Kyzylorda-news.kz. Жалағашта білім саласымен қатар нәтижелі жұмыстарды көрсетіп келе жатқан сала – спорт саласы. Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Сала саңлақтары біріненс оң бірі дүбірлі додаларда топ жарып, ауданымыздың атын республикаға, тіпті халықаралық дәрежеде асқақтатып жүр. Осындай мықтылардың жетістігінің, маңдай терінің арқасында аудандағы спорт саласы дамып келеді. Жуырда тағы бір ауқымды спорттық шара өтіп, қазақстандық спортшылар қала берді, көршілес республикалардан да спорт саңлақтары келіп, бақ сынады. Аудан төрінде өткен, бірнеше күнге созылған турнир тартысты өтіп, кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтау қиынға түсті.

Аудан жұртшылығы 3 күн бойы былғары қолғап додасының куәсі болды. Жұдырықтасу десе деребесі қозатын халықтың аузында «Кім жеңеді екен», «Пәленшенің баласы мықты», «Жекпе-жек тартысты болды» деген спорт төңірегіндегі сөздер өріп жүрді. Медицина саласының үздік дәрігері, КСРО-ның құрметті доноры, «Шапағат» мерекелік медальдарының иегері Ақназар Бектасовты еске алуға арналған ашық турнирдің жоғары деңгейде өткендігін осыдан-ақ пайымдауға болатын секілді. Турнирге Ақтөбе, Өскемен, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан және де Өзбекстан елінен 2007-2008 және 2010-2011 жылғы туылған жасөсіпірімдерден құралған командалар келіп, жалпы 153 боксшы бақ сынады. Бір қызығы аудандағы бокстан аға-жаттықтырушы Нұрлан Есжановтың айтуынша, еліміздің әр аймағынан, тіпті көрші Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен ашық біріншілікке қатысуға ниет білдірген спортшылар қатары көп болған.

Бірінші күннен бастап жарысты тамашалауға келген спортсүйер қауымның қарасы қалың болды. Бірі баласын, бірі немересін, бірі інісін додаға қосқан жалағаштық жанкүйерлер таң атқаннан кеш батқанға дейін тапжылмай турнирді тамашалады. Заңдылық десек те болар, мұндай қолдауды көрген қызуқанды спортшылар да шаршы алаңда барын салды, сонысымен жарыс тартысты өтті. «Чемпион боламын» деген мақсатпен келген жасөспірімдердің бір-біріне жеңісті оңайлықпен бермейтінін алғашқы күннен-ақ байқадық. Бірінші күні турнирдің 1/8 кезеңі өтсе, ертеңіне 1/4 және жартылай финалдық кезеңіне жалғасты. Екінші күннің жекпе-жектерінде спортшылар жан алыспай, беріспеді. Жанкүйерлердің күткені де осы болды, өйткені боксшыларды енді бір атта са, алда финалдық кезең күтіп тұрды, яғни жүлдеге іліктің деген сөз. Сөйтіп 2 күн ішінде ақтық кезеңге кіл мықтылар іріктеліп шықты. Алғашты кезеңдерде Жалағаштың боксшылары жарады. Ақтық кезеңге ауданымыздан 10 боксшы өтті, осылайша жергілікті жанкүйерлер үшін турнирдің маңыздылығы одан бетер арта түсті. 

Сенбі күні көптен күткен финалдық кезең де басталды.  Жарыс өтіп жатқан кешеннің іші боксты тамашалауға келген халыққа толған. «Баласы атқа қонса, анасы үйде отырып, тақымын қысады» демекші, көрермен ретінде финалға анасы келмесе де, көрші-көлем, ағайын-туыс бәрі осында жиналған. Талқылайтын бір ғана тақырып, ол – бокс.   Кешке дейін созылған бокс мейрамында спортшылар өзара мықтыны анықтады. Әрине, шын жүйрікті анықтау оңай болған жоқ, боксшылардың барын салары анық. Бірінің бабы жанса, бірінің бағы жанған финалдық кезең де кешкітұрым өз мәресіне жетті. Ақтық кезеңнің қорытындысы бойынша жалағаштық 7 боксшы жүлдеге ілігіп, таңнан жүрген жанкүйерлердің мерейін бір үстем етті.

Көрші Өзбек елінің жас боксшылары да осал емес екен. Өзге мемлекетке жұдырықтасуға келіп тұрған жасөспірімдердің көзінен я қорқыныш, я тартыну байқалмады. Бала болса да мұндай жігерлік көрсеткен қонақтарға жергілікті жанкүйерлер де дән риза болды. Жарыс қорытындысы бойынша Өзбек боксшылары 1 алтын, 1 күміске ие болса, Асатбек Нарузов ең үздік боксшы атағын алды. Сондай-ақ турнирдің ең үздік боксшы атағын жалағаштық Айбар Ақназаров пен спорт интернатының түлегі Нұрсаят Тынысбеков та иемденді. Үздік былғары қолғап шеберлеріне ерекше белбеу сыйлығы табысталды.

«Жарыс оңай болған жоқ. Қарсыластарымның барлығы мықты, осалы көрінбеді. Ақтық кезеңге дейін сенімді жұдырықтастым деп айта аламын. Бірақ финалда жұдырықтасу қиынға соқты. Өйткені қарсыласым ретінде жерлесім Бек Мұхамедияр болды. Екеуміз бір-біріміздің жұдырықтасу тәсілдерімізді жақсы біліміз. Жекпе-жек тартысты өтті. Иә, бүгін менің бағым жанды, десе де қарсыласыма басымды иемін, әрине финалға шығу оңай емес. Жаттықтырушыма, жанкүйерлерге алғыс айтамын», – дейді жалағаштық чем¬пион Бейбарыс Танатарұлы.

Жалағаштық чемпиондарға нақтырақ тоқталсақ, 32 келі салмақта 1 орынды жалағаштық боксшы Шахмардан Бисенов иеленсе, 34 келі салмақта Қалдан Нұрмұхамед алтыннан алқа тақты. Ал 57 келі салмақта жалағаштық Ернияз Мұратұлы, 70 келі салмақта Бейбарыс Танатарұлы жеңіс тұғырынан көрініп, чемпион атанды.  Сонымен қатар жерлестеріміз Нұрсұлтан Нұрадин, Сәндібек Парасат, Аманжол Қасым жүлделі орындардан көрініп, жанкүйерлерді бір қуантты. Дүркіреген дода осылайша өте шықты. Ең бастысы турнирге келген қонақтар дән риза, келесі жылы міндетті түрде тағы да келетіндерін жеткізді. Ал Өзбекстан жаттықтырушысы мұндай жарыстардың жасөспірімдер үшін үлкен тәжірибе берітінін айтады. Иә, Өзбек елінде бүгінде бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Сол жарысты тамашалудың орнына Өзбек елінің жаттықтырушысы тәрбиеленушілерін осы турнирге алып келіпті. Міне, турнирдің жас өрендер үшін маңыздылығын осыдан-ақ түсіне беруге бо¬латын секілді. Осы ретте ел тізгінін ұстаған өңір азаматтары аталған турнирдің келесі жылы да жалғасын табатынына уәдесін берді. Жарыс соңында аудандық емхана бөлімінен Ақназар Бектасұлының атынан ұйымдастырудың басы-қасында жүрген аудандық бокс бөлімшесіне бағалы смарт теледидар тарту етілді.

Тағы да оқыңыз: