Kyzylorda-news.kz Бүгінде елімізде ұлттық ойындарды ұлықтау барынша қолға алынып жүр. Бұл ретте Қызылорда қаласындағы №5 И.В. Панфилов атындағы мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәні мұғалімі Үміт Есендікованы ерекше атап өтуге болады.
Үміт Жанұзаққызы – ұлттық ойындарды ұлықтап, оқушылардың бойына патриоттық тәрбиені сіңдіріп жүрген үлгілі маман. Оқушыларды денешынықтыру сабағында бес асық ойындарына баулып, шәкірт тәрбиелеп жүрген оның оқушылары қазіргі таңда республикалық жарыстарда ойын көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінуде. Осы ретте №5 мектептің оқушылары «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында үш жас ерекшелігі бойынша да 5 жыл қатарынан 1 орынды алып жүргенін атап өткен жөн. Облыстық «Ұлттық мектеп лигасы», облыстық ұлттық ойындар спартакиадасы сияқты маңызды жарыстарда да мектеп оқушылары бес асық ойынынан қаланың намысын қорғап шығып, жүлделі орындар алып жүргенін мақтан етеді.
№5 И.В. Панфилов атындағы мектеп-лицейдің оқушылары қалалық, облыстық деңгейде ғана топ жарып жүрген жоқ. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында Астана қаласында өткізілген «Алтын сақа» республикалық олимпиадасында Абдуғали Жанель облыс құрама сапында өнер көрсетіп, жүлделі ІІ-орынды қанжығасына байлаған. Мектеп ұжымы осының барлығы мектеп қабырғасында жүйелі түрде жүргізіліп, жолға қойылған ұлттық ойындлар үйірменің арқасы сол үйірмеге жетекшілік жасап жүрген Үміт Жанұзаққызының еңбегі деп біледі.
Үміт Есендікова сондай-ақ, осы спорт түрі бойынша 1-ші дәрежелі спорт төрешісі, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға әділ төрешілік жасап жүрген зерттеуші санатындағы тәжірибелі ұстаз.