Kyzylorda-news. Жалағаш ауданында соңғы жылдары спорт саласы қарқынды дамып келеді. Мұның дәлелі спортшыларымыз облыстық, республикалық, қалаберді халықаралық додаларда үздік нәтижелерді көрсетіп жүр. Бұл ретте үйірмелер мен спорт мектептері спорттың алға қадам басуына, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына себепкер болып отыр. Десе де арқаны кеңге салып отыруға тағы да болмайды. Аудандағы спорттың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған жұмыстардың мән-жайы, спортшылардың алдағы додаларға дайындықтарын қадағалауда аудандық №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінің орны ерекше.
Айтбек Сүндетбаевтың спорт саласында еңбек етіп жатқанына біраз жыл болыпты. Шама-шарқынша аудан спортын дамытуға жұмыс жасап жатқан маман бүгінде №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасайды. Ол алдағы уақытта да осы мақсатқа бар күш-жігерін, қарым-қабілетін жұмсайтынын айтады.
– Жалағаш – қазір облыста күрес спортымен танымал аудан. Тек аймақта ғана емес, байрақты бәсекелерде де дәл осы спорт түрінен талай рет бағымыз жанды. Атап айтар болсақ, ауданымыз 2019 жылдың қорытындысы бойынша облыстық рейтингте 21 спорт мектептері арасында үшінші орынға ие болды. Сол жылдың қыркүйек айында дзюдодан әлем біріншілігінде Тілеген Тынарбай қола жүлдеге ие болса, самбодан Грузияда өткен әлем біріншілігінде Оразбай Арайлым қола жүлдені жеңіп алды. 2020-2021 жылдары аралығында бәрімізге белгілі коронавирус пандемиясының салдарынан спортшылар ешқандай жарысқа шыға алмады. Ал былтыр Шымкент қаласында өткен белбеу күресінен ҚР біріншілігінде Ұласхан Алпысбай 80 келі салмақта бірінші орынды иеленіп, ҚР спорт шебері атағын алды. Сонымен қатар Астанада өткен белбеу күресінен ҚР біріншілігінде Арайлым Оразбай күміс жүлдегер атанса, самбо күресінен Семей қаласында өткен әйелдер арасында ҚР біріншілігінде екінші орынды иеленді. Белбеу күресінен Қызылорда қаласында өткен ҚР бірін¬шілігіне облыстық іріктеуде Альбина Смайл, Нұрай Тахир жүлделі орындардан көрінді. Самбодан, белбеу күресінен чемпиондар шығарып жүрген жаттықтырушы Ж.Есеновтың еңбегін ерекше айта кету керек. Ал дзюдоға тоқталатын болсақ, бұл спорт түрінен ауыз толтырып айтатын жетістіктер баршылық. Дзюдодан Астана қа¬ласында өткен ҚР біріншілігінде 60 келі салмақта Серік Нұрсұлтан үшінші орынды иеленді, жаттықтырушысы – Өмірбек Кәлменов.
Жетісу облысы талдықорған қаласында өткен ҚР IV жазғы ойындар сайысында дзюдодан жаттықтырушы Е.Көшербаев бастаған спортшыларымыз жүлделі орын-дармен оралды. Атап айтар болсақ, Р.Маншарипов екінші орын, Бейбарыс Сұлтан бірінші орын, Темірболат Ерсұлтан үшінші орын, Альбина Смайл үшінші орынды иеленді. Бокстан жүлдегерлер шығарып жүрген жаттықтырушылар Әкімбек Әмірбек пен Есжанов Нұрланның еңбектерін де айта кетейік. Бокстан Тараз қаласында өткен аймақтық біріншілікте Нұрмұрат Береке, Ақназаров Айдын үшінші орынды қанағат тұтса, ал Ақтөбе қаласында өткен ҚР чемпионатында Нұрмұрат Береке, Илиясұлы Ринат үшінші орынды жеңіп алды, – дейді ол.
Қазір мұнда республикалық додаларда өнер көрсететін спортшылар жеткілікті. Бұған дейін жеңіл атлетикадан Алматы қаласында өткен ҚР біріншілігінде жаттық-тырушы Ж.Қарақұлов бастаған жеңіл атлеттер Ларина Людмила екінші орынды, Балауса Қалнияз үшінші орынды иеленсе, Дінмұхамед Смағұл алтыннан алқа таққан. Ауыр атлетикадан да жетістік мол. Мәселен, бұған дейін спорттың бұл түрінен Атырау қаласында өткен 23 жасқа дейінгі ҚР біріншілігінде Мәди Пернебекұлы үшінші орынға ие болды. Семей қаласында өткен ҚР біріншілігінде Дияс Тұрсынбай үшінші орынға тұрақтаса, Али Медетбаев екінші орынды жеңіп, ҚР спорт шебері ата¬ғын алған. Ауыр атлеттер бүгінде «бұл жетістіктермен тоқтап қалмаймыз» дейді.
Осы спорт түрінен 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасынан Түркістан қаласында өткен ҚР жазғы біріншілігінде облыс құрамасы сапында Марат Төлеген мен Дәулет Талғатұлы жүлделі бірінші орынды иемденді. Мектепте таеквондодан үйірме өз жұмысын жасап тұр, жаттықтырушысы – М.Рахметов. Бұл спорт түрінен де жетістік мол. Ақтөбе қаласында өткен ҚР біріншілігінде Жақсылық Нұрай күміс жүлдегер атанды.
Спорттың тәртібі бойынша мұнда балаларды 6 жастан бастап қабылдайды. Әрине оларды бірден спорттың қиын түріне салмайды. Спорттық мектеп болғасын жас жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығын ояту мақсатында ең бірінші ойын түрлеріне алады. Содан кейін ыңғайына қарай, өздерінің таңдауы бойынша бейімділігін байқап, басқа спортқа икемдейді. Бала болғасын олардың ең бірінші ынтасын, қызығушылығын оятып, қызықтыруға баса мән береді. Ол үшін мұндағы арнайы мамандар, біліктіліктен өткен жаттықтырушылар жұмыс істеп, балаға бар жағдайды туғызады.
– 1 пайыз талант пен 99 пайыз төгілген тер ғана табысқа қол жеткізуге жол ашады. Жалпы, адамның бойында туа біткен қандай да бір іске деген қабілеті болады, оны қолданса, дарындылығы байқалады, әрі қарай дамып, жетілдірсе, талантқа айналады. Дамытпаса, бойындағы қабілет жұмбақ түрінде қалып қояды. Спорт та, спортшы да сол сияқты. Спорттың кез келген түріне деген бірінші бойда қызығушылық керек. Ал оны әрі қарай дамыту спортшының өз қолында. Алда жоспар өте көп. Мектебіміздің техникалық базасы жақсы. Әрине мектебімізге қазіргі заманауи тұрғыда салынған спорт кешені беріліп жатса, үлкен демеу болары сөзсіз. Десе де, байрақты бәсекеде аудан намысын қорғап жүрген спорт саңлақтарының әрбір жетістігі саланың дамуына тікелей әсер ететінін жақсы түсінеміз. Сөзіме дәлел ретінде мақтан тұтар спортшыларымыздың жетерлік екенін айта аламын. Алдағы уақытта да барлық әріптестеріммен бірге аудан спортын дамытуға жұмыс жасай береміз, – дейді Айтбек Сүндетбаев.