Kyzylorda-news.kz. Қарағанды облысы, Спасск оқу жаттығу орталығында Астана қаласының 25 жылдығына орай, «АЙБЫН-2023» IX Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны Сыр елі үшін сүйінші жаңалығымен келді. Кіл мықтылар бас қосқан жиында Қызылорда облысының атынан «Сыр айбыны» құрама командасы қатысып, аймақ намысын абыройлы қорғады. Бұл жолы біздің жас сарбаздар алтынды мойынға тағып, еңсемізді бір көтеріп тастады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін сайысқа еліміздің 20 өңірінен 43 команда қатысып, 645 жасөспірім алты күн бойы сынға түсті. Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекетінен әскери дайындығы мықты командалар қатысып, бақтарын сынады. Тартысты өткен додада жалпы қазақ жастары жасқанып қалмады.
«Айбын дарыны», «Айбын жұлдызы», «Смарт сарбаз» интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерімен сынға түсіп, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен бақ сында. Пневматикалық винтовкамен жатып нысана ату, АК-74 оқу қаруын жартылай бөлшектеу/жинақтау, жалпы әскери қорғаныш жиытығын уақытқа кию, әскерилендірілген эстафета, кермеде тартылу, шалқалап жатып денені көтеру және арқан тарту сынды нормативтерді орындады. Сонымен бірге қазақтың ұлттық ойындарын насихаттау мақсатында тоғызқұмалақ, садақ ату сынды ойындардан бақтарын сынады.
«Сыр айбыны» құрама командасының сапында Жаңақорған ауданынан 3 оқушы болып, керемет өнер көрсетті. Олар № 164 орта мектептің 11-сынып оқушысы – Төрехан Нұрфаттаh Өтегенұлы. Жетекшісі – Ғалымжан Қошқаров. № 192 орта мектеп 11-сынып оқушысы –Шәрібек Саят Таңатбекұлы, жетекшісі – Арман Егембердиев және № 213 орта мектеп 11-сынып оқушысы,“Сыр айбыны” командасының командирі Сайдбаттал Мұхаммедхан Әбдіқадырұлы, жетекшісі – Ербол Бекаев.
– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Дайындығымыз да жақсы болды, соның жемісін көрсеттік. Бұл жеңіс тек жерлестердің емес, жалпы қазақ елінің ортақ жеңісі. Алла бұйырса бұдан да биіктерден көрінуге ниеттіміз. Ең бастысы, осы спорттық әлеуетімізден алыстап кетпесек болғаны. Біз болашақта елдің ертеңін күзетіп, тыныштығын түгендейтін сарбаз болып қалыптасамыз. Ағайларға, қолдау көрсеткен жандарға мың алғыс, – деді Мұхаммедхан Әбдіқадырұлы.
Иә, жыл сайын бұл жас сарбаздар бәсекесінің әлеуеті артып, мықты командалар қалыптасып келеді. Бұл елдің өскелең жастарының ертеңін көрсетіп, жастарға шабыт беретін дәстүр. Сонымен бір аптаға жалғасқан жарыста жыл сайын жүлделі орынды қанжығаларына байлайтын қызылордалық жас сарбаздар биыл да ұстаздарының мерейін өсіріп, жалпы командалық есепте «Сыр айбыны» құрама командасы жүлделі І-орынға ие болып чемпион атанды.