалімі Тұрсын Нұрділдә, «Үздік команда жетекшісі» атағын №70 мектептің дене тәрбиесі мұғалімі Ардақ Жұмахметов жеңіп алды. 

Турнирдің жабылу салтанатында аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Әбіш Роман қатысушы командаларға алғыс білдіріп, жеңімпаздарға марапат пен қаржылай сыйлық табыстады.

Тағы да оқыңыз: