Kyzylorda-news.kz  Қазалы ауданы орталығындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы орталық стадионда ерекше балалар «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзиялық спорт фестивалінің аудандық кезеңіне қатысты. 

Шара «Amanat» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өтті. Басты мақсат – даму ерекшеліктері бар балаларға спорттық процесті қолжетімді ету, олардың денсаулығын нығайтып, дене шынықтыруын жақсартуға көмектесу.

Спорттық сайысты аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеуімбетов пен аудандық партия филиалының төрағасы Ғазиз Әліш алғы сөзбен ашып, барша сайысқа түсетін жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарыс ержесіне сәйкес қатысушылар 3-5 сынып және 6-8 сынып аралығы бойынша сынға түсті. Жалпы 23 команда 69 бала қатысқан сайыста жүгіру, секіру, эстафета сынды жарыстары ұйымдастырылды. Жеңіске ұмтылған жеткіншектерге жетекшілері мен жанкүйерлері ерекше қолдау білдірді. Аудандық іріктеу кезеңнің қорытындысы төмендегідей тіркелді.

Барлығы 23 команда қатысқан 3-5 сынып оқушылары аралығында бірінші орын тұғырына «№276 орта мектебі» командасы шығып, облыстық кезеңге жолдама ұтты. Екінші орын – «№170 орта мектебі» командасына бұйырды. Үшінші орынды «№70 орта мектебі» командасы иемденді.

Сонымен бірге, 6-8 сынып оқушылары аралығында жарысқандар арасында бірінші орынды «№25 орта мектебі» командасы иемденіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Екінші орынға «№249 мектеп-лицейі» командасы қонжиды. Үшінші орынға «№25 орта мектебі» командасы орналасты.

Жеңімпаздарды партия филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев пен аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Орысбек Жәмшейітов құттықтап, арнайы дипломдар және сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар, өзге де қатысушыларға белсенді қатысқаны үшін арнайы дипломдар, сыйлықтар табысталды.

Тағы да оқыңыз: