Фото: НОК РК

Kyzylorda-news.kz. Еркін күрестен Ризабек Айтмұқан (92 келі) әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сербия астанасы Белград қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық балуан финалда Осман Нурмагомедовпен кездесті.

Кездесу басынан балуандар бір-біріне лайықты қарсылық көрсетті. Әзербайжандық балуан әдіс қолданып, алғашқы ұпайын еншіледі. Одан кейін Ризабек әдіс қолданып, таразы басын теңестірді. Соңғы сәтте ол тағы айласын асырып, ұпайын молайтты.

Нәтижесінде Ризабек Айтмұқан қарсыласын 4:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды. 

Айта кетейік, Ризабек Айтмұқан - еркін күрестен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы болып отыр.

Қарсыласы осал емес. 1998 жылы дүниеге келген әзербайжандық балуан қазірге дейін әлем чемпионатында 2021, 2022 жылдарда қола жүлдегер атанды. Оған қоса Еуропа чемпионатында бір мәрте күміс, екі мәрте қола алған.

Ризабек Айтмұқан финалға дейінгі төрт кездесудің барлығында жеңіске жетті. Алдымен венгриялық Балаж Юхасты 13:3 есебімен жеңсе, одан кейін түркиялық Фейзулла Актюркті 11:0 есебімен тізе бүктірді.

Ал жартылай финалда грузиялық Мириани Майсурадзеден басым түсті.

Енді ел құрамасынан Мейрамбек Қартбай (57 келі) 3-орын үшін сынға түседі.

Тағы да оқыңыз: