Kyzylorda-news.kz   Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек спортшылар күніне орай спорт саласының ардагерлерін, сала майталмандарын, чемпионаттар мен ел біріншіліктерінде жүлделі орындарды иеленген жастар мен жасөспірімдерді қабылдады.

Жиында сөз алған аудан әкімі «Спорт – денсаулық кепілі десек, спорттағы жетістіктер – ел мерейін өсіретін, азаматтық намыс пен жігерін шыңдап, даңқын арттыратын тынымсыз еңбек пен төккен тердің жемісі. Қармақшы ауданында партия комитеті тарапынан 1964 жылы бұқаралық спортты жолға қоюға бағытталған жұмыстар қолға алынды. Жоғарыда аталған жұмыстардың басында Омаров Сұлтанбек, Құндақбаев Жарболсын және Қаражанов Қуаныш ағаларымыз болса, Еркін Атабаев, Әлжан Төремаханов, Шәріпбек Асанов, Әділбек Серікбаев және Бауыржан Абенғалиев ағаларымыз ауданда бұқаралық спортты дамытуға және спорттық резервті қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстарды атқарды.

Тәуелсіздік жылдары ауданымыздың спортшылары толағай табыстарға қол жеткізді. Осы уақыт аралығында аудан спортшылары 100-ден аса «Қазақстан Республикасының спорт шеберлері» мен 10-нан аса «Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері» атақтарын иеленді.Биылғы жылыда толағай табыстарға қол жеткіздік. Спортшы қыздарымыз Ақтау қаласында өткен самбодан Азия чемпионатында Рүстемова Әсемай жеңімпаз атанса, Сейілова Ұлтай қола жүлдегері атанды. Сондай ақ, Тайван қаласында гір тасын көтеруден Азия Чемпионатында Кәжденбек Еркебұлан жеңімпаз атанды.Ағымдағы жылдың 7-8 тамыз күндері Қызылорда қаласында қазақ күресінен XV облыстық «Алтын белбеу» жарысы өткізілді. Жерлестеріміз жоғарғы жетістіктерден көрініп, Еламан Ерғалиев «Сыр барысы» атанса, Мақсат Исағабылов «Сыр арланы» атанып екінші орынды иеленді. Қос палуан республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде аймағымыздың абыройын қорғайтын болады.

Өткен жылы Жосалы кентінде денешынықтыру – сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып ел игілігіне берілсе, бүгінгі күні Ақай, Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал ауылдық округтерінде дене шынықтыру – сауықтыру кешендерінің құрылыстары аяқталуға жақын. Қасиетті Қармақшы өңірінің абыройын асқақтату жолындағы спорт саласында жеткен жетістіктеріңізге алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да спорт саласының сан қырлы сырларын меңгеріп, жеңіс туын әрдайым биіктен желбіретуге тілектеспін»,- деді. Кездесуде аудандық мәслихат төрағасы Ә.Қошалақов, қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Құлдүйсенов, сала ардагері Е.Атабаевтар сөз сөйлеп, жас спортшыларға жоғары көрсеткіштерге жетуде өздерінің тілектестіктерін жеткізді.Кездесу соңында аудан әкімі Ж.Еркінбек үздіктер сапынан көрінген жас спортшыларға алғыс хаттар табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Айта кетейік, жыл басынан бері аудан спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында 7-алтын, 12 – күміс, 16 – қола медальды иеленсе, Азия чемпионатында 3-алтын, 1- күміс және 1- қола медаль иеленді.

Фото: Қармақшы ауданының әкімдігі

Тағы да оқыңыз: