Kyzylorda-news.kz. Бірнеше күннен бері жалағаштықтар Әз-Наурызды сән-салтанатымен атап өтуде. Амал мерекесінен бері орталық алаңда мерекелік шаралар ұйымдастырылып, аудан тұрғындары наурыз көжеден дәм татса, жергілікті өнерпаздар ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қойылымдарына арқау етіп, қайта жаңғыртты. Енді міне, аудандық мәдениет және спорт бөліміне қарасты «Наркескен» спорт клубының ұжымы Ұлыстың Ұлы күнін тойлады. Дүбірлі тойға біз де барып, дәстүрлі құндылықтарымызбен сусындап қайттық.

Ғимарат алды ұлттық нақышта безендіріліп, киіз үй тігіліп, тіпті балаларға арналған батут құрылды. Ақ түйенің қарны жарылып, Жер-Ана бусанып, тіршілікке жан бітірген Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға жиылған жұрт қазақы құндылықтарымызды тағы бір ұлықтап, ұлттық спорт түрлерінен өткен сайысқа да қанықты. Мерекелік шарада аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ш.Қалыбаев аудандағы аталған саланың дамуына үлес қосып отырған ұжымға, спорт саңлақтарына алғыс білдіріп, Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады. 

«Бәріңізді Жер-Ананың түлеп, табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келетін Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін сүйікті мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюының негізі болды. Бұл күн мен түннің теңелген күні, молшылықтың мерекесі елімізге береке, байлығын ала келсін. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық ерекшелігі айқындалатын бұл мейрамды жыл сайын асыға күтеміз. Бір-бірімізге ақ тілек тілеп, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын деп, алдағы келер күндерден ырыс пен молшылық, береке-бірлік, татулық пен шынайы мейірімділіктің ыстық ықыласын ақтаратын да осы – Наурыз мейрамы» , – деген бөлім басшысы Шарабан Мақсұтұлы қашаннан халқымыз күн мен түннің теңелгенін жақсылыққа жорығанын атап өтті.

 Мұнан бөлек «Наркескен» спорт клубының директоры Ғалымжан Ержанов және бөлім басшысының орынбасары Еркебұлан Жамалатов та Наурыз мерекесімен құттықтап, ұйымдастырылған шараның маңызы зор екенін атап өтті. Жалпы, Наурыз мейрамы ежелден жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен берекенің арқауы болған. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғатпен байланыстырған халқымыз наурызды жақсылықтың бастауы деп білген. Сол сияқты наркескендіктер ұйымдастырған шара өзгеден ерек, нағыз қазақы салт-дәстүрді, құндылықтар мен берекелі тұрмысымызды көз алдымызға әкелді. Тігілген киіз үй, жанында меймандарға наурыз көже ұсынған қыз-келіншектер, азан-қазан көрініс, мәз-мейрам болған балалар, бәрі-бәрі жан дүниемізді жадыратып қоя берді. Меймандардың құттықтау сөзінен соң дастарханнан дәм татып, ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған сайысты тамашаладық. Мұнда жас спортшылар, балалар гір тасын көтеру, арқан тарту, ләңгі тебу мен қол күресуден сынға түсіп, кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтады. Ойынның барлығы да тартысты өтіп, соңында оза шапқан дарабоздарға түрлі дәрежедегі дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. 

Жиылған жұртшылық тіршілік жаңарып, жақсылыққа бастайтын Ұлыстың Ұлы күнінің көжесінен де ауыз тиіп, ұлттық ойындарға да куә болды. Қазан асылып, ұлттық дәм наурыз көжеден де дәм татты. Мұнан кейін мереке Аққұм ауылында жалғасты.

Тағы да оқыңыз: