Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов гір спортынан ересектер арасында өткен Азия чемпионаты мен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпаздарын арнайы қабылдады.

Қабылдау барысында аудан әкімі ел намысын қорғаған жалағаштық спортшыларды жеңісімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы – ұлт саулығын жақсартамыз» – деген болатын. Осы бағытта облыс әкімінің қолдауымен аймағымызда спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сәулеті мен сәні келіскен жаңа ғимараттар бой көтеріп, халық игілігіне табысталуда. Жыл басында аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, алдағы күндері Аққыр ауылдық округіндегі жаңа спорт кешені ел игілігіне берілетін болады. Сонымен қатар, кенттегі орталық стадион да жаңғыртудан өткізілуде. Бұл – спорт саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сіздер байрақты бәсекелерде топ жарып, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтаттыңыздар. Бұл – спортшыларымыз бен бапкерлеріміздің тынымсыз еңбегінің жемісі. Алдағы уақытта да спорттың биік белестерін бағындырып, жеңіс тұғырынан көріне берулеріңізге тілектеспін. Жеңіс жолындағы қадамдарыңыз әрдайым сәтті болғай!», – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Салтанатты қабылдауда аудан әкімі ел намысын қорғап, байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды арнайы марапаттап, қаржылай сертификаттар табыстады.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 26-30 сәуір күндері Өзбекстан Республикасының Андижан облысы, Хонобад қаласында гір спортынан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты өтіп, онда аудан спортшылары ел намысын абыроймен қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша жалағаштық Ербол Әзиз, Әділбекұлы Өтеген, Өмірбек Әлтайыр, Нұрлан Қуаныш сынды спортшыларымыз 1 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті.

Сонымен қатар, 2025 жылдың 14-19 мамыр аралығында Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында да жерлестеріміз жоғары жетістікке жетті. Атап айтқанда, Төлеген Қайсар, Орынбасар Нұрислам, Мажиев Ислам және Сейтенов Абдулхасан сынды спортшыларымыз алтыннан алқа тағып, ел намысын биік деңгейде қорғап шықты.

Айта кету керек, Төлеген Қайсар – гір спортынан Қазақстан Республикасының спорт шебері, жастар арасында Азия және Әлем чемпионаттарының үш дүркін жеңімпазы. Қалған спортшылар – Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидаттар.

Қабылдау барысында спорт саласының ардагері, «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» Бақытбек Төлеков сөз сөйлеп, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға ізгі тілегін білдірді.

Жалпы, спорт саласындағы негізгі басымдық – бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады. Қазіргі таңда ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны – 14 603 адам, бұл аудан халқының 40,5 пайызын құрайды.

Өткен жылы аудан спортшылары әлемдік және Азия чемпионаттары мен облыстық жарыстарда түрлі деңгейдегі 227 медаль жеңіп алып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінгі күні аудан спортшылары қол добы, тоғызқұмалақ, асық ату, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, бокс, гір тасын көтеру секілді спорт түрлерінен облыстық жарыстарда 52 алтын, 32 күміс, 22 қола медаль, Қазақстан Республикасы чемпионаттарында 13 алтын, 4 күміс, 2 қола медаль, ал халықаралық жарыстарда 9 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль жеңіп алды.

Тағы да оқыңыз: