Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев спорт мекемелерінің қызметкерлері арасындағы волейболдан облыстық жарыстың ашылуына қатысты.
Аудан басшысы Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған іс-шараның мән-маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әр облыста және ірі аудан орталықтарында саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін арнайы спорт орталықтарын ашу қажет деді. Қазақстан Президентінің бұл тапсырмасы Үкімет басшысы және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сыр елінде қарқынды жүргізілуде. Қызылорда қаласында құны 2,7 млрд. теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы жүруде. Сырдарияның сол жағалауынан 6,8 млрд. теңгеге халықаралық стандарттарға сай, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасы қаланды. Былтыр облыста 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталды, биыл аудандарда 15 кешенді қолданысқа беру жоспарлануда. Сырдария ауданында спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып, мәдени-спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Осындай қолдаулардың нәтижесінде спортшыларымыз биіктерді бағындыруда. Бүгінде сырдариялық спортшыларымыз Азия біріншілігі мен Қазақстан чемпионаттарынан 29 медаль жеңіп алып, аудан мерейін үстем етті, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Жарыстың ашылуында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Жанмұрат Сейілов те сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бүгінде ауданда тұрғындардың 39 пайызы тұрақты спортпен шұғылданады. Өткен жылы аудан орталығында спорт клубы күрделі жөндеуден өткізілсе, демеушілер есебінен балаларға арналған спорттық ойын алаңдары салынды. Орталық стадион күрделі жөндеуден өткізіліп, стритбол алаңы пайдалануға берілді. Аудан орталығында «Мансұр», «Сырдария спорттық-зияткерлік орталығы», «Аслан» және «Ясин» спорт клубтары мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру бойынша жұмыс жасайды. Биыл Бесарық ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілетін болады.
Айта кетейік, облыстық жарысқа аймақтан 11 команда, 130-ға жуық спортшы қатысуда.