Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында бұқаралық спортты дамыту жақсы қолға алынған. Күн сайын спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанушылардың да қатары көбеюде. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында спорттың қол күресімен шұғылданушылар саны артуда. Спортшыларды ынталандыру мақсатында өңірде өтетін түрлі жарыстарға шығарып, нәтижесінде жүлделі орын иеленіп, аудан атын шығаруда.
Жақында Қармақшы ауданы Жосалы кентінде спорт саңлағы Аслан Әділбековті еске алуға арналған турнир өтті. Қол күрестен өткен турнирге 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатысты. Облыстық ашық турнирге Арал, Қазалы, Байқоңыр, Қармақшы, Сырдария, Жаңақорған аудандарынан бақ сынады. Білекті де, жүректі спортшылардың арасынан Сырдария ауданының командасы 90 ұпаймен бірінші орынды жеңіп алды.
Сырдария ауданы құрама командасы спортшыларының жекелей орындарына тоқталсақ, 45 келі салмақта Дінмұхамед Тұрсынбай, 60 келіде Нұрсат Смат, 80 келіде Рахат Әбутәліпов қарсыластарын шақ келтірмей бірінші орын тұғырына көтерілді. 65 келі салмақта Ержігіт Жаппарбек бір спортшыға есе жіберіп, жүлделі екінші орын алды. Ал 40 келіде Нұрдәулет Қанатұлы, 50 келіде Әлихан Алдабергенұлы, 55 келіде Еркебұлан Маратжанов, 70 келі салмақта Сержан Бахытбеков және 75 келіде өнер көрсеткен Ислам Әбдікәрімов үшінші орынды қанағат тұтты.
Айту керек, Сырдария ауданы құрама команда спортшыларын жарысқа негізгі құрамды дайындаған Сырдария аудандық спорт клубының жетекші-жаттықтырушылары Жасұлан Өмірбаев, Төлеген Жақыптың еңбектері зор. Сонымен қатар аудан құрамасына өз үлестерін қосқан Аманкелді ауылындағы №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейдің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Темірлан Жанахметов, спортшы Дінмұхамед Тұрсынбайдың жетекшісі және Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Руслан Ділдебаев, спортшы Әлихан Алдабергенұлының жетекшісінің айрықша еңбектері бар.
– Сырдариялық спортшылар әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Бұл тыңғылықты дайындықтың арқасы. Жаттықтырушылар спортшыларды спортқа баулығанда қаншама тер төгеді. Намысты қолдан бермейтін жігіттер білектің күшін көрсетіп, аудан намысын жібермеді. Бұл біздің алғашқы да соңғы да жеңісіміз емес. Республика, облыс көлемінде өтетін жарыстарға қатысып, спортшыларымыз туған жердің тұғырын биікке шығаратын болады, – дейді Сырдария аудандық спорт клубының жетекші-жаттықтырушысы Жасұлан Өмірбаев.