Kyzylorda-news.kz.  Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында 2021 жылдың 1-жартыжылдығында атқарылған жұмыстар және Токио Олимпиадасына жолдама алған Сыр спортшылары жайлы баспасөз-конференциясын өткізді.

Сондай-ақ, баспасөз-конференциясына каратэден ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мөлдір Жаңбырбай қатысып, өзінің дайындығымен бөлісті.

Қазіргі таңда, өңірімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 31,3 пайызға көтеріліп, 254 101 адамға жетіп отыр.

Бұқаралық спортты одан әрі дамыту үшін 282 спорт нұсқаушы 138 елді мекенде,42 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді.

Бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту.
Осы мақсатта облыс аумағында жыл басынан бері 375 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 31 219 адам қатысты.

Есепті кезеңде спорт түрлерінен 6 Қазақстан Республикасының чемпионаты мен кубогы(самбо, ауыр атлетика онлайн жүйеде 2 рет өткізілді, гандбол, спорттық би, велоспорт),19 республикалық және​ 72 облыс біріншіліктері ұйымдастырылды. Аталған жарыстар ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілді.
Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында ​ 5 спорт кешені «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында осы жылы құрылысы басталады.

Сонымен бірге, «Самрұқ» корпоративтік қорының демеушілігімен Қызылорда қаласы, Ж.Махамбетов ауылдық округінен көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы салынады.

Сондай-ақ, «Нұрсәт» теннис орталығының 4 жабық теннис кортының және байдарка, каноэде есу базасының құрылыстары аяқталды.

Бұқаралық спортты дамыту мен қатар бәсекеге қабілетті біліктілігі жоғары спортшыларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық даярлау орталығы және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 20​ 516 оқушы 47 спорт түрімен тегін шұғылданады.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, облыс спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 557 медальдарды жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттарында 47 медальдарға қол жеткізді.
18 – ҚР спорт шебері, 147 – ҚР спорт шеберлігіне үміткер, 32 – І-ші cпорттық разрядты спортшылар дайындалды.
Үстіміздегі жылдың 4 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жүлдесі үшін өтетін​ «Қазақстан барысы» республикалық турниріне облыстан Нұрым Сәлімгереев пен Мақсат Исағабылов қатысады.

Коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға шегерілген Жапония астанасы Токиодағы өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындары биыл 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.
Төрт жылда бір рет келетін ең ірі халықаралық кешенді​ спорттық жарыс – Токио Олимпиадасына​ Қызылорда облысынан 3 спортшы жолдама алды.

Оның ішінде,​ 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында еркін күрестен өткен Әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков 65 келі салмақта күмісті иеленіп, Токионың алғашқы жолдамасын жеңіп алған болатын.

2020 жылы Иордания астанасы​ – Амман​ қаласында бокстан өткізілген лицензиялық турнирде​ Қамшыбек Қоңқабаев 91 келіден жоғары салмақта қола жүлдені иеленіп, облыстан екінші​ жолдаманы иеленді.
Ал биылғы жылдың 11-13 маусым күндері Францияның Париж қаласында каратэден өткен лицензиялық турнирде Мөлдір Жаңбырбай 55 келі салмақта күміс жүлдені еншілеп, үшінші жолдаманы жеңіп алды. Қазіргі таңда​ спортшылар соңғы жарыстары мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуда, содан кейін Токиоға аттанады.

Тағы да оқыңыз: