Kyzylorda-news.kz  Спорт – денсаулық кепілі. Ұлттың болашағы саламатты өмір салтын ұстануға байланысты. Спортпен тұрақты шұғылдану үлкен спортқа дейін әкеледі. Ал үлкен спорт дегеніміз елдер арасындағы қарым-қатынас пен достықтың кепілі болатын алып күш. Яғни мемлекеттер татулығын нығайтады.

Спорттың шығу тарихы Ежелгі Грекиядан басталады. Әлемде ең алдымен Олимпиада ойындарының алауы осы елде тұтанып, оны өткізу тұрақтылыққа айналған. Ежелгі дәстүр бойынша Олимпиада басталар тұста соқтығыстар тоқтап, қасиетті тыныштық орнаған. Әрбір төрт жыл сайын өткізілетін ең ірі халықаралық дода нышанында бес түсті сақинаның бейнеленуі де бекерден бекер емес. Бес түрлі сақина бес құрлықтың (Еуропа, Азия, Африка, Америка, Океания) белгісі ретінде беріліп, олардың түрлі-түсті болуы әлем елдерінен хабар береді. Тудағы шеңберлердің бір-бірімен байланысып жатуы спорттық ойындардың тек жарыс емес, ынтымақтастықтың негізі екендігін дәлелдейді.

Биыл ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының алауы жағылады

 Спорт туралы айтқанда сөз басын ең ауқымды спорттық сайыс – Олимпиададан бастауымыз бекер емес. Бірнеше айдан кейін кезекті жазғы Олимпиада ойындары өз алауын тұтатпақ. Бұл туралы келісім 2017 жылы жасалған. Сол жылдың 13 қыркүйегінде Перу­дің Лима қаласында өткен ХОК-тің (Халықаралық Олимпиада коми­теті) 130-ыншы сессиясында ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының қабыл­даушысы ретінде Париж қаласы бекітілген еді.

Айта кету керек, Париж қаласында бұған дейін 1900 және 1924 жылдары Олимпиада ойындары өткен. Бұл – әлемге әйгілі қаланың өткізуге дайындалып жатқан үшінші Олимпиадасы. Бұған дейін үш рет Олимпиада ойындары тек қана Ұлыбританияның Лондон қаласында (1908, 1948, 2012 жылдары) өткен еді.

Кезекті Олимпиада және Паралимпиа­да ойындарының эмблемасы 2019 жылы қабылданып қойған. Онда алтын медаль ішіндегі Олимпиада алауы және Француз Республикасының символы Марианнаның ерні бейнеленген. Авторлардың айтуынша, бұл эмблема сонау 1900 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына алғаш қатысқан әйелдерге құрмет ретінде таңдалған.

Айтпақшы, кезекті Олимпиада ойын­дарының бағдарламасы 32 спорт түрінен тұрады. Сондай-ақ 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. Ал аталған 32 спорт түрінен 329 медаль сарапқа салынады. Спорттық ойындар ішінде академиялық есу, бадминтон, баскетбол, бокс, күрес, еркін күрес, грек-рим, велоспорт, трек жарыс, жүзу, волейбол, гандбол, гольф сияқты спорт түрлері бар. Бағдарламаны және негізгі 28 олимпиадалық спорт түрлеріне арналған ойындардың жалпы тұжырымдамасын жақсарту үшін қосымша ретінде брейк-данс, спорттық альпинизм, скейтбординг және сёрфинг таңдалды. Бұл қосымша спорт түрлеріне кейінірек тоқталамыз. Шілденің 26-сы мен тамыздың 11-і аралығында өтетін спорт сайысына қазақстандықтар қай спорт түрлерінен қатысатынын айта кетейік.

Алдын ала жоспарға сүйенсек, Қазақ­стан Париж Олимпиадасына спорт­тың 20 түрінен 100-ге жуық жолдама алуды жоспарлаған. «Біздің міндет – Ұлттық Олимпиада комитетімен, бапкерлер штабы­мен бірлесіп, спортшы өз стартына да­йын болу үшін барлық қажетті жағдайды жасау. Бұл ойынға жоспарымыз асқақ, еліміздің Гимні Парижде шырқалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз» деген министрлік биыл спортты дамытуға 50 миллиард теңге бөлінгенін хабарлаған болатын. Дәл қазіргі есеп бойынша қазақстандық спортшылардың қоржынында 26 жолдама бар. Оның ішінде бокстан – 7-еу, атудан – 5-еу, садақ атудан – 4-еу, велоспорттан – 3-еу, қазіргі бессайыстан – 2-еу, таэквондодан – 2-еу, еркін күрестен – біреу, грек-рим күресінен – біреу, көркем гимнастикадан – біреу. Айта кетейік, спортшылар Олимпиада ойын­дарына дейін лицензиялық жарыс, оның ішінде Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты және рейтингтік турларға қаты­сып, Жазғы Олимпиада ойын­дарына жолдама ұтып ала алады. Төрт жыл бұрын Токиода өткен Олимпиадада қазақстандық спортшылар спорттың 27 түрінен 96 лицензия жеңіп алғанын да айтып өткеніміз жөн.

Бокс пен зілтемір көтеру Олимпиада ойындарынан алынады ма?

Жоғарыдағы уәдеміз бойынша, қосым­ша спорт түрлеріне тоқталып өтсек. 2021 жылдың желтоқсанында өткен Халық­ара­лық Олимпиада комитетінің отырысында Атқарушы комитет өкілдері жазғы ойындар бағдарламасын талқылаған еді. Комитет мүшелері бір ауыздан шешім шығарып, Олимпиада бағдарламасына Токио Олимпиадасынан бастап енген сёр­финг, спорттық құзға өрмелеу және скейт­бординг спорт түрлерін 2028 жылы АҚШ-та өтетін ХХХІҮ жазғы Олимпиада ойындары бағдарламасына да қосты. Енді бұл спорт түрлері Олимпиаданың ресми спорт түрлері қатарында әр бағдарламаға енбек. Өкініштісі, аталған спорт түрлері біздің елімізде мүлде дамымаған. Сөзімізге дәлел, Токио Олимпиадасында сёрфинг және скейтбордингтен Қазақстан намысын қорғайтын бірде-бір спортшы болған жоқ. Ал құзға өрмелеу спортынан отандасымыз 11-орынға тұрақ­тап, қанағат тұтып қайтқан еді. Яғни бұл спорт түрлерінен Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Париж Олимпиадасында да, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында да жүлдеге үміт арта алмайды.

Енді бір мәселе алдағы Олимпиада ойын­дарынан бокс, ауыр атлетика мен қазіргі бессайыс спорт түрлері алынып тасталуы мүмкін. Әзірге ХОК мүмкіндік беріп отыр. Егер аз уақыттың ішінде Халықаралық бокс қауымдастығы қаржылық ашықтық бойынша жұмыстың жақсарғанын көрсетіп, әділ төрешілерді тағайындауды дұрыс жолға қойса, Халық­аралық ауыр атлетика федерациясы допингпен күрес жөніндегі ұсыныстарды толық орындаса, Халықаралық бессайыс одағы атпен жарысуды алмастыратын жаңа бағдарлама дайындап шығарса, мәселе шешілді деуге болады. Бірақ осы үш спорт түрінің ұйымдары ХОК қойған талаптарды орындамайтын болса, 2028 жылғы АҚШ-та өтетін Олимпиадада бұл спорт түрлерінен спортшылар қатыса алмайды. Қазіргі бессайысты айтпағанда, бокс пен ауыр атлетика 2028 жылғы Олимпиададан алынып тасталатын болса, Қазақстан спортының Олимпиадалық көрсеткіші құлдырауы бек мүмкін. Себебі бұған дейінгі Қазақстан төбе көрсеткен 7 жазғы Олимпиада ойын­­дарында алған 72 медальдің 36-сы боксшылар мен зілтеміршілерге тиесілі. Жазғы спорт түрінен тәуелсіз елімізден шыққан 15 Олимпиада чемпионының 9-ы осы екі спорт түрінің өкілдері.

Доппинг дауы қазақстандық спортшыларды да айналып өтпеді

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиы­ры» емес, даудың басы – доппинг пен әділетсіз төреші. Оқырман есінде болса, 2016 жылы Рио Олимпиадасының шешуші сәтінде қазақстандық және ресейлік бокс­шы арасындағы кездесу әділетсіз өткен болатын. Көре көзге төрешілер жеңісті ұпай салмағы аз түскен Ресей өкіліне берген-тін. Сол кезде Қазақстан ғана емес, Халықаралық Олимпиада комитеті де АІВА-ның қызметіне күдік келтірді.

Ауыр атлетиканың жолы да жеңіл бол­май тұр. Ресми деректерге сүйенсек, Халықаралық ауыр атлетика федерация­сында жемқорлықтың тамыры тереңге жайылған. Бұл өз кезегінде Халықаралық Олимпиада комитетінің беделіне қатты нұқсан келтіруде. Осындай себепті басты мәселе ретінде ұсынған ХОК ауыр атлетикаға бөлінген квота санын жыл сайын азайтуда. Нақтылар болсақ, Риода 260 квота, Токиода 196 квота берілген. Биыл шілде айында бас­тау алатын Олимпиада ойындарында зіл­теміршілер үшін небәрі 120 квота ғана бөлінбек, соған сай жүлделер жиынтығы да қысқарады.

Допинг дегенде қазақстандық спортшылар да «сүттен ақ, судан таза» шықпай отыр. Оны жасырып-жабудың қажеті де жоқ. Себебі Олимпиадада жарқыратып алған медальдерін кей спортшыларымыз «алған жеріне» қайтарып бергені де жасырын емес. Мәселен, 2012 жылы Лондонда күміс пен қоланы былай қойғанда, төрт қазақстандық зілтемірші чемпион атанып, жанкүйерлерін қуантқан. Кейін допинг дауы қайта көтеріліп, Илья Ильин, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза алтынды Халықаралық Олимпиада комитетіне қайтарып берді. Өкінішке қарай, спортшылардың оған дейінгі Олимпиададағы жеңістері де жоқ­қа шығарылды. Допинг-сынамалардың сақ­талу мерзімі бірнеше жылға дейін жарамды екен. Сондықтан қуаттандырушы дәрі­лік затты қолданып, жеңіске жеткен басқа спорт­шылардың да «чемпион» ата­ғынан айырылып қалу қаупі бар. Айта кетейік, кей мемлекет спортшыларының допинг-сынамаларына көз жұма қарап, сы­байластық жасаған федерация басшысы Тамаш Аян заңсыз іс-әрекеті үшін қызметінен кетуге мәжбүр болған.

Халықаралық антидопинг агенттігі чем­пион­дардың сақталған допинг-сынамаларын қайта тексеру басталғанын ресми түрде жариялап отырады. Мүмкін кіл жүйріктің ішінде шын жүйрікті, нағыз чемпионды анықтау үшін бұл да жөн шығар.

Сыр спортшылары – ел мақтанышы

Спорт туралы сөз қозғағанда Сыр спорты туралы айтпай өтуге болмайды. Сыр топырағынан талай спорт саңлақтары шық­қаны белгілі. Аудан спортшыларының да көп бәсекеде бәсі биік. Олардың ішінде түрлі деңгейдегі спорт сайыстарынан биік белестерді бағындырып жүргендер де бар.

– Аудан бойынша оқушылар және тұр­ғын­дарды қоса есептегенде 14 793 спортшы бар. Яғни халықтың 39 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысуда. Бұл дегеніміз 2023 жылмен салыстырғанда спортпен шұғылданушылар 73 адамға артқан дегенді білдіреді. Жастарымыз спортпен шұғылдануы үшін ең бірінші кезекте спорт нысандары да халыққа қолжетімді деңгейде болуы тиісті. Мәселен, қазіргі таңда ауданымызда 2 стадион, 5 спорт кешен, 28 спорт зал, 21 жапсарлас спорт зал, 74 жазықтық құрылғы жұмыс жасау­да. Жалпы 130 дене шынықтыру және спорт нысаны халыққа, оның ішінде спортпен айналысамын деген жасөспірімдерге қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Аталған спорт нысандары тегін негізде қызмет көрсетеді. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында «Мансұр» спорт клубында балалар мен жасөспірімдерге арналған ақысыз түрде спорт секциялары жұмыс жасап келеді. Онда 5-15 жас аралығында балалар жаттығуда және қосымша каратэ, таеквондо, үстел теннисі спорт түрлерінен секциялар ашылған. Жастар жанына спортты серік ету арқылы дені сау ұрпақ қалыптастырып қана қоймай, тәрбиелі әрі саналы жастардың қатарын арттыруға мүмкіндік мол, – дейді аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің бас маманы Әйгерім Мешітбаева.

Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлт­тың намысын айқындайтын ауқымды сала. Осы ретте аудан намысын асқақтатып, об­лыстық, республикалық, халықаралық спорт сайыстарында бәсі биік түсіп, асығы алшысынан келіп жүрген спортшыларымызбен мақтанамыз. Аудан спортшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚР чемпионатынан 80 медаль, Азия чемпиона­тынан 7 медаль, Әлем чемпионатынан 6 медальды қоржынға салған. Жыл басынан бері аудан тұрғындары мен жас­тарды саламатты өмір салтына насихаттау мақсатында барлығы 26 спорттық іс-шара өткізілген. Оған алты мыңнан астам адам қатысқан. Соның ішінде, аудандық және аудандық ашық деңгейде 22 жарыс, облыстық 3 жарыс, республикалық деңгейде 1 жарыс өткізілген. Бұны аудан­дағы спорт саласындағы тың серпіліс­тер деп айтуға негіз бар.

Аудандағы спорт саласын жандандырып, аудан намысын берік ету жолында қазіргі таңда нұсқаушылар мен жаттықтырушылар, пән мұғалімдері жұмыс жасауда. Одан бөлек, сала мамандарының еңбегі зор. Аудан жасөспірімдері спорттың ауыр атлетика, баскетбол, бокс, волейбол, гандбол, дзюдо, еркін күрес, жеңіл атлетика, көгалдағы хоккей, таеквондо, үстел теннисі, футбол, белбеу күресі, гір спорты, дойбы, қол күрес, кіші футбол, шахмат, асық ату, бес асық, көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, грэпплинг, панкратион сияқты түрлерімен машықтана алады.

Түйін. Спорт – тек дене шынықтыру емес, сонымен қоса нағыз тәрбие құралы. Ата-ана баласын жастайынан түрлі спортқа бейімдеп өсірсе, баланың денсаулығы жақсы болмақ әрі бос уақыты тиімді іспен шұғылдануға арналатын болады. Спортпен шұғылданған адамның бойы да, ойы да сергек әрі икемді болатыны және бар. Ал ата-ана балаға спортпен шұғылдануды тек айтып қана қоймай, өз дағдысымен үлгі болуы ләзім.

Елімізде мықты спортшылар жетерлік, спорт саласының ақсап жатқан тұстары да көп екені жасырын емес. Біздіңше, саланы жан-жақты дамытуға күш салу керек. Әсіресе ауыл балаларының спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалуы қажет. Спортқа қызығушылық танытып, сан салада бақ сынап жүрген бүгінгі жасөспірімдердің арасынан болашақта Олим­­­пиа­­­да чемпиондары шығады деген зор үміттеміз. Олардың қатарынан сырдариялық жер­лестерімізді де көргіміз келеді.

Тағы да оқыңыз: