Kyzylorda-news.kz Шаған ауылында ауыл шаруашылығының білікті ұйымдастырушысы, 1994-2000 жылдары «Шаған» агрофирмасының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Қожабек Дәдікбаевты еске алуға арналған волейболдан ашық біріншілік өткізілді. Жарысқа 11 команда қатысып, бақ сынады.
Ашық біріншілікті ашқан Шаған ауылы округінің әкімі міндетін атқарушы Мейірім Ерекенова сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Шаған ауылында еңселі еңбегімен ел алғысына бөленген Қожабек Дәдікбаевтың есімі ерекше аталады. Өз уақытысында ауылдың гүлденуіне сүбелі үлес қосқан ардақты азаматтың жарқын істері ел жадында екені даусыз. Жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, елді мекеннің әлеуетін арттыра білді. Кәсіби маманның арқасында Сыр саласын өсіруде, дәнді-дақылдарды өндіруде ел ағасы қажыр-қайратын арнады. Бүгін жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Мейірім Ерекенова.
Тоспа доп бәсекесінде Шаған ауылынан 2, Іңкәрдария, Ақжарма, Шіркейлі, Амакелді, Қоғалыкөл, Айдарлы, Басарық, Жалағаш ауданынан келген командалар өзара шеберлік байқасты. Өз кезегінде спорт саласының ардагері Зұлхарнай Тасбергенов, ардақты азаматтың сыныптасы Тұрған Әбілқайыров, қарындасы Жанат Дәдікбаева ауылдың арда азаматының игілікті істерін көпшілікке паш етті. Жарысты ұйымдастырушы Бахытбай Мекебаев жарыс ережесін көпшілікке таныстырды.
– Ауыл шаруашылығы саласында келелі істерімен даралана білген ел азаматын еске алу турниріне биыл командалар жоғары дайындықпен келген. Әрине, толысқан спортшыларға үздіктер қатарынан көрінуге тырысады. Қашанда тәжірибелі командалардың мүшелері бар жігерін жаңып, жеңіске жету үшін барын салады. Өз кезегінде ел ісіне келгенде ешкімге дес бермейтін ел ағасының көрегенділігі, істі ұйымдастыра білуі – талай адамға үлгі-өнеге болғаны жасырын емес. Бұл ретте, командаларға сәттілік тілейміз – деді жарыс ұйымдастырушысы.
Жарыс қорытындысында жүлделі ІІІ орынды Ақжарма ауылы, ІІ орынды Шаған ауылы, І орынды Айдарлы ауылы иеленді. Барлық жүлдегерлерге кубок пен диплом табысталды. Сонымен қатар жарыс демеушісі, Қожабек Дәдікбаевтың ұлы Баубек Дәдікбаевтың демеушілігімен үздік ойыншыларға сыйлық үйлестірілді.
– Әкеміздің табанды еңбегін, асқақ абыройын қашанда дәріптеуден шаршамаймыз. Қай кезде де, оның жарқын істерін ұрпақтары жаңғыртып отырады. Бүгінгі жарыс көрігін спортшылар қыздыра білді. Әрқашан спортшыларға табыс тілеймін, – деді жарыс демеушісі.
Фото: freepik.com