Kyzylorda-news.kz Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Сұлтанбек Қобландинді еске алуға арналған көгалдағы хоккейден республикалық турнирдің ашылуына қатысты.

Аудан басшысы ел спортын дамытуда С.Қобландиннің еңбегі зор екенін атап өтті.

– Спорт саласының дамуына, оның ішінде елімізде көгалдағы хоккейдің өсуіне өзіндік үлес қосқан азаматқа арнап турнир өткізу ауданда дәстүрге айналды. Сұлтанбек Ибрагимұлы көгалдағы хоккей спортымен айналысып, 1982 жылы Алматының «Динамо» командасының сапында Кеңес Одағының чемпионы және Одақтың кубок жеңімпазы атанды. Одан кейін көгалдағы хоккейден шәкірт тәрбиелеп, Қызылорда облысының ерлер және әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы болды. Тәжірибелі бапкер жастардың ерекше спортқа деген көзқарасын қалыптастырып, аудан спортшыларының жеңіс тұғырынан көрінуіне зор еңбек етті. Ұзақ жылдан бергі табанды және нәтижелі еңбегінің арқасында ауданда көгалдағы хоккейдің озық әрі тиімді даму жүйесін қалыптастырды. Білікті жаттықтырушының тәрбиесін алған шәкірттері Қазақстан Республикасының спорт шебері, бірқатар хоккейші халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына қол жеткізді. Халықаралық жарыстарда тәжірибелі жаттықтырушы тәрбиелеген спортшылар сан мәрте жарқын жетістіктерге жетті. Сондықтан Сұлтанбек Қобландиннің мемлекетіміздің, оның ішінде Сыр өңірі спортының өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын көпшілік жақсы біледі, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мұнан соң Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әріп Хожбанов, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Әмірбек Шаймағамбетов, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, С.Қобландиннің апасы Бибімариям Маханова сөз сөйлеп, Сырдария ауданының Құрметті азаматы туралы өз естеліктерімен бөлісіп, көгалдағы хоккей спортын дамытудағы еңбегін айтып өтті.

Республикалық турнир 10 мамырға дейін жалғасады. Жарысқа елімізден 13 команда 230 спортшы қатысты.

Тағы да оқыңыз: