Kyzylorda-news.kz Дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші – тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту болып табылады.Оның негізгі жолы – спорттық жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту.
Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бағдат Есенов бөлімнің жыл басынан бері атқарған жұмысы жайлы айтып берді.
– Ауданда дене шынықтыру және спорт бөлімі, 1 спорт клубы, 2 спорт мектебі, 17 жалпы білім беретін мектеп, 1 аграрлық-техникалық колледжі, 3 балалар жасөспірімдер клубы жұмыс жасайды. Сондай-ақ аудан тұрғындарының спортпен шұғылдануы үшін ең бірінші кезекте спорт нысандары халыққа қолжетімді деңгейде болуға тиісті. Осыған байланысты ауданда 2 стадион, 5 спорт кешені, 1 тир, 2 спорттық ядро, 40 қарапайым спорт алаңы, 22 шағын жасанды синтетикалық төсеніштен жасалған спорт алаңы және 10 алаң, 29 спорт зал, 21ыңғайластырылған спорт зал бар. Жалпы аудандағы барлық 132 спорт нысандары тегін негізде қызмет көрсетеді. Сонымен қатар биыл мемлекеттік спорттық тапсырыс негізінде балалар мен жасөспірімдерге ақысыз түрде спорт секциялары ашылды. Атап айтқанда, Сырдария спорттық-зияткерлік орталығы мен «Мансұр» спорт клубында 5-15 жас аралығында каратэ, таеквондо, үстел теннисі спорт түрлерінен секция ашылды, – дейді бөлім басшысы.
Дүбірлі додаларда аудан мерейін үстем ететін жастарды білікті дене шынықтыру мұғалімі және оқытушы-жаттықтырушылар тәрбиелейді. Аудандағы 243 маманның 222-і жоғарғы білімді, 21-і арнаулы орта білімді. Жалпы білім беретін мектептерде136 дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен спорт бойынша 58 жаттықтырушы-оқытушы бар. Аудан бойынша барлығы 539 дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Бүгінде ауданда оқушылар және тұрғындарды қоса есептегенде 13126 спортшы, яғни халықтың 34 пайызы жүйелі түрде спортпен шұғылданады.
Облыста 2009 жылдан бастап бұқаралық спортты дамыту мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы спорт нұсқаушыларын қаржыландыру тәжірибесі енгізілді. Соның нәтижесінде жалпы білім беру және спорт мектептерінің спорт залдарында оқу үдерісінен тыс уақытта елді мекен тұрғындары бекітілген спорт нұсқаушылары арқылы дене шынықтыру және спортпен шұғылдануда. Қазіргі таңда конкурс аяқталып, спорт нұсқаушыларыменкелісімшартқа отыру жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда спорттық нысандарды жөндеуден өткізуде айтулы жұмыстар жүргізіліп келеді. Өткен жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен Орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары атқарылса, Нағи Ильясов және Сәкен Сейфуллин ауылдарындағы спорт алаңдары демеушілер есебінен күрделі жөндеуден өтті. Қалған спорт алаңдар рет ретімен жөндеуден өтетін болады. Негізінен, аудан бойынша 22 шағын спорт алаңдары бар, олар елдімекендегі мемлекеттік мекемелердің теңгеріміне берілген.
Спортқа деген қолдаудың арқасында сырдариялық спортшылар ҚР чемпионатынан 56 медаль, Азия чемпионатынан 6 медаль, Әлем чемпионатынан 2 медаль жеңіп алды. Осындай жеңістердің нәтижесінде ауданда 98 спортшы І разряд, 246 спортшы спорт шеберіне үміткер, 24 спортшы спорт шебері, 9 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері бар. Сонымен бірге Гір спортынан өткен Азия чемпионатында Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем, Еуропа чемпионы Оразбек Медетбаев гір спортынан Гиннес рекордшысы, «Алтын гір» иегері атанды.
– Аудан бойынша 5 айда 46 жарыс өткізіліп, оған 4396 адам қатысты. Атап айтқанда, Бесарық ауылында дзюдодан «Абай Дәулет» ЖШС-нің жүлдесіне арналған республикалық турнир, Тереңөзек кентінде панкратионнан, дзюдодан, асық атудан, облыс біріншіліктері, Орталық стадионда футболдан жасөспірімдер арасында жарыс және тоғызқұмалақтан Тұрғанбай Болғанбайұлын еске алуға арналған облыстық жарыс өтті. Ал есепті кезеңде байрақты бәсекелерде аудан спортшылары нәтижелі жетістіктерге жетуде. Ақтөбе қаласында гір спортынан Қазақстан Республикасының чемпионатында Сейітбай Нұртаза мен Даулетиярова Шехназ жүлделі 3 орынды, Шардара қаласында өткен гір спортынан ҚР чемпионатында Төлеген Жеңісбек 2 орын, Даулетиярова Шехназ бен Сейітбай Нұртаза 3 орынды және Ақмола облысы, Щучинск қаласында гір спортынан Азия чемпионатында Төлеген Жеңісбек, Сейітбай Нұртаза жүлделі 2 орынды жеңіп алды. Оған қоса, Нұр-Сұлтан қаласында өткен тоғызқұмалақтан ҚР жастар арасында жекелей чемпионатында Пернебаев Ерасыл 2 орын, Ахметов Дамир 1 орын, Кенжебекова Ақерке 1 орын, Маханова Нұрсұлу мен Ақылбек Айым 3 орынға, Орал қаласында тоғызқұмалақтан ерлер арасында ҚР чемпионатында Б.Бостандықов, Д.Ахметов, Е.Пернебаев жүлделі 1 орынды және Тараз қаласында балалар мен жасөспірімдер арасындағы греплингтен ҚР чемпионатында спортшымыз Кеңес Мағжан жүлделі 1 орынға ие болды.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласында ережесіз жекпе-жектен облыс чемпионатында спортшыларымыз жүлделі орындардан көрінсе, Арал ауданында асық ату мен бес асықтан облыс біріншілігінде ұлдар командасы 1 орын, қыздар командасы 3 орынды иеленді, – дейді бөлім басшысы Бағдат Есенов.
Ауданда бұқаралық спортты дамыту мақсатында Сырдария спорт клубы жұмыс жасайды. Мұнда 32 қызметкер еңбек етеді. Қазіргі таңда спорт клубта гір спорты,қол күресі, бокс, грэпплинг, тоғызқұмалақ, бес асық, баскетбол, волейбол, ауыр атлетика, футбол үйірмелері бар. Аталған үйірмелерге қатысушылар саны 864 адамды құрап, әр жаттықтырушы төрт топтан жұмыс жасап келеді.
Биыл аудандық спорт клубының спортшылары жақсы нәтиже көрсетуде. Әсіресе, гір көтеруден Гиннес рекордшысы, жоғары санаттағы облыстың аға жаттықтырушысы Оразбек Медетбаевтың оқушылары Даулетиярова Шехназ, Төлеген Жеңісбек, Сейітбай Нұртазалар Ақтөбедегі Қазақстан Чемпионатында, Қостанайдағы Халықаралық турнирде, Шучинск қаласындағы Азия Чемпионаттарында үздіктер қатарынан көрінді. Ал бес асықтан аудан намысын қорғап жүрген 17-20 жас аралығындағы спортшылар Қызылорда облысының үздіктер қатарына енсе, жаттықтырушысы Эльмира Раимқұлова Президенттік көпсайыстың жүлдегері атанып жүр. Панкратион бойынша да Қазақстанның үздіктері болып Шахмат Әбілмансұр, Асылжан Абетов, Нұрқазы Нұркелді, Қайсар Әбубакиров, Мадияр Нұрқазиев сынды бетке ұстар спортшыларымыз бар. сондай-ақ қол күрес, волейбол, тоғызқұмалақ, ауыр атлетика спорты бойынша Сырдария облыстың үштігінде.
Бүгінде ауданда ұлттық спортты дамытуға күш салынуда. Осыған орай биыл аудан әкімінің қолдауымен «Соркөл» маңайынан 100 гектар жер телімі беріліп, ат спортына ипподром ашуға мүмкіндік жасалуда. Бүгінгі таңда құжаттары әзірлену үстінде.