Kyzylorda-news.kz Халқымыздың қаһарман эпостарында зор шабытпен жырланатын жекпе-жек спорты қазір зор танымалдылыққа ие екені мәлім. Спорттың осы түрімен шұғылданушылардың саны ауданымызда да артып келе жатқандығы қуантады.
Білекті де жүректі жаттықтырушы Данияр Жүсіпбаев соңғы жылдары аудан жастарын ережесіз жекпе-жекке баулу үстінде. Жетістіктері де баршылық. Спортшы жігіттердің жетістігін жерлестерімізге сүйіншілеп жеткізуді жөн көрдік.
Өткен аптада сырдариялық спортшылар Қазақстан Республикасының чемпионатынан жүлделі оралды. Алматы қаласында өткен чемпионаттың қорытындысы бойынша Нұркелді Нұрғазы 53 келі салмақ дәрежесінде жүлделі І орынды жеңіп алды. Ол 12-13 жас аралығындағы балалар арасында сынға түсіп, білек күшінің қарсыластарынан басым екенін дәлелдеді. Ал 16-17 жас аралығында жасөспірімдер арасында 66 келі салмақ дәрежесінде Мадияр Болатов ІІ орын иеленді. Сондай-ақ 14-15 жас аралығында жасөсірімдер арасында өткен бәсекеде 77 келі салмақ дәрежесінде Мадияр Нұрғазы ІІІ орын тұғырынан көрінген болатын.
– Бұл біздің алғашқы да, соңғы да жетістігіміз емес. Спорттағы мақсатымыз айқын, жеңіске деген ынтамыз бен құлшынысымыз да жоғары. Әрине, ел чемпионатында жүлде алу оңай емес. Шәкірттерімнің сенімді ақтап, намысты қолдан бермегеніне қуаныштымын. Алдағы уақытта да жерлестерімізді жақсы жетістіктермен қуанта береміз. Аудан жастарын спортпен шұғылдануға шақырамын, – дейді спортшы балалардың жаттықтырушысы Данияр Жүсіпбаев.