Kyzylorda-news.kz. Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселе бұқаралық спортты дамыту және жастарды спортқа көптеп тарту. Бұған байланысты мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар түзіліп және сол бойынша түрлі шаралар қолға алына бастады. Нәтижесі де жаман емес. Соның дәлелі ретінде біздің ауданымызды айтуға болады. 

Расымен, Жалағашта соңғы жылдары спорт саласында айтарлықтай серпін бар, оны мойындауымыз керек және онда «Наркескен» спорт клубының өзіндік қолтаңбасы барын да ешкім жоққа шығара алмас. Иә, аталған мекеменің жұмысы бүгінде бір ізге түскен. Оны ауданда "Наркескеннің" бастамасымен қолға алынған үлкен додаларға, жалпы ауқымы кең спорттық жарыстардағы нәтижесіне үңілген адам оңай аңғарады. Бүгін дәл осы мекеменің бастамасымен қолға алынған тағы бір жарыстың куәсі болдық. Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай баскетболдан аудандық турнир өтті. Кент және ауылдық округтерден келген спортшылар арасындағы бәсеке тартысты болды. Шараны аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. 

«Бүгінгі спорттық шараның маңызы зор. Бір жағынан бұл мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялысы Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Жалпы Темірбек Қараұлының 125 жылдығы түркі әлемінде аталып өтіледі. Туған жері Жалағаш ауданында бірқатар шара қолға алынған. Бүгінгі спорттық сайысты соның бірі де бірегейі деп қарауға болады. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, спортты серік еткен өздеріңіздей жастар мемлекеттің өркендеуіне еңбек ете береді деп сенемін», – деді Ғани Кенжеғараұлы.

Мұнан кейін кент және ауылдық округтерден келген командалар жеребе бойынша қай топқа қай команда баратынын анықтады. Осылайша 12 команда 4 топ бойынша сайысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыстың шымылдығы «Наркескен» мен «Таң ауылы» командалары арасында ойынмен ашылды. Бұл кездесуде орталық жігіттері қонақтарды кешірмеді. Осылайша 34:10 есебімен «Наркескен» басым болды. Мұнан кейін келесі топтағы аудандық полиция бөлімінің жігіттерінен құралған команда мен «Қаракеткен» командасы өзара мықтыны анықтады. Бұл кездесуде ауылдың жігіттері 15 ұпай айырмашылықпен алға шықты. 

Кент орталығындағы №201 мен №123 мектеп-лицейі арасындағы тартысты бәсекеде мемлекет және қоғам қайраткері атындағы білім ошағының бәсі биік болды. Ал «Жалағаш жастары» мәдениеттің жігіттерін 40:2 есебімен шаң қаптырды. Басқа да командалар арасындағы ойын тартысты өтті. Қорытындысында 4 топтан 4 команда шығып, жартылай финалда Есет батырдың жігіттері мен «Наркескен» командасы ақтық мәренің жолдамасын сарапқа салды. Аламесектен келген қонақтар қарсыласын 22:15 есебімен жеңіп, ақтық мәреге өтті. Ақсу ауылынан келген жігіттер мен №123 мектеп-лицейінен келген команда арасында ақсулықтардың бағы басым болды. Осылайша ақтық мәреде «Ақсу» мен «Есет батыр» командасы кубокты сарапқа салса, «Наркескен» мен «123 мектеп-лицейі» командасы 3 орынға таласты. 

Жарыс қорытындысымен Есет батырдың жігіттері бас жүлдеге лайық деп танылды. Сондай-ақ олар кубок пен қаржылай 50 мың теңгеге ие болды. Ал ақтық мәреде оларға есе жіберген «Ақсу» командасына 30 мың теңгенің сертификаты табысталды. Үшінші орынға «Наркескен» командасы лайық деп танылды.    

Жалпы, ауданда спорттың бұл түріне қатысты әңгіме өрбісе, Есет батыр ауылының аты қатар айтылады. Бұдан Аламесктегі жастардың баскетболға бейім екенін түсіне қоямыз. Бүгінгі турнирде де ауылдың жігіттері топ жарды. Кент және ауылдық округтерден келген командалар арасынан қарсылас шақ келтірмеген Ақарықтың жігіттері осылайша ауылға олжамен оралып отыр. Жарысты басынан аяғына дейін тамашалап, тақым қысып, жанкүйер болдық. Расында жігіттер бабында тұр. Тіпті алды 35-тен асса да, Бекет Әйтімовтың қимылына қарап, командадағы жастардан жас айырмашылығын аңғару қиын танымайтындарға. Одан кейінгі алды Мақсат Өмірзақ, басқа да команда мүшелері де қарап қалмады.

Тағы да оқыңыз: