Kyzylorda-news.kz. Спорт адам өмірінің бір бөлшегі. Сондықтан спортпен шұғылдану ісі жеке адамдар үшін ғана емес, жалпыхалықтық сипат алуы тиіс. Спорт – өмір, спорт – денсаулық, спорт – абырой. Бүгінде Жалағаш ауданында спорт саласы жанданып келеді. Әсіресе, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығы артқан. Спорттың әр түрінен республикалық, халықаралық, әлемдік бәскелерде жоғары жетістікке жетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жеткіншектер ауданымыздың абыройы. Өзге елде өз ұлтын, халқын танытқан жеңімпаздармен біз қашанда мақтанамыз, оларды құрмет тұтамыз.         

Жуырда жас спортшыларымыздың қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінің волейболдан жаттықтырушысы Ләззат Әбдіқалықованың шәкірттері республикалық командалық жарыста жеңімпаз атанды.

Шымкент қаласында өткен қыстық чемпионатта жалағаштық волейболшы қыздар облыс құрамасы қатарында жүлделі бірінші орынды иеленді. “Жеңімпаз атану оңай, сол тұғырды ұстап қалу қиын” демекші, волейболшы қыздар көктемгі өтетін ел біріншілігіне де тыңғылықты дайындалған. Ыждағаттылық пен еңбектің арқасында Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Өскемен қаласында волейболдан өткен 2010-2011 жылдары аралығындағы қыздар арасында көктемгі ел біріншілігінде Ақпейіл Маратқызы мен Назым Қанибай аймақ құрамасы қатарында өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Осылайша өңіріміздің қайсар қыздары Сыр елінің мерейін тағы бір мәрте үстем етті. 

Аталған жарыста республиканың түк¬пір-түкпкірінен келген 21 команда бақ сынаған. Волейболдан облыстың құра¬масына ену оңай шаруа емес секілді. Ол үшін спортшы бірнеше жарыста бой көрсетіп, әдемі ойын мен чемпиондық мінезді көрсету керек. Ақпейіл мен Назым да өткен жылы күзде облыс құрама бапкерінің шақыртуымен команданың бірлескен жаттығуына қатысыпты. Содан бері жеңімпаз қос қарындасымыз бірде-бір жарысты қалдырмай қатысып, қысқа уақыттың ішінде мол тәжірибе жинақтаған. 

Жалпы, бұл спорт түрінен ел біріншілігі жылына 4 рет, яғни әр мезгіл сайын өтіп тұрады. Осылайша күзде Хромтау қаласында өткен республикалық жарыста Ақпейіл мен Назым бірінші рет облыстық команда қатарында ойнап, бесінші орынды місе тұтқан. Иә, жаттықтырушы да, спортшы қыздар да жеңістің оңай жолмен келмейтінін жақсы түсінеді.

– Жарысқа барысында спортшыларымыз барын салып, терін төкті. Әрине, республиканың түкпір-түкпірінен жиналған қарсыластар осал емес. Бәрінің мақсаты – чемпион болу. Сондықтан өрендерге жеңіс оңай келмеді, – дейді білікті бапкер Ләззат Әбдіқалықова. 

Иә, жиырма жылдан аса уақыт жаттықтырушы болып еңбек етіп келе жатқан Ләззат ауданымызда бірнеше қайсар да қабілетті спортшы қыздарды, чемпиондарды тәрбиелеп, аудан спортының дамуына елеулі үлес қосып келеді. 

«Шүкір, ауданымыз мықты спортшылардан кенде емес. Спорттың тілімен айтсақ, өсіп келе жатқан жүйріктерге тәртіп пен төзімділік керек. Оның барлығы үйдегі ата-ана мен мектептегі ұстазды сыйлаудан басталады. Оған спортта жүрген бапкерлерді де қоса аламыз. Әрбір жаттықтырушы шәкіртінің жаман болғанын қаламайды, ерсі қылық жасауына жол бермейді. Сосын әрбір спортшы алдына мақсат қойып, әрдайым өзін бабында ұстап, бос уақытты құр өткізбей, жаттығу жасап, залда болуы қажет. Өйткені барлық жетістік, жеңіс төккен тердің, еткен еңбектің арқасында келеді. Санадағы қорқынышты сылып тастап, психологиялық тұрғыдан мықты болуы шарт. Сонда ғана барлығы оңынан болады. Айналып келгенде жаттықтырушымен тығыз байланыста болып, берілген тапсырманы артығымен орындау қажет. Соның барлығы тәртіппен келеді. Көріп тұрғаныңыздай, бүгінде еңбегім елеусіз емес, жетістігіміз жетерлік, шәкірттерім жүлдемен оралып жүр», – дейді Ләззат Әбдіқалықова.

Айта кетейік, 2019 жылы Жаңақорғанда өткен 2006-2007 жылғы жасөспірімдер арасындағы сайыста воллейболшы қыздар үздік үштікке ілінді. Ал, Ақерке деген шәкірті облыс құрамасына еніп, Петропавл қаласындағы республикалық жарысқа қатысып, жүлделі орынға ие болған. Сондай-ақ былтыр Талдықорған қаласында өткен ауыл жасөспірімдерінің ойындарында облыс құрамасына енген шәкірті Нұрсұлу Мырзаш та жүлделі І орынды иеленген. Осылайша Нұрсұлу спорт шеберіне кандидат дәрежесін қорғап, аудан тарихында волейболдан бірінші рет осындай үлкен жетістікке жеткен қыздың бірі болды. Ақпейіл мен Назым да жеңімпаз апаларының жолымен жүруді мақсат етіп, еліміздің көк туын әлемдік додаларда желбіретуді көздейді.

Айта кетейік, бүгінде болашағынан үлкен үміт күтіп отырған Ақпейіл Маратқызы №202 орта мектептің, ал Назым Қанибай 246 орта мектептің озат оқушылары. Жеңімпаз қыздар тек спортта ғана емес, мектеп қабырғасында да түрлі танымдық шараларда бой көрсетіп жүрген белсенді оқушылар қатарында екен.

Кез келген мықты спортшының артында білікті бапкер мен жанкешті жат-тықтырушы тұратыны анық. Жеңіс пен жеңілісті спортшымен бірдей көтеретін мамандар көп жағдайда көзден тасада қалып жатады. Жаттықтырушы спортшының спортқа деген алғашқы қадамын басқызып, кәсіби спорттағы жолын бағдарлап, нағыз спортшы ретінде қалыптастыруға негіз болады. Түптеп келгенде, спортшыны жеңіске де, жеңіліске де жетелейтін жаттықтырушы болып табылады. Тәлімгерлік – көзге көріне бермейтін жұмыс. Осы орайда біз таудай жауапкершілік, асыл үміт пен мықты сенімді бірдей арқалаған Ләззат Әбдіқа¬лықова мен талапты да талантты шәкірттері өңіріміздің абыройын әлі де асқақтатарына сенеміз.

Тағы да оқыңыз: