Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының Досбол датқа ауылдық округінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынған заманауи үлгідегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Жаңа нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева және «Саутс Ойл» ЖШС вице-президенті Серік Мырзабеков қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Сыр спортындағы толағай жетістіктерді атап өтіп, қолға алынған жоспарлардың орындалу барысына тоқталды.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы ерекше», – деген болатын. Осы орайда, аймақ басшысының қолдауымен облысымызда заманауи үлгідегі спорт кешендерінің іргетасы қаланып, спортсүйер қауымның игілігіне табысталуда. Жақында ғана аймақ басшысының қатысуымен Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдық округінде спорт кешендері ашылып, пайдалануға берілді. Бүгін «Қазақстан халқына» қоры арқылы тағы бір кешен өңірдегі спорттық инфрақұрылымның қатарына қосылды. Бұл ғимаратта жас өрендеріміз спортпен шұғылданып, еліміздің, аймағымыздың атын асқақтатар чемпион болып қалыптасады деп сенемін. Осы орайда, аймақ басшысының және облыс халқының атынан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына зор алғыс білдіреміз! – деді Шахмардан Асқарұлы.
«Қазақстан халқына» қоры жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын көптеген жобаларды жүзеге асыруда.
Сондай-ақ, ашылу салтанатында қордың басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева мен «Саутс Ойл» ЖШС вице-президенті Серік Мырзабеков атқарылған жұмыстарға тоқталып, тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Айта кетейік, өткен жылы өңір халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткіші 46,2%-ға жетті, 2023 жылы 9 спорт кешені пайдалануға берілсе, 2024 жылға өтпелі 6 нысан толық аяқталып, іске қосылуда.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі