Kyzylorda-news.kz Жаңақорған кентінде дене шынықтыру - сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды.
Игі шараға аудан әкімі Мажит Самитов арнайы қатысып, құрылыс жұмыстарының басталуымен тұрғындарды құттықтады. Соңғы жылдары Жаңақорған ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Нәтижесінде, бүгінде ауданда 15 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілген. Оның ішінде: 10 кешен – мемлекеттік - жекешелік әріптестік аясында, 3 кешен – республикалық бюджет есебінен, 2 нысан – жеке кәсіпкерлердің бастамасымен бой көтерді.
Іргетасы қаланып отырған бұл жаңа кешеннің ерекшелігі – аудан тарихында алғаш рет заманауи үлкен жүзу бассейнінің қарастырылуы. Бұдан бөлек, кешен құрамында жаттығу залдары, үстел теннисі алаңдары, келушілер мен спортшыларға арналған демалыс аймақтары, тамақтану орындары болады.
Жобаның жалпы құны – 650 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 30-ға жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл бастама ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні анық. Аталған жобаны жүзеге асырып отырған — кәсіпкер, Балғабаев Болат Ахмадбекұлы.
Аудан әкімі Мажит Самитов кәсіпкерге жерлестері атынан алғысын білдіріп, бұл игілікті істі туған жерге деген шынайы жанашырлық пен перзенттік парыздың жарқын үлгісі екенін атап өтті.