Фото: Qazsport

Будва (Черногория) қаласында бокстан 2024 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының финалдық кезеңінде Төрехан Сабырхан (67кг) кубалық Дэвид Мануэль Эспиноса Сантояны жеңді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Төрехан Сабырхан Будвада (Черногория) өтіп жатқан әлем біріншілігінің финалында кубалық Давид Эспиноза Сантоямен жұдырықтасты. 67 кг салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекте қазақстандық боксшы қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, чемпион атанды. Бұл жеңісі үшін оған ұйымдастырушылар тарапынан 8000 доллар (3,9 млн теңге) сыйақы беріледі.

Төрехан Будва бәсекесіндегі алғашқы жекпе-жегінде ауғанстандық Самир Хамдамды ұтса, ширек финалда өзбек боксшысы Акбар Ахмадовтан басым түсті. Ал жартылай финалда қытайлық Хаошэн Чжанды сенімді түрде жеңіп, ақтық сынға жолдама алған болатын.

Айта кетейік, Төрехан Сабырхан – жастар және жасөспірімдер арасында төрт дүркін Азия чемпионы атанған Қазақстан тарихындағы тұңғыш боксшы. Осыған дейін Будвадағы әлем чемпионатының жартылай финалында 10 қазақстандық боксшы жеңіліп, қола жүлде иеленген еді. Ұлдар арасында Диас Берікбай (48 кг), Жансері Көшербаев (57 кг), Расул Асанханов (92 кг), Аслан Елдібайұлы (92+ кг), ал қыздар арасында Әнел Әбдрасілова (48 кг), Бағжан Отынбай (52 кг), Толғанай Қасымхан (60 кг), Аружан Жанабаева (63 кг), Шұғыла Нәлібай (75 кг) және Панар Сейтханқызы (81+ кг) үшінші орын алды.

Тағы да оқыңыз: