Kyzylorda-news.kz.   Сырдария ауданында жүйелі түрде спортпен айналысатын жандар қатары жетерлік. Тұрақты түрде спорт саласын дамытуға мемлекеттен, атқарушы биліктен қолдау көрсетіліп отырады. Қазіргі уақытта мәдениет және спорт бөлімі біріктіріліп,  дербес бөлімнің жұмысы 2 есеге арта түсті. Спорт саласындағы өткен жылы атқарылған жұмыстар ауқымы кең. Орталық стадион қайта жаңғыртудан өтіп, жергілікті тұрғындарға қолайлы орта қалыптасты. Өз кезегінде өткен жылы сала бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық мәдениет және спорт бөлі¬мінің басшысы Жігер Айекешовпен сұқбаттасқан едік.  

– Жігер Оңдасынұлы, ауданның спорт саласын бірнеше жылдан бері басқарып келесіз. Өткен жылы өзіңіз жетекшілік ететін салада қандай жұмыстар атқарылды.

– Сырдария ауданында дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші ол – тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту болып табылады. Бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – спорттық жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту екенін жақсы білесіз.  Жалпы, аудан бойынша оқушылар және тұрғындарды қоса есептегенде 14702 спортшы, яғни халықтың 38 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысуда. 2021 жылмен салыстырғанда 4 пайызға көбейіп, 1576 адамға артқан. Аудандық мәдениет және спорт бөлімінің жалпы халықты дене шынықтыру және спортқа тарту жолындағы мекемелері 1 спорт клубы, 2 спорт мектебі, 17 жалпы білім беретін мектеп,  1-аграрлы техникалық колледжі, 1 балалар жасөспірімдер клубы жұмыс жасайды. Жастарға спортты жанына серік ету арқылы  дені сау ұрпақ ретінде қалыптастырып қана қоймай, тәрбиелі әрі саналы жастардың қатарын арттыруға септігін тигізеді. 
Жастарымыз спортпен шұғылдануы үшін ең бірінші кезекте спорт нысандары да, халыққа қолжетімді деңгейде болуға тиісті. Мәселен, қазіргі таңда ауданымызда  2 стадион, 5 спорт кешен, 30 спорт зал, 22 жапсарлас спорт зал, 1 тир бар.  Сонымен бірге  жазықтық құрылғылар 74.  Оның ішінде 2 спорттық ядро, 40 қарапайым спорт алаңы, 22 шағын жасанды синтетикалық төсеніштен жасалған спорт алаңдары және басқа да 10 алаң жұмыс жасауда. Барлық дене шынықтыру және спорт нысандары саны – 134-ті құрайды. Аталған спорт нысандар тегін негізде қызмет көрсетеді. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында «Мансұр» спорт клубында балалар мен жасөспірімдерге арналған ақысыз түрде спорт секциялары жұмыс жасап келеді. Онда 5-15 жас аралығында балалар жаттығуда. Және 2022 жылы каратэ, таеквондо, үстел теннисі спорт түрлерінен секциялар ашылды. 2009 жылдан бастап облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы спорт нұсқаушыларын қаржыландыру тәжірибесі енгізілген болатын. Нәтижесінде, жалпы білім беру және спорт мектептерінің спорт залдарында оқу үдерісінен тыс уақытта елді мекен тұрғындары, бекітілген спорт нұсқаушылары арқылы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады. 2022 жылдың қорытындысымен 22 спорт нұсқаушы жұмыс жасап, 4000 ада.мды спортқа тартты.  

– Аудан спортшыларының толағай жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.

– Жалпы, ауданның барлық спортшылары осы уақытқа дейін облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, бірнеше нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен,      ҚР чемпионатынан 56 медаль, Азия чемпионаты 6 медаль, Әлем чемпионатынан  4 медал еншіледі еншіледі.Сонымен бірге спортшыларымыз спорттық атақтарға ие болды.  Анығын айтқанда, І разряд 96 спортшы, спорт шеберіне үміткер 267 спортшы,  спорт шебері – 25 спортшы,  халықаралық дәрежедегі спорт шебер  9 спортшы бар.  Ақтөбе қаласында гір көтеру спортынан ҚР чемпионатында жерлесіміз Сейітбай Нұртаза жүлделі 3 орынды жеңіп алды. Нұр-Сұлтан қаласында тоғызқұмалақтан ҚР чемпионатында Дамир Ахметов жүлделі І орынды қанжығасына байлады.  Асық ату мен бес асықтан облыс біріншілігі және ережесіз жекпе-жекте облыс чемпионатында спортшыларымыз жүлделі орындарды жеңіп алды. Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында Бексұлтан Бостандықов  ІІ орынды еншіледі.  

 – Өткен жылы қанша спорттық іс-шара өткізілді? 

2022 жылдың 12 айы бойынша өткізілген спорттық жарыстар саны 130-ды құрап отыр. Аталған жарыстарға  13643 адам қатысты. Аудандық және аудандық ашық деңгейде 107 жарыс, облыстық және облыстық ашық деңгейде 19 жарыс, Республикалық деңгейде 3 жарыс және Халықаралық деңгейде 1 жарыс өткізілді. Бесарық ауылында дзюдодан «Абай Дәулет» ЖШС-нің жүлдесіне арналған республикалық турнир және Панкратионнан облыстық турнир жүзеге асты.  Волейболдан жасөспірімдер арасында облыстық біріншілік өз дәрежесінде өткізілді. «Нашақорлыққа жол жоқ» «Бәріңде жарысқа» ұранымен жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында аудандық эстафеталық сайыс өткізілді.  Спорт ардагері Тұрғанбай Болғанбайұлын еске алуға арналған тоғызқұмалақтан облыстық турнир, асық атудан жасөспірім ұлдар арасында облыстық біріншілік, дзюдодан облыстық біріншілік, футболдан жасөспірімдер арасында жарыс ұйымдастырылды. Сонымен бірге  «Отбасы» күніне орай отбасылық эстафеталық сайыс және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында аудандық жарыс болды. «Алтын балық-2022» әуесқой балық аулаушылар арасында облыстық жарыс және Мемлекет және Қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан ХХІІ халықаралық турнирі ұйымдастырылды. Ережесіз жекпе-жектен облыстық турнир жалауын көтерді. Және аудандық әуесқойлар футбол лигасы ашылды. ҚР Тәуелсіздігі мерекесіне орай бокстан жасөспірімдер арасында КСРО спорт шебері, білікті бапкер, ұлағатты ұстаз Асылбек Шәріпбайұлы Матиковты еске алуға арналған облыстық турнир ұйымдастырылды.

– Спорт нысандарына жөндеу жұмысы жүргізілді ме?

– «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы 2021 жылы орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.  Орталық стадионнан жаттығу және стритбол алаңы салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді.  Демеушілер есебінен 2 елді мекенде орналасқан спорт алаңдар күрделі жөндеуден өтіп, халықтың пайдалануына берілді. Қалған спорт алаңдар рет-ретімен жөндеуден өтетін болады. Аудан әкімінің бастамасымен, демеушілердің қолдауымен Тереңөзек кентінің орталық саябағында, Б.Момышұлы және Қазақ көшелерінде, сонымен қатар Шаған ауылында балаларға арналған ойын алаңдары бой көтерді.

– Осы жылы дербес бөлімнің атқаратын жұмыс межесі қалай жүзеге аспақ?  

– 2023 жылы алдымызға қоған мақсат-міндеттеріміз жеткілікті.  Елді-мекендерде, кенттегі шағын жасанды жамылғысы бар спорт алаңдарын қалыпқа келтіруді қамтамасыз ету, Бұқаралық спортты дамытумен қатар, бәсекеге қабілетті біліктілігі жоғары спортшыларды әзірлеу жұмыстарын жүргізу, облыстық ауыл спортшыларының «Алтын күз» спартакиадасында жүлделі орыннан көріну, ауданымызда бұқаралық спортты дамыту мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шенберінде атқарылатын жұмыстарды жандандыру – негізгі мақсатымыз. Сонымен бірге мектепте оқитын балалар мен жасөспірімдер арасында ұлттық мектеп лигасын жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізу және облыстық іріктеуге қатысу, Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған Халықаралық жарысты жоғары деңгейде өткізу, облысымыздың спорт жұлдыздарының қатысуымен аудан жас спортшыларымен мотивациялық кездесу өткізу, футболдан әуесқойлар лигасының жеңімпазын Республикалық ақтық ойынға қатыстыру, аудан орталығы Тереңөзек кентінде облыстық деңгейде жарыс яғни турнирлерді көптеп ұйымдастыру міндеті тұр.

 

Тағы да оқыңыз: