Kyzylorda-news. Жалпы, өзге өңірде жалағаштықтар түрлі жарыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жатса, іштей «спорт саласынан шығар» деп отырамыз. Олай ойлауға да негіз жоқ емес. Себебі соңғы жылдары аталған саладағы саңлақтарымыз елдің намысын қорғауда абырой биігінен аласарған емес. Иә, спорт саласындағы кез келген жетістіктің түбін түртсең, оған басты себеп үлкен ізденіс пен мықты бапкер екенін аңғару қиын емес. Міне, біз де Жалағаш ауданындағы салада қалыптасқан серпінді білікті бапкерлер мен спорт нұсқаушылардың еселі еңбегімен байланыстырамыз.
Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр ауылында Азамат Зәуребаев деген спорт нұсқаушы бар. Оның есімі де, еңбегі де еліне етене таныс болатын. Былтыр жыл аяғында Астанада өткен «Ауыл алаңынан – олимпиада тұғырына» атты республикалық конференцияда Жалағаш ауданындағы «Наркескен» спорт клубының Бұқарбай батыр ауылындағы спорт нұсқаушысы «Ең үздік спорт нұсқаушысы» номинациясымен марапатталған. Содан бері оның есімі елімізге таныла бастады. Алайда «Ол мұндай жетістікке жетуі үшін нендей іс тындырды?» деген сауал кез келген адамның көкейінде болуы әбден мүмкін. Бүгін кейіпкеріміздің біркүндік жұмысымен танысып, өзімен сұхбат құруымыздың да басты мақсаты осы сауалдың түйінін тарқату болатын.
Иә, республикалық дене шынықтыру және спорт бойынша оқу әдістемелік және талдау орталығының ұйымдастыруымен бірінші рет өткен конференцияда жер-лесімізге бұл номинацияны сала министрі табыстаған. Осындай жетістікке жетуі үшін Азамат салаға қандай еңбек сіңірді? Осы сауалдың жауабына көз жеткізу үшін батыр атындағы ауылдағы аудан мақтанышымен байланысқа шықтық. Мақсат – бұл номинацияның жалағаштық спорт нұсқаушы лайықты иесі ме, осы сауалдың түйінін тарқату. Азаматтың аузын бақсақ, расында Бұқарбай батырда спорт саласы бойынша жетістік мол екен.
Кент іргесіндегі ауылдық округте 6 жастан зейнет жасына дейін 180 адам бұқаралық спортты өзіне серік етеді. Ал қазір дәл осы елді мекеннен шыққан саңлақтардың аудан, облыс, қалаберді ел мерейін үстем етуде жеткен жетістігін тізе берсек, тарқатып жазар дүние көп. Бірақ мұның бәрінде Азамат Зәуребаевтың қолтаңбасы барын ешкім жоққа шығара алмайды.
Ауылдастары оның бұл салада қажырлы еңбек етіп, жастарды спортқа баулудағы жұмысында жүйе барын жасырмайды.
Азамат Таңсықбайұлы аталған ауылда «Наркескен» спорт клубының 2014 жылдан бері спорт нұсқаушысы болып жұмыс жасап келеді. Сол уақыттан бері ол қаншама спорт түрінен команда шығарды, жекелеген спортшылар дайындады. Бастысы, бүгінде батыр атындағы ауылда салаға қадам басқан жастар жеңіс тұғырынан жиі бой көрсетіп жүр. Командалық сайыста да үлкен додаларда ауданның мерейін үстем еткен Бұқарбай батырлық спортшылар жетіп артылады.
– Еңбек еленіп жатса, қай саланың өкіліне де бұл шабыт болары анық. Бүгін соған тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмын. Министрдің қолынан былтыр үздік нұсқаушы деген номинацияны алғанмын. Бүгін сіздер менің жетістігім жайында материал дайындауға келіп отырсыздар, мұның өзі мен үшін үлкен жетістік деп білемін. Әрине салада еткен азды-көпті еңбегімді көріп, бұл марапатқа мені лайық деп тапқан шығар. Бірақ мен бұл атаққа тоқмейілсіп қалмаймын. Керісінше бұл менің алдағы жұмысыма шабыт береді. Ол жиын тек сала саңлақтарын марапаттаумен шектелген жоқ. Келелі басқосуда ел спортын әлі де ширатуға не кедергі, осы сауалдың түйіні тарқатылып, бірқатар мәселе ой елегінен өтті. Мәселен, жарыстарға спортшы алып баруда спорт нұсқаушылардың басты мәселесіне айналған көлік мәселесі де кеңесте көтерілді. Мұнан бөлек спорт нұсқаушылардың жалақысының төмендігі де тілге тиек етілді. Конференция өте жоғары деңгейде өтті. Саладағы мәселелер сарапқа салынатын осындай жиындардың арқасында бірқатар кедергілер жойылды деп ойлаймын. Ауылда спорт саласының дамуы жаман емес. Бұл жолда шама-шарқымызша жұмыс жасап келеміз. Бастысы, жүйелі жұмысымыз жемісін беріп жатыр. Әлі де бұл саланың серпін алуы жолында аянып қалмаймын. Оған «Наркескен» спорт клубының басшысы тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Ғалымжан Ержанов келгелі біршама түйткілді мәселелеріміз шешімін тауып жатыр. Басшылық тарапынан осындай қолдау барда біз де ауыл спортын дамытуда аянып қалмаймыз, – дейді Азамат Зәуребаев.
8 жыл деген аз уақыт емес, әрине. Тәуелсіздіктің төл құрдасы Бұқарбай батырда 2014 жылдан бері спорт нұсқаушы екен. Осынша уақытта «Наркескен» спорт клубының ауылдағы өкілі нендей іс тындырды, ауыл спортының дамуына тың серпін бере алды ма? Осы сауалдардың түйінін тарқату үшін Азамат еңбек еткен жылдары ауылдағы спорттың даму қарқынына үңілдік. Тарқатайық…Азаматтың өзі – негізінен гір спортынан облыс чемпионы. Шәкірттерінің бірі Ислам Мәжиев – аталған спорт түрінен ҚР біріншілігінің қола жүлдегері және Азия-ның күміс жүлдегері. Осыдан-ақ оның шәкірттерінің байрақты бәсекелерде де ел мерейін үстем етіп жатқанын айқын аңғарамыз.
Иә, «Наркескен» спорт клубының ауылдағы өкілі негізінен гір спортына бейім. Бірақ ауылда спорттың барлық түрінің дамуына жауапты. Бойдағы қарым-қабілеті мен табандылығының арқасында ол артылған сенім үдесінен шығып келеді. Мәселен, батыр атындағы ауылда Азамат Таңсықбайұлы жасақтаған команда бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спартакиадада жүзуден көш бастады.
Дәл осы спартакиадада мылтық атудан ауыл командасы 1 рет чемпион атанса, 4 мәрте жүлделі орындардан төбе көрсетті. Ал көкпардың, жалпы ұлттық спорттың бұл ауылда қарқынды дамығанын аудан халқы жоққа шығармайды. Былтыр Қазалыда өткен ауыл спортшыларының спартакиадасына бар¬ған аудан құрамасының басым бөлігін осы Бұқарбай батырлық шабандоздар құрап отыр және олар аталған ұлттық спорт түрінен күміс жүлдені қоржынға салды. Облыстық спартакиадада шахматтан қарсылас шақ келтірмеген Гаухар Жұмабаева да азаматтың шәкірті. Бапкері бұл шәкіртінің әлі талай додада топ жаратынына сенеді.