Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылында ұлағатты ұстаз Орынбек Қосжановты еске алуға арналған білім қызметкерлері арасында баскетболдан турнир өтті.

Жарысқа ауыл мектептерінен жасақталған 5 команда қатысты.

“Тәуелсіздік алғалы бері елімізде жыл сайын жүргізіліп, білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар біздің болашағымызға салынып жатқан даңғыл жол деп айтуымызға болады. Осы орайда ауылымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан білікті маман, білім беру саласында өзіндік із қалдырған ұлағатты ұстаз, еселі еңбегімен ел жадында қалған арда азамат Орынбек Қосжанов еске алуға арналған білім қызметкерлері арасындағы баскетболдан №129 Ә. Жәмішев атындағы орта мектебінде өткелі отырған турниріне қош келдіңіздер!

Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі іс қалдырып, тағылым болар із қалдырып, адамдықты адал ниетке балаған, еңбегінде еті өліп, қызметін ел үшін деп таныған, жанұясына мәуелі бәйтерек болып өмірден өткен қаншама тұлғаларымыз бар!
Сондай парасаттылардың арасында есімімен ерекшеленіп, болмысымен бөлініп, жайдары, жаймашуақ мінезімен менмұндалап, тұлғалық қасиетімен таудай болып көрінетін сыр өңірінің тумасы Қосжанов Орынбек ағамыз еді”, – дейді Шіркейлі ауылының әкімі Талғат Құланқадыров.

Бар саналы ғұмырын, жастық жолы мен күш қайратын тынымсыз еңбекпен ағайын туыстықтың бірлігімен, жанұясының берекесіне арнаған Орынбек Қосжановты тамырын тереңнен тартқан туған жері, ауыл тұрғындары мен бауырлары, жанұясы және шыңдағы шәкірттері қимастықпен еске алды.

Жарыс қорытындысымен 1 жүлделі орын № 129 Ә. Жәмішев атындағы мектеп-лицейдің командасына бұйырды. 2 орынды № 42 мектеп-лицейдің командасы жеңіп алды. Жүлделі 3 орынға № 37 мектеп-лицейдің командасы тұрақтады.

Айта кетейік, Қосжанов Орынбек Қосжанұлы 1962 жылы Ақпан айының 27 ші жұлдызында Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Еңбек Қызылту орденді Шіркейлі кеңшарында дүниеге келген. Балалықтың бал қызығына тоймай, еркелеп жүріп ержеткен, туған жеріндегі № 129 «Қызылту» орта мектебіне 1969 жылы 1 сыныпқа қабылданып, ерекше зейінділікпен, жоғары үлгерімімен 1979 жылы 10 жылдық білім ордасын тәмамдаған. Мектеп қабырғасында спортпен шұғылданып, аудандық, облыстық жарыстарға белсене қатысып жүлделі орындарға қол жеткізген. Қызылорда қаласындағы ауылшаруашылық техникумына механик-техник мамандығы бойынша 1-курсына қабылданған Орынбек Қосжанұлы, 1981-1983 жылдары Чехославакия жерінде отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып аман есен елге оралған еді. Туған жеріне сағынышпен оралған Орынбек Қосжанұлы еңбек жолын 1984 жылы инженер жабдықтау мамандығы бойынша бастап, 1988-1993 жылдар аралығында Өндірістен қол үзбей Алматы ауылшарушылық институтының сырттай бөліміне түсіп инженер-педагог мамандығы бойынша жоғары оқуын тамамдады. 1993-1995 жылдары №1 өндірістік бригадасына механик-техник болып, 1995-1998 жылдары осы кеңшардың бас инженері болып тағайындалып, 1998-2007 жылдар аралығында аудан әкімінің шешімімен Шіркейлі аудандық округінің әкімі болып тағайындалды. 2008 жылы № 129 Ә. Жәмішев атындағы орта мектепте директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары және технология пәнінің оқытушысы лауазымы бойынша қызметке келді. Жылышырайлы жүзімен кез келгенді жа¬нына жақын тартатын, салмақты, салиқалы сөзімен барлығын баурап алатын, ағалық ақ қасиетімен қашанда жылы шуағын шаша білетін Қосжанов Орынбек Қосжанұлы қай салада еңбек етседе абыроймен, үлкен жауапкершілікті мойнымен көтере білді. Ауылдың көркеюіне, экономикалық дамуына өз үлесін қоса білді. Елге деген еңбегі еленіп аудан, облыс әкімдерінің алғыс хатымен, тұңғыш президент Н. Назарбаевтың Құрмет грамотасымен Тереңөзек ауданына 90 жыл мерекелік медальімен марапатталған.

Тағы да оқыңыз: