Kyzylorda-news.kz. Сыр өңіріндегі спортшылары үшін сәуір айы сәтті басталды деуге толық негіз бар. Өйткені аймақтың спорт шеберлері түрлі жарыстардан жүлделі орындармен оралуда. Жаңа айдың бес күнінде-ақ спортшылар бірнеше жарыста облыс мерейін үстем етті.
Атап айтар болсақ, Футболдан Қазақстан Olimpbet чемпионатының 4 турында «Қайсар» қасқырлары «Каспийге» қонаққа барып, 3-1 есебімен жеңіске жетті. Қасқырлар сапынан Василий Совпель дубль авторы атанса, Бақдәулет Зулфикаров маусымдағы алғашқы голын соқты.
Австрияның Иннсбрук қаласында 30 наурыз бен 3 сәуір аралығында таеквондодан G-1 халықаралық турнирі ұйымдастырылды. Турнирде кадеттер арасында қызылордалық Нұрперзент Саматұлы 37 келі салмақта алтын белгіні иемденді. Сонымен қатар жастар арасында Теміржан Тасқын 45 келі салмақта жүлделі І орынды, ал София Клименко 44 келіде жүлделі ІІ орынға ие болды. Турнирде ересектер арасында Сыр спортшылары Ботагөз Қапанова 49 келі салмақта жүлделі І орын және Нұрахан Ерасыл 54 келі салмақта ІІІ орын иегері атанды.
30 наурыз бен 2 сәуір аралығында Семей қаласында кикбоксингтен 2007-2008 жылы туған кадеттер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Біріншілікте Сыр спортшыларынан Ернұр Біләл 63,5 келіде фулл бойынша ІІІ орын, Сопбек Абдрахман 67 келіде ІІІ орын, Айтуған Алихан 60 келіде лоу кик бойынша ІІІ орын және Тайранбек Дамир 81 келіден жоғары салмақта лоу кик бойынша ІІ орын иеленді. Сонымен қатар Нұрашов Меделхан 81 келіден жоғары салмақта фулл бойынша І орын және Кеңесова Жұлдызай 36келі салмақ дәрежесінде фулл бойынша жүлделі ІІ орынды иеленді.
Астана қаласындағы Сарыарқа мұз сарайында шорт-тректен оқушылар арасында ҚР ХІ қысқы гимназиадасы өтті. Гимназиадада Сыр спортшылары 8 рет жеңіс тұғырына көтерілді.
Соның ішінде 1000 метр қашықтықта Есен Жансая І орын, Құрманбай Ұлту ІІІ орынды иеленсе, 500 метр қашықтықта Айару Қайратқызы және 777 метр қашықтықта Жансая Есен жүлделі І орынды жеңіп алды. Ал 1000 метр қашықтық бойынша сайысқа түскен қызылордалық Есен Жансая суперфиналдың ІІ орын иегері атанды. Одан бөлек Жансая көпсайыста да оқ бойы озып, жүлделі бірінші орынды қанжығаға байлады. Айару Қайратқызы да көпсайыста жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. 2000 метр қашықтықта командалық эстафетада Қызылорда облысының құрамы жүлделі ІІ орын иегері атанды. Команда құрамында Диляра Туралиева, Ұлту Құрманбай, Айару Қайратқызы мен Жансая Есен бар.
Абай облысы Семей қаласында Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен жасөспірімдер (U17) мен 23 жасқа дейінгі (U23) спортшылар арасындағы ҚР чемпионаты өтті.
Чемпионатта 30 наурыз - 1 сәуір аралығында өткен грек-рим күресінен Сыр спортшылары Бүркітбай Ермухаммед І орын, Болатұлы Алпамыс І орын, Қайрат Шыңғыс ІІІ орын иеленді. Ал Түркістан қаласында Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы ХХІ халықаралық турнирде Сыр өңірінің екі былғары қолғап шебері жеңіс тұғырына көтерілді. 51 келі салмақта сынға түскен Ерхан Оңталапов І орын иегері атанса, Дарын Кенжебекұлы 57 келі салмақ дәрежесінде жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.