Kyzylorda-news.kz Кезінде аты дүркіреп тұрған отандық зілтеміршілердің бірі Алмас Өтешов бүгінде Алматыда күзетші қызметін атқарып жүр, деп жазады Qandastar.kz. Бұл туралы спортшының өзі «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері ешкімге керек болмай қалғаны өкінішті деп отыр. Өмірін де, денсаулығын да сүйікті спортына арнаған ол талай қиындықты басынан өткізген.
«Қазақта «Ер жігіттің басына нелер келіп кетпейді» дейді ғой. Қазір сондай қиындықты бастан кешіріп жатырмын.
Менің түсінбейтінім, белгілі бір дәрежеге жетіп көтерілсең, бәрі қолпаштайды. Қателікке бой алдырып, сүрінсең, бәрі сені жек көріп кетеді. Осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Қолымнан келгеннің бәрін істедім. 230 келі салмақты (бір бұқа) басыңнан асырып көтере салу деген оңай емес. Соны көтердік. Қазір омыртқамның төрт жерінен грыжам бар. Не айтамын, қазағымды жақсы көремін, қазақ болып туғаныма мақтанамын. Бірақ сүрінсең, ешкімге керек болмай қалады екенсің. Сол қорлыққа шыдамай Владимир Седов өз-өзіне қол жұмсады. Альберт Линдер де арамыздан ерте кетті. Кезінде үкімет бізді пайдаланды. Туды көтердік. Одан кейін ешкім болмай қалдық. Омыртқадан омыртқа, тізеден тізе қалмады», – деді спортшы.
Әрине, ауыр атлеттердің соңғы кездері осындай халге түсуіне допинг дауы әсер еткені жасырын емес. Ол спортшылардың допинг ішетіні рас екенін, оған спорт саласындағы басшылардың өздері мүдделі екенін айтты.
«Пропионат, тестостерон, станозолол сияқты гармоналды препараттардың бәрін іштік. Оны ішпесең көтере алмайсың. Таза ағзам 200 келіден артық көтеруге шамасы жетпейді. Допингтің көмегімен 230 келіге дейін болады», – дейді Алмас Өтешов.
Ол сонымен қатар досы Илья Ильин де өзі де халықты алдаған жоқпыз деп отыр.
«Дәрі-дәрмектің бәрін өзіміз жайдан-жай ішпейміз. Бізде медициналық штаб, бас бапкер, аға бапкер бар, солар береді», – дейді спортшы.
Ауыр атлет ешқандай өтемақы алмайтынын да алға тартты.
«Ешқандай өтемақы жоқ. Қазір Алматыда күзетші болып жұмыс істеймін», – деді Өтешов.
Зілтемірші спорт мектептеріне жұмысқа шақырса, білек сыбана кірісуге де дайын екенін айтты. Бірақ әзірге ондай ұсыныс жоқ екен.
Фото: Ашық дереккөз