Kyzylorda-news.kz.Ақтау қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан жасөспірімдер, жастар, кадеттер және шеберлер арасында Азия және Океания чемпионаты өтті. Сыр өңірінен қатысқан спортшыларда жүлделі орындарға ие болып, Сыр өңірінің намысын қорғады. Олар 7 алтын, 5 күміс, 6 қола иеленді. Жүлдегерлерді теміржол вокзалынан күтіп алу салтанатында жанкүйерлері, жаттықтырушылар, спортшылар, көрермендер жиналды.
Осындай жетістікке жеткен спортшыларымызды Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов құттықтады.
– Спорттық сайыстан бақ сынып, Сыр өңірінің намысын қорғап келген спортшыларды жүлделі орындарымен құттықтаймын. Бұған дейін Сыр елінен талай үздік спортшылар шыққан. Тіпті халықаралық деңгейде аты шыққан жастар да бар. Солардың ізін жалғап, ел намысын қорғайтын спортшылар біздің өңірде де көбейсін деп тілеймін, – деді ол.
Айта кетейік, 11-15 мамыр аралығында Маңғыстаудың «Халық Арена» спорт кешенінде Азия және Океания елдерінің халықаралық чемпионатына 25 елден 500-ге жуық спортшы бақ сынаған болатын.
Қатысушылар халықаралық чемпионаттан алған әсерлерін бөлісіп, алдағы уақытта мұнан да жоғары жарыстарға дайындық бастайтындарын айтты. Сыр спортшылары әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп, Сыр елінің атын асқақтата беретініне сенеміз.