Kyzylorda-news.kz. Ұстаз, шәкірт, мектеп. Үш ұғымды байланыстыратын негізгі құрал – білім екені даусыз. Арамызда шәкірттері үшін бар уақытын аямаған ұстаздар қатары баршылық. Білім беру ісінде озық тәжірибесімен ерекшеленетін мұғалім – мектеп жүрегі саналады. Демек, өз мамандығының шебері атанған ұстазды оқушылары үнемі мақтан тұтады. Бұл ретте, №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақытжан Абылбеков жайлы қалам айтпақшымыз.

Негізінен, көп балалалы отбасынан шыққан Бақытжан Абылбеков – Жаңақорған ауданының тумасы екені мәлім. Кең пейілді мінезімен ерекшеленетін ол – 8 ағайындының кенжесі екен. Көршілес ауданға қарасты Талап ауылындағы №160 орта мектепті бітірген оның бойында спортқа деген қызығушылық басым болған. Бала кезінен қазақша күреспен шұғылданған ауыл баласы арманына қанат бітіру үшін Алматы қаласына барған еді. Осында педогикалық училищеде «Дене шынықтыру» пәні бойынша білім алған. Қайбір жылдары әскер сапына қабылданған Бақытжан Абылбеков Отан алдындағы борышын өтеді. Әскерден келген жас сарбаз еңбек жолын Алматы қаласындағы №139 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептен бастаған. Кейіннен, Тереңөзекке қоныс аударған ұлағатты ұстаз №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәні бойынша қызметке орналасқан.

– Шын мәнінде, менің білім саласы қызметінде жүрегеніме отыз жылдан асқан екен. Алматы қаласынан келгенімде аға буын өкілдері айқын жол көрсете білді. Мен үшін ұлағатты ұстаздардың берген бағыт-бағдары өмірлік сабақ болғаны жасырын емес. Асылында, әке-шешем темір жол саласында қызмет еткен. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болу – бала кездегі негізігі арманым болды. Бір жылдары Тараз қаласындағы мемлекеттік университетте білімімді жетілдірдім. Қазіргі жаңартылған білім мазмұны – бұрынғыдан өзгерек. Осы күні мұғалімдерге талап жоғары қойылатыны тағы бар. Бұдан бөлек, ертеректе балаларға арналған спорт секциялары сирек ашылатын. Ал осы күні барлық мүмкіндік қарастырылған. Біз үнемі баланың бойындағы қай спортқа қабілеті бар екенін анықтап, ақыл-кеңесімізді айтамыз. Расында, кәсіби спортшы болудың негізгі баспалдағы – мектепте қалыптасатыны ақиқат.

Айта кетейік, әрбір буындағы шәкірттердің өзіндік ерекшеліктері болады. Талай жыл дәріс берген оқушыларымыз халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері екенін мақта тұтамыз. Әрқашан хабарласып, өз салалары бойынша жан-жақты ақылдасып отырады. Олардың жетістікке жетуіне кішкене үлес қоса білсек, қуаныштымыз, – дейді ұлағатты ұстаз.

Тарихы терең білім ордасынан түлеп ұшқан дарынды оқушылар тәжірибелі ұстаз Бақытжан Абылбековтің тәлім-тәрбиесіне қаныққан. Талай жыл спортқа бейім жастар білікті мұғалімнің нұсқауы бойынша байрақты бәсекелерден топ жарды. Өткен күндерін еске алған білікті маман жаттығу залдарының материалдық базасының төмендігі жастардың тұрақты спортпен шұғылдануына кедергі келтіргендігін айтады. Мәселен, қара жерде доп қуалаған балалардың чемпион болуға құштарлығы зор болған.

– №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде 7 дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыс жасайды. Балалардың спортқа деген ынтасын ояту – біздің міндетіміз. Жаңартылған білім мазмұны бойынша практикалық сабақтарға басымдық беріледі. Әрине, көкейде жүрген қынжылыс бар. Осыдан 10-15 жыл бұрын бір сыныпта бірнеше бала спортпен шұғылданатын. Бала санасын әлеуметтік желі, ғаламтор жау­лаған уақытта спортқа қызығатындар саны азайды. Дегенмен, оқушылар өзіне керекті ақпаратты, білімді, спортқа қатысты мағ­лұматты алуға тырысады. Сондықтан дене шынықтыру пәні бойынша енгізілген тың жаңалықтармен, ғылыми тео­риялармен ұдайы танысып отырамыз – дейді Бақытжан Абылбеков.

Талантты шәкірттердің томағасын сыпырып, үлкен спортқа дайындаған Бақытжан Әшетұлы тереңөзектік Шынар Мырхиевамен отбасын құрады. Зайыбы Шынар Бағдатқызы бүгінде аудандық оқушылар үйінде қызмет етеді. Педагогика саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан ерлі-зайыптының екі ұлы бар. Үлкен ұлы – Ернұр кәсіби тұрғыдан волейбол спортымен шұғылданған. Екі дүркін ҚР чемпионы. Ал кішісі – Асхат әлі күнге футболмен айналысады. Кейіпкеріміз бос уақытында темірден түйін түйіп, ағаштан түрлі бұйымдарды жасағанды ұнатады. Сонымен бірге ол үйінен жаттығуға арналған бөлме жасақтап, уақытылы дене бітімін қалыпқа келтіріп отырады. Үнемі спорттық жаттығуларға көңіл бөлетін ұстаз жас ұрпақтың шымыр, денсаулығы мықты болып өсуіне ерік-жігерін арнай бермек.
 

Тағы да оқыңыз: