Kyzylorda-news.kz  Қазақ халқы қашанда қызды қадірлеп, мейірімділікпен қарап, бағалаған. «Руыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген сөздің өзінде үлкен мән бар. Жаугершілік заманда да қолына қару алған қыздарымыз аз емес. Сол секілді спорт саңлақтарының арасында да бұрымдыларымыз ел абыройын асқақтатып жүр.

Каратэден тұңғыш әлем чемпионы

Қыздар арасында жұдырығы қатты былғары қолғап шебері, каратэ мен таэквондо үздігі немесе боз кілем төрінде қарсыласының жауырынын жерге тигізген үздіктер көп. Каратэ спортын жанына серік етіп, талайды мойындатқан Мөлдір Жаңбырбай 1997 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. №212 орта мектептің түлегі. Ептілік пен мықтылық, төзім сыналатын каратэ спортымен 9 жасынан бастап шұғылданады. Бүгінде ол каратэден Қазақстан Республикасының спорт шебері, ересектер арасында ұлттық құрама команданың мүшесі.

Мөлдірдің үздіктер қатарынан көрінетіні әу бастан-ақ белгілі болды. Индонезияда өткен 2010 жылғы Азия чемпионатында қола жүлде иеленді. Осы чемпионаттан кейін 2011, 2014, 2015 жылдары 3 мәрте күміс жүлдегер атанды. Ташкентегі 2012 жылғы Әлем кубогында ел мерейін өсірді, ал Дубайда өткен 2013 жылғы Азия чемпионатында да алтыннан алқа тақты. Грузияның Тбилиси қаласында өткен 2015 жылғы әлем чемпионатында да Мөлдірдің бағы мен бабы келісіп, жеңімпаз атанды.

2018 жылы Жапонияның Окинава қаласында өткен Азия чемпионатында да топ жарды. Ал Португалияның Лиссабон қаласында өткен 2021 жылғы Karate1 Premier Leagua халықаралық турнирінде күміс жүлдеге ие болды. 2021 жылы Жапония астанасы Токио қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында +55 келі салмақта 7 орынға тұрақтады.

Ал былтыр Мөлдір Жаңбырбай Қазақстан тарихында тұңғыш рет каратэден әлем чемпионы атанды. Мажарстанның Будапешт қаласында ересектер арасында өткен әлем чемпионатында Мөлдір ең алдымен, Алжир спортшысын, одан кейін жапон және словакиялық каратэшіні айқын басымдықпен жеңді. Ал жартылай финалда Венесуэла каратэшісін 11- 3 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Сырда туып-өскен сайыпқыран спортшының әлі де биік шыңдарды бағындыратыны анық.

Атқан оғы мүлт кетпейтін Айжан

Олимпиадалық спорт түрі саналатын стенд атудан үздіктердің бірі – Айжан Досмағамбетова. Бағытты айқын бағдарлап, нысананы дәл көздейтін мерген 1997 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2003-2014 жылдары Қызылорда қаласындағы №7 қазақ орта мектебінде, 2017-2020 жылдары  Түркістан облысындағы “Дарын” колледжінде «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша білім алған. Стенд атудан Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2013-2015 жылдары ересектер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы атанған.

Адреналинге толы стенд ату спорт түрі қыздарға ең ыңғайлы ойын десек болады. Ауыр дүниені көтермейді, шақырымды артқа тастап жүгірмейді, тек көздегенінен мүлт кетпесе болғаны.

Қырағылық пен қайсарлық бойынан табылатын Айжан 2016 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионы, 2021 жылғы Үндістанда өткен Әлем Кубогінің күміс жүлдегері атанған. 2022 жылы Мароккода өткен Әлем Кубогінде күміс жүлде иеленген. Ал Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен 2023 жылғы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды. Спорт күнделікті өмір дағдысына айналған Айжанды өзіне деген сенімділік пен тұрақты еңбек жеңіске жетелеуде.

Шахмат шебері Әсел

Шахмат – қарым-қабілет пен амал мен айла, ақыл мен сабыр тартысқа түсетін айқас алаңы. Ақыл-ой додасында талай қарсыласын қапы қалдырған спортшының бірі – Әсел Серікбай. Дарынды бойжеткен 2002 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. №136 орта мектепте білім алған ару үздіктерге бұйыратын “алтын белгіні” иеленген. Мұнан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында білім алған.

Әсел 6 жасынан бастап шахматқа қызықты. Қызылорда облысының №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінде тәлім алған спортшыға жаттықтырушылары Риза Қошқарова мен Василий Шмельков үлкен үміт артты.

Талантты тани білген жаттықтырушылардың еңбегі ақталды. Өзі сұлу да сабырлы, әрбір істі ақылмен атқаратын, шахмат сырын жетік меңгерген Әсел Шахматтан облыс тарихында алғашқы ФИДЕ шебері атанды. Бүгінде ол Қазақстан Республикасының спорт шебері, ересектер арасында еліміздің құрама командасына Сыр елінен енген тұңғыш шахматшы. Жасөспірімдер және жастар арасында 13 дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы. Польшаның Краков қаласында өткен оқушылар арасында әлем чемпионы атанған. 2015 жылы оқушылар арасында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы. Жасөспірімдер арасында 3 дүркін Азия чемпионы. Иранда өткен жастар арасындағы Азия кубогының қола жүлдегері. Ересектер арасында Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанған Әсел осы жарыстан кейін Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. Грецияда өткен 16 жасқа дейінгі қыздар арасындағы жарыста әлем чемпионы атанып, 20 жасқа дейінгі жастар арасында Шығыс Азия чемпионатының күміс жүлдесін қанжығалады. Ал 2023 жылы Польшадағы әлем чемпионатында командалық есепте күміс жүлдені иеленді. Дарынды жас 18 дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы, 3 дүркін әлем чемпионы, 7 дүркін Азия чемпионы атағына ие болған.

Тағы да оқыңыз: