Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы әкімінің жүлдесі үшін журналистер арасында шағын футболдан республикалық турнирі өтті. Додаға Астана, Атырау, Түркістан, Шымкент, Қызылорда қаласынан 8 команда қатысып, қаламгерлер өзара мықтыны анықтады.

Турнирдің ашылу салтанатында Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов сөз сөйлеп, ойыншыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі, спорт журналисі Әділжан Үмбет жылы лебіз білдірді. 

Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен биыл екінші мәрте байрағын көтерген бұл турнирдің мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестік және достық қарым-қатынасты нығайту. Өткен жылы бастау алған журналистердің алаңдағы сайысы биыл да тартысты өтті.

12 сағатқа созылған дода әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирден де көрсетіліп, арнайы фоторепортаждар қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жүктелді.

Топтық кезеңнен сүрінбей өткен «Қазмедиа», «Qaz365.kz» және «Атырау», «Шымкент» командалары жартылай финалға шықты. Олардың арасынан бас жүлдені сарапқа салған «Қазмедиа» «Qaz365.kz» командасын жеңіп, республикалық турнирдің чемпионы атанып, 1 000 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Екінші орын алған «Qaz365.kz» 700 мың, қола жүлдегер атанған «Атырау» 350 мың теңгеге қол жеткізді.

Турнирдің «Үздік ойыншысы» номинациясымен 6 гол салған атыраулық Қайсар Жетпісбай марапатталса, «Қоғам ТВ» командасының ойыншысы Ержан Батыршаев «Үздік шабуылшы» деп танылды.

Атыраудан келген Қайсар Жетпісбай турнирдің «Үздік ойыншысы» аталымы бойынша  марапатталды. Ол 6 гол салып, сұрмергендігімен дараланды. «Қоғам ТВ» командасының ойыншысы Ержан Батыршаев «Үздік шабуылшы» деп танылды. Сонымен қатар «Шымкент» командасының ойыншысы Айбек Қабылша «Үздік қақпашы» атанса, турнирдің «Үздік қорғаушы» аталымымен Түркістан облысынан  келген Самат Сүлей марапатталып, қаржылай жүлделер тапсырылды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүзге жуық БАҚ өкілінің басын қосқан турнирге қатысушылар қонақжай Сыр жұртшылығына ризашылықтарын білдірді. Осылайша, Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің спорттан да құр алақан емес екенін білдірді.

Тағы да оқыңыз: