Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында “ARASHI MMA” жекпе-жектен балалар, жасөспірімдер, жастар, ерлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Жарыс нәтижесі бойынша жерлестеріміз биік белесті бағындырып, қарсыластарынан оза шапты. Боз кілемде бағы мен бабы қатар жанған спортшылары бірнеше жүлделі орынға қол жеткізіп, Сырдария ауданының мерейін үстем етті. Атап айтар болсақ, 6-7 жас аралығында 24 кг салмақ дәрежесінде Сулеймен Али 2-орын, 8-9 жас аралығында 26 кг салмақ дәрежесінде Бауыржан Арсен 3-орын, 34 кг салмақ дәрежесінде Нұрбекұлы Шыңғыс 3-орынды жеңіп алды. Ал +42 кг салмақ дәрежесінде Ерғалиев Ерасыл 1-орын, 12-13 жас аралығында 50 кг салмақ дәрежесінде Нұрғазы Нұркелді 1 орын, 14-15 жас аралығында +62 кг салмақ дәрежесінде Нұрғазы Мадияр 1 орын, 16-17 жас аралығында 58 кг салмақ дәрежесінде Мұратов Ерасыл 1 орын, 16-17 жас аралығында 62 кг салмақ дәрежесінде Болатов Мадияр 1 орынды қанжығаға байлады. Сонымен қатар 18 жастан жоғары топ арасында 60 кг салмақ дәрежесінде Серікбаев Азамат 2-орынды жеңіп алды.
Спортшыларды сайысқа дайындап, биік мінберден көрінуіне аянбай жұмыс жасаған жаттықтырушының да еңбегі орасан. Осы ретте жүлделі орын алған жеңімпаздардың жаттықтырушысы Данияр Жүсіпбаев екенін айта кету орынды.
Сонымен қатар аталған спорт додасында 1 орынды жеңіп алған спортшыларымыз Қырғызстан мемлекетінде өтетін Азия чемпионатына жолдаманы жеңіп алды. Спортшыларымыз ендігі жерде аудан намысын байрақты бәсекеде қорғайтын болады. Жауырыны жер иіскемеген жас спортшыларға сәттілік тілейміз.