Kyzylorda-news.kz Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Отбасы күніне орай түрлі этнос өкілдерінің жас отбасылары арасында «Толағай» атты отбасылық сайыс өтті.

Шараның басты мақсаты – ел бірлігінің бастауы саналатын отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас буынға салауатты өмір салтын насихаттау және этносаралық татулықты нығайту болды.

Бұл жолғы сайысқа төрт этнос өкілдерінен құралған жас отбасылар қатысты. Олардың қатарында Мәденовтер әулеті жетекшілік еткен «Ералаш», Бисекей отбасынан құралған «Берекелі жанұя», Швемлерлер әулеті шыққан «Kinder», сондай-ақ Исмаиловтар отбасы бақ сынаған «Алға» командалары болды.

Қатысушылар өз күштері мен ептіліктерін бес кезең бойынша сынға салды. «Ұзындыққа секіру», «Нығыздалған допты алып жүру», «Алтын қасық», «Пингвин» және «Қаппен секіру» сайыстары көрерменге қызыққа толы сәттер сыйлады.

Тартысты дода қорытындысында «Ералаш» командасы бірінші орынға ие болса, «Алға» командасы екінші орыннан көрінді. Ал «Kinder» командасы үшінші орынды қанжығасына байлады. Көрермендердің ерекше ықыласына бөленген «Берекелі жанұя» командасы «Көзайым» номинациясына ие болды.

Жеңімпаздар мен қатысушылардың барлығы Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Осындай мазмұнды шаралар жас отбасылардың бірлігін арттырып қана қоймай, түрлі этнос өкілдерінің татулығы мен ортақ құндылықтарға деген құрметін айқын көрсетеді. Бұл – еліміздегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің нақты көрінісі.

Тағы да оқыңыз: