Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінің жұртшылығы асыға күткен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Осы орайда кент әкімі Семсер Сыздықов еңбек ардагерлерімен бірге аталған нысанның құрылысы барысымен танысып қайтты.
Құрылысы енді басталған заманауи талаптарға сай спорт кешенінде Тасбөгет кентінің жас спортшылары оннан аса спорт түрінен жаттығу жасауға мүмкіндік алады. Кешеннің құрылысына бюджеттен 463,8 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Құрылыс жұмыстарына жауапты мекеме ретінде «Интегрострой» серіктестігі танылып, жоспар бойынша спорттық нысанды 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға бермек.
Спорт кешенінің құрылысын арнайы бақылап қайтқан кент ардагерлері жаңа кейіптегі спорт кешенінен көптеген чемпион шығуына шын жүректен тілектестік білдірді.
Еске салсақ, биыл облыс орталығы қаласында бірнеше нысанның құрылысы жүргізілуде. Мәселен, 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысына 3 миллиардтан астам қаржы бөлінген. Одан бөлек «Қазгермұнай» ұлттық компаниясы да шаһарда заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысын жүргізеді. Сонымен қатар Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Неке сарайы» мен «Қан орталығы» да бой көтермек.