Kyzylorda-news.kz. Спорт – денсаулық кепілі. Спортпен шұғылданатын адамның бойы сергек, ойы ұшқыр, шыдамды, шымыр болады. "Тәні саудың – жаны сау", "Бірінші байлық – денсаулық" деп ата-бабамыз бекер айтпаған. 

Сырдария ауданында спортпен шұғылданушылар саны күн сайын артып келеді. Әсіресе жастар арасында жекелей спорт түрімен кәсіби тұрғыда шұғылданатындар көп. Ауданда жыл сайын жаңа спорт нысандары бой көтеруде. Мұның барлығы халық арасында бұқаралық спортты дамытуға арналған іс-шаралар. Мектеп жанынан ашылған спорт үйірмелері де болашақ чемпиондарын дайындауда.

Жақында ауданның спортшылары тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл жолы былғары қолғап шеберлері жарыс алаңына шықты. Қазақстан Республикасының спортына еңбегі сіңген спортшы, Құрмет белгісінің иегері Қуаныш Қаражановтың жүлдесіне арналған бокстан ХІІІ-Республикалық турнир жалауын көтерген болатын. Турнир 2009-2010 және 2011-2012 жылы туылған жасөспірімдер арасында өтті. Республикалық бәсекеде спортшылар спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады. 

Айту керек, сырдариялық Әлинұр Бақытбекұлы бірінші орын алса, қос спортшы Хамит Талипов пен Нұрперзент Кендірбай үшінші жүлделі орын иеленді. Спортшылардың жаттықтырушылары Оралжан Болатбеков, Асқар Қуанышов, Руслан Ысқақ.

– Республикалық додада бақ сынаған спортшыларымыз жақсы дайындықтарын көрсетті. Жеңіске жеткен боксшыларымызды құттықтаймыз. Алда талай жарыстар күтіп тұр. Сырдариялықтар намысты қолдан бермеуге барын салатынына сенімдіміз, – дейді жаттықтырушы Оралжан Болатбеков.
 

Тағы да оқыңыз: