Kyzylorda-news. Спортшылардың жетістігін сөз еткенде оларды бәйге атындай күтіп, баптап, кіл мықтының арасында озық шығуына сенім артқан, күш-жігерін қайрап, талабын шыңдаған, намысты қолдан бермеу басты ұран екенін айтып, мақсатына қанат бітірген жаттықтырушылардың еңбегін елемеу мүмкін емес. Жас спортшылардың жеңісті бағындырып, жүлделі орынға ие болуына басты себепкер де осы жаттықтырушылар. Біз табан тіреген Жалағаш ауданындағы №13 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінің волейболдан жаттықтырушысы Ләззат Әбдіхалықованың шәкірттері де командалық жарыстарда биік белестерді бағындырыпты.
– Туған жерінен талай жарыстарға күш-жігермен аттанған спортшылар намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. Аудан мерейін асыруда, абыройын асқақтатуда маңдай термен, білектің күшімен сынға түсетін әрбір спортшының еңсесі биік болуы керек. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дегендей, біздің міндет – аламанға аттанған әр саңлақтың тілеуін тілеу, жігерін жасытпай қайратын қамшылау, – деген спорт мектебінің бапкері Ләззат апамыз әңгімесін осылай бастады. Мектеп қабырғасынан бастап волейболға қызығушылығы болған жаттық-тырушыны сол бала күнгі арман-мақсаты осы салаға жетелеп алып келді. 2002 жылы алғашқы еңбек жолын осында бастаған жаттықтырушы бүгінде өзінен кейінгі жас бапкерлерге тәжірибесімен бөлісе алатындай дәрежеге жеткен. Жиырма жылдан астам еңбек өтілінде саланың дамуына, аудан спортшыларының шыңдалып, кәсіби біліктілігін арттыруына үлесін қосты.
– Осы салаға келгелі бері нәтижеге жұмыс жасауды алдыма мақсат етіп қойдым. Әр жарыс алдында ауданның намысын қорғайтындықтан, шәкірттердің дайындығына, олардың жеңіске жетуіне және арнайы режимнің сақталуына аса мән беремін. Өйткені, спортшылардың жаттығу уақыты, тамақтануы және ағзасының уақытылы демалуы да үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан да спортшы қыздарыма барлық талап пен тәртіпті қатаң сақтауды айтып отырамын. Шүкір, менің еңбегім елеусіз емес, жетістігіміз жетерлік. Мен баулыған жас спортшылар жарыстарда жерге қаратпай, жүлдемен оралып жүр. Мәселен, 2019 жылы Жаңақорғанда өткен 2006-2007 жылғылар арасындағы сайыста қыздарым үздік үштікке ілінді. Ақерке деген шәкіртім облыс құрамасына еніп, Петропавл қаласындағы республикалық жарысқа қатысып қайтты. Бұдан да бөлек облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүрген спортшыларымыз бар, – деген командалық спорт түрінің жаттықтырушысы бапкерлік үлкен жауапкершілікті қажет ететінін жеткізді.
Иә, әйел адам болса да талай мықтыны бәйгеге қосып, жүлдегер атандырған Ләззат Әбдіхалықованың саладағы еткен еңбегі аз емес. Осыған дейін Талдықорған қаласында өткен ауыл жасөспірімдерінің ойындарында облыс құрамасына енген шәкірттері Нұрсұлу Мырзаш пен Диана Берікбол жүлделі І орынды иеленген. Аталған спорттық сайыста үздік үштіктен көрінген жерлесіміз, осы спорт мектебінің жас спортшысы Мырзалы Асқар да бар. 2018 жылдан бері спорт мектебінде талабын шыңдап жүрген Нұрсұлудың білім алу мен спортты қатар алып жүруінің өзі оның табандылығы мен қабілетінің өзгеден жоғары екенін дәлелдейді. Айта кетейік, жас спортшы былтыр мектепті тәмамдап, Абай атындағы педагогикалық университетіне грант¬қа түскен.
«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дейміз ғой, расында шын мықтының дүбірлі додада топ жарып, бас бәйгені алуы, спортшының жүлдегер болуы не олжасыз оралуы бапкердің бабына тікелей байланысты. Бабы мықты жасалған саңлақ кез келген биікті бағындырады. Кейіпкеріміз Ләззат апамыздың саладағы сан мың тәжірибесі ауданға әлі талай жеңісті әкеледі деп сенеміз.