Kyzylorda-news.kz Спорт – адамзат баласының рухани әлемі үшін де маңызды. Бұл – өмір, қозғалыс, денсаулық. Бүгінде Сырдария ауданының  орталығындағы спорт клубы ғимаратының жаттығу залы кешкі уақытта жалпы аудан тұрғындарына тегін қызмет көрсетеді.

Атап айтақанда, өткен жылы толық жөндеуден өткен спорт клубы ғимараты дене жаттығуы үшін қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Сырдария аудандық спорт клубы мекемесі 2011 жылы ашылып, осы уақытқа дейін аудан тұрғындарының саламатты өмір салтын қалыптастыруына өз үлесін қосуда. Жастар мен жасөспірімдер бос уақытын тиімді өткізіп, жаттықтырушылармен бірге спортпен тұрақты түрде шұғылданып жүр. Соның ішінде аталған спорт мекемесінің спортшылары түрлі сайыстардың жүлдегері екенін атап өту орынды.

– Жаттығу залын кешкі уақытта қызметке қосу бұқаралық спортты дамыту мақсатын көздейді. Күндіз өзіміздің оқушылар жаттығады, кешкі уақытта жаттығу залы барлық тұрғын үшін қолжетімді. Ер кісілер мен әйел адамдарға бөлек кесте де қарастырылған. Нәтиже жаман емес. Жалпы аудан тұрғындарының спортқа деген көзқарасы жақсы қалыптасып келеді. Жастар мен жасөспірімдер ғана емес, егде жастағы кісілердің де спортты жанына тұрақты серік етуі – көпшілікке үлгі. Жақында ғана күрделі жөндеуден өткен аудандық спорт клубы мекемесінде бүгінгі таңда 792 спортшы спорттың 9 түрінен жаттығуда. Мұнда бокс, волейбол, футбол, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, қол күрес, гір спорты, жекпе-жек, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен үйірмелер тұрақты жұмыс жасайды. Спорт­шылардың жеткен жетіс­тіктері де жоғары. Талапты жастарымыздың алар асуы әлі алда екені даусыз.Клубымызда қазіргі таңда 11 жаттықтырушы, 3 нұсқаушы, 7 әкімшілік және кіші буын қызметкерлері жұмыс істейді, – дейді спорт клубының директоры Д.Әлжанов.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Спорт клубы ғимаратының жаттығу залы күнделікті кешкі уақытта аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Кешкі сағат 19.00 мен 21.00 аралығында тұрғындар жаттығу залына барып, жұмыстан кейінгі уақытты тиімді пайдалана алады. Келушілер жасына шектеу қойылмайды. Сондай-ақ күн сайын клуб жаттықтырушылары тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, нұсқаулық жасайды. Қазіргі таңда жаттығу залында спорттық құрал-жабдықтардың түр-түрі бар.

– Мен спорт клубының жаттығу залына тұрақты түрде барып тұрамын. Мектеп кезінде қол күреске қаты­сып, бірақ кейін спорттан біраз уақыт қол үзіп қалған едім. Жыл басынан бері аталған фитнес залына барып, жаттығуды қолға алдым. Спорт денсаулық кепілі деген ұран­ды әрдайым алға қойғандықтан, тұрақты түрде спорт клубта жұмыс уақытынан кейін жаттығып жүрмін. Ең тиімдісі, жұмыстан кейінгі уақытта келіп, денсаулығыңа көңіл бөлуге мүмкіндік қарастырылған. Саламатты өмір салтын қалыптастыру маңызды. Әсіресе, жастар мен жас­өспі­рімдер арасында дене қимылын көбейту, спортқа баулуды тоқтатпау қажет, – дейді жаттығушы М.Сейілханов.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

Тағы да оқыңыз: