Kyzylorda-news.kz Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Арал ауданы орталығында алғаш рет «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні оқытушылары арасында волейболдан облыстық біріншілік басталды.

Тартысты доданың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаев, облыстық тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының спорт бөлімінің басшысы Б. Танымбетов, сондай-ақ аудандық білім бөлімінің басшысы С. Жанназарова қатысты.

Спорттық шарада алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтіп, жарыс жолдарына сәттілік тіледі.

- Биыл ауданымызда алғаш рет «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні ұстаздары арасында волейболдан жарыс өтуде. Байрақты бәсекеге Сыр өңірінің барлық аудандары мен Қызылорда қаласынан жиналған 8 команда қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Баршаңызды теңізді өлкенің киелі топырағына келулеріңізбен құттықтаймын. Бүгінгі біріншілік Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған. Аладоп бәсекесі майдан даласында ерлікпен қаза болған батыр-жауынгерлердің рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осы орайда, тарихи датаға байланысты жыл бойы түрлі іс-шаралар легі жалғасатын болады. Бүгінде өңіріміз өркенді өзгерістер мен жаңа жобалар қанат жайған мерейлі мекенге айналды. Ауданда көлемінде ауқымды жобалар жүзеге асырылып, тың бастамалар қолға алынуда. Спорт саласын дамыту және жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуде Сіздер – педагогтардың үлесі зор. Бұл сайыс өзара достықты нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты күшейте түседі деп сенемін. Ал, нағыз жүйріктер жарыс барысында топ жарып, жеңіс тұғырынан көріне берсін!» - деді Н. Бохаев.

Мұнан соң, облыстық тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының спорт бөлімінің басшысы Б. Танымбетов қатысушыларды айтулы турнирдің басталуымен құттықтап, ойыншыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, облыс біріншілігіне Сыр өңіріне қарасты барлық аудандар мен Қызылорда қаласынан келген спортшы-ұстаздардан құралған 8 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетуде. Ойын барысында шеберлігімен ерекшеленіп, командасына жеңіс сыйлаған қатысушылар арнайы марапатқа ие болды.

Жарыстың басынан-ақ сенімді ойын үлгісін көрсеткен Жаңақорған ауданының командасы бас жүлдені иеленіп, біріншілік жеңімпазы атанды. Арал ауданының ұстаздары жүлделі екінші орынға ие болса, Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданының құрамалары үздік үштікті қорытындылады.

Сонымен қатар, жарыс барысында ерекше шеберлігімен көзге түскен ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды. Жарыс жеңімпаздарына дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Воллейбол (46).png

Воллейбол (47).png

Фото: Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: