Kyzylorda-news. Спорт – ұлт саулығының кепілі. «Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді екен. Көпшілікті ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей өзіне ынтызар ететін спорттың құдіреті қашанда жоғары.
Осы тұста аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында «Темірқазық» қоғамдық бірлестігі, аудандық мәдениет және спорт бөлімі мен «Наркескен» спорт клубы және аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жалағаш ауданына қарасты ауыл жастарына бағытталған аймақтық спорттық сайыс ұйымдастырылды.
Ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, ауыл жастарының уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге, сондай-ақ достық қарым-қатынас орнату мақсатында ұйымдастырылған жарыс 3 күнге созылып, әртүрлі спорттық сайыс бойынша бақ сынасты.
Аталған спорттық шараның алғашқы күні Таң ауылынан бастау алды. Шараға аудандық «Наркескен» спорт клубы директорының орынбасары Нұрхан Исламов пен Ерхан Бертаев және аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Амандық қатысты. Шара барысында Нұржан Райсұлы өткізіліп жатқан сайыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Мұнда өткен жарысқа Таң, М.Шәменов, Ақсу, Қаракеткен мен Далдабай елді мекенінің жастары қатысты.
Спорттық шара қатысушылар арасында бұқаралық спортты дамытып, өскелең ұрпақтың спортқа, оның ішінде футболға деген қызығушылығын арттыру мақсатында шағын футболдан және әр адамның білек күші мен топтаса әрекет етуіне қарай ептілік пен төзімділікті талап ететін командалық күшті біріктіретін, қазақтың ұлттың ойындарының бірі арқан тартыстан және турникке тартылудан тұрды.
Ойын барысында ала допты жанына серік еткен спортшылар өзінің шеберліктерін көрсетіп, ерекше ептілігі мен өзгеше ойын өрнегін көрсеткен командалар жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, жалпы командалық есеп бойынша ІІІ орынды Қаракеткен ауылы, ІІ орынды Таң ауылы, жүлделі І орынды Ақсу ауылының спортшылары иеленді.Сайыстың 2-ші күні Мырзабай ахун ауылында жалғасын тапты. Жарысқа «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ербатыр Исатай қатысып, шараны ашып берді. Мырзабай ахун ауылында Мәдениет, Т.Жүргенов, Жаңаталап, Мырзабай ахун ауылдарының спорт әуесқойлары арасында сайыс тартысты өтті. Барлық сайыс түрінен сүрінбей өтіп, спорттық шеберліктерін көрсете білген спорт¬шылар кіл мықтыны анықтады. Командалық есеп бойынша ІІІ орынды Т.Жүргенов ауылы, ІІ орынды Мәдениет ауылы, І орынды Мырзабай ахун ауылының жас спорт¬шылары иеленді.
Сайыс Еңбек ауылында қорытындыланды. Спорттық шараға Еңбек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бексұлтан Тоқсанбаев қатысып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру қазіргі уақытта ең көкейкесті мәселелердің бірі екенін, спорттық шараның ауыл жастарына тигізер пайдасы мол екенін айтып, бақ сынайтын спортшыларға ақ тілегін жаудырды.Бұл ауылда өткен жарысқа Бұқарбай батыр, Аққұм, Еңбек, Есет батыр, Жаңадария ауылдарының жастары қатысты.
Жылдамдық пен табандылықты, күштілік пен ептілікті талап ететін дүбірлі додада командалық есеп бойынша ІІІ орынды Еңбек ауылы, ІІ орынды Бұқарбай батыр ауылы, І орынды Аққұм ауылы иеленіп, топ жарды.
3 күнге созылған тартысқа толы сайыстың соңғы күні «Наркескен» спорт клубы директорының орынбасары Ерхан Бертаев пен Нұрхан Исламов аудан көлемінде спорт саласын дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын тілге тиек етіп, бүгінде ауданда жастарға салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту барысында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес екенін айтып, спорттың қай түрі болсын ауданның сайыпқыран спортшылары жүлделі орындардан көрініп жүргенін жеткізді. Кіл мықтының басын қосқан аймақтық сайыста бар ынта-жігерімен жеңіске деген құлшыныстарын байқаған төрешілер жеңімпаздарды қоғамдық бірлестіктің кубок, медаль, дипломдарымен марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыстады