Kyzylorda-news. Жалағаш ауданның жеңіл атлетикадан үлкен додаларда топ жарып жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі – аудан мақтанышы Дінмұхаммед Смағұл. Ол былтыр да жеңіл атлетиканың 23 түрінен өткен ел біріншілігінде топ жарып, аймақтың абыройын асқақтатқан болатын. Осылайша жалағаштың алдыңғылардан болып, жетістік шыңынан көрінуін басты мақсат тұтқан және осы жолда үнемі дайындық үстінде жүретін жас спортшы мұнан кейін үлкен додаларда бақ сынап, аймақтың мерейін үстем етті.

2005 жылы Жалағаш кентінде дүниеге келген Дінмұхаммед аудандағы №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебіне 13 жасында қабылданыпты. Содан бері спортпен шұғылданып жүрген жас қазір жеңіл ат¬летика, оның ішінде найза лақтырудан жаттығып, дүбірлі додаларда сынға түсіп келе¬ді. Жас спортшы бұған дейін облыстық жарыстарды айтпағанның өзінде, республикалық турнирде 3 дүркін жүлдегер, оқушылар гимназадиясында күміс жүлдегер атанып үлгерген. 

– Жастайымнан салауатты өмір салтын ұстануды қаладым және осы жолда, яғни спортқа келгеніме еш өкінбеймін. Керісінше бос уақытымды тиімді пайдаланып, тіпті барлық күш-жігерімді спортқа арнап жүргеніме қуанамын. Жаттықтырушымның еңбегінің нәтижесінде, ата-анамның қолдауының арқасында талай жетістікке де жеттім, – деген жас спортшының бапкері де осал адам емес екен. 

Кезінде атымен де, абыройымен де көпке танылған, көзі тірісінде Жалағашта жеңіл атлетикадан талай жампоздарды шыңдаған Мақсат Қарақұловтың баласы Жандос Қарақұлов кейіпкеріміздің бапкері екен. Мақсат ағамыз кезінде ауылдағы таланттардың тасада қалмауына көптеп көңіл бөлген деседі. Қазір оның ізін жалғаған баласы да спортқа ынтасы бар ауыл балаларын тәрбиелеуде үлкен жауапкершілікті арқалап жүр екен. 

– Біз баулыған спортшылардың үздіктер қатарынан көрінуі еңбектің еленгені деп білемін. Әрине, жарыс болған соң, жеңіс те болады, жеңіліс те болады. Аудан спортшылары бас бәйгені емес, төменгі орынды қанағат тұтып жатса, оның өзі ауданымыз үшін үлкен жетістік деп есептеймін. Спортшыларымыз барынша жақсы өнер көрсетуге, намысты қолдан бермеуге тырысса, көштің соңында қалмасақ болды. Ал кейде кемшіліктер болып жатса, оның өзі біз үшін сабақ. Тәжірибе деуге болады. Үнемі ізденіс үстіндеміз, шынығу, жаттығу жұмыстары да жүйелі түрде өткізілуде. Сондықтан алдағы уақыттарда да топ ішінен дара шығып, үздіктер қатарынан көрінуге сеніміміз бар, – деген жаттықтырушы алдағы жарыстарға дайындық жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. 

Былтыр 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде Дінмұхаммедтің 11 баланың ішінен топ жарып, аудан намысын лайықты түрде қорғап шығуы аудандағы спорт саласының әжептәуір дамығанын дәлелдейді. 51 метр 38 см-ға найза лақтырған жалағаштық жеңіл атлетші бұл сайыста алдына жан салмапты. Ал мұнан кейінгі қос орынды түркістандық спортшылар еншілеген. Жерлесімізді сол уақыттан бері тәжірибелі бапкер Жандос Қарақұлов жат-тықтырады. 2003 жылдан бері бапкерлікті өзіне серік еткен азаматтың осыған дейін Алматыдағы ел біріншілігінде 5 шәкірті бақ сынапты. Олардың ішінде нәзікжандылар да бар. Жалағаштық өрендердің бірқатары найза лақтыруда жүлделерді сарапқа салса, қалғаны 100 метрге қысқа уақытта жүгіруде өзара мықтыны анықтаған. Нәтижесінде бір спортшы жеңіс тұғырынан көрінсе, №31 мектеп-гимназиясының түлегі Аружан Темірбек пен №202 орта мектептің оқушысы Балнұр Қалнияздың үздік үштіктен табылуына аз ғана ұпай жетпей қалған. Ал осыған дейін 100 метрге қысқа уақытта жүгіруден қазақстанда үздік ондықтан түспеген жалағаштық Расул Серік бұл додада да өз міндетін абыройлы орындапты. 

Жалпы, аудан спортшыларының, оның ішінде №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінің жарыстарға дайындығында, жаттықтырушылар тарапынан жасалатын жұмыстың жүйесінде тілге тиек етіп айтар тұсы көп-ақ. Ал Дінмұхаммедтің бапкері Жандос Қарақұлов шәкіртімен мұнан да үлкен додаларда биік белесті бағындырарына, алдағы уақытта дәл осы спорт түрлерінен дайындықты жетілдіріп, жоғары нәтиже көрсетуге жұмыс жасайтынын айтты. 

Сыр елі, оның ішінде Жалағаш өңірінен талай тарландар мен таланттар шық-қаны белгілі. Табиғат бойына күш-қуат, талант берген ұл-қыздарымен туған жердің мәртебесі қашанда биік. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»  дегендей, жарыс болған соң жеңіс те болады, жеңіліс те болады. Бірақ кім де болса жарысқа жеңемін деп барады. Ал спорт саңлақтарының бойында сондай «жеңемін» деген ішкі арман-мұраты мықты болса, жеңіс тұғырына көтерілетіні анық.

Тағы да оқыңыз: