Kyzylorda-news.kz.  Қарағанды қаласында 2-7 мамыр аралығында 2006 жылы туған және одан кіші қыздар арасында гандболдан ел чемпионаты өтті. Онда Қазақстанның әр түкпірінен келген 6 команда бақ сынады.

Тартысты өткен доп додасында жергілікті  «Қайсар-ҚМУ» 2 құрамасы І орынды қанжығасына байлады. ІІ орынды алматылықтар еншілесе, үздік үштікті қарағандылықтар қорытындылады.

Аға жаттықтырушы Құнанбай Салыбеков пен Ольга Егунова шәкірттері бұл сайыста бас жүлдені алып қана қоймай, сұрмергендер тізімінде көш бастады. Нақтырақ айтсақ, команда сапынан үш бірдей ойыншы, яғни, Қарлығаш Алтынбек пен Луиза Олейникова және Любовь Ковалева үздік бомбардир атанды. Ал барлық кезеңде аз гол жіберіп, сырбойылықтарды жеңіске жақындатқан Қызжібек Ғалым «Үздік қақпашы» жүлдесін жеңіп алды.

– Бұл жарыста қарсыластарды айқын басымдықпен жеңіп, І орын иелендік. Ал үздік өнер көрсеткен 16 ойыншының 8-і жаңақорғандық. Қалғаны Қызылорда қаласы мен өзге аудандардан. Осы турнирден соң команданың 7 ойыншысы ұлттық құрама сапына жолдама алды. Олар шілдеде ел құрамасымен Үндістанның Нью-Дели қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысатын болады, – деді Қ.Салыбеков.

Айтпақшы, сырбойылықтар биылдыққа екінші рет ел чемпионы атанып отыр. Бұған дейін наурыз айында 2008 жылғы жасөспірімдер арасындағы жарыста жүлделі оралған еді. Орайы келгенде айта кетейік, гандболдан ел құрамасының басым бөлігі қызылордалықтардан құралған.

Таеквондодан өткен ҚР чемпионаты аяқталды

Алматы қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында Таеквондодан өткен ҚР чемпионаты аяқталды. Оған 3 қала мен 17 облыстан спортшылар қатысты.
Боз кілемдегі бәсекеде Сыр спортшылары 7 алтын мен 7 күміс және 7 қола медаль еншіледі. Біріншілік қортындысымен сырбойылықтар  командалық есепте жасөспірімдер мен жастар арасында, яғни, қос кезеңде де ІІ орын иеленді.  
Бес күнге созылған тартысты ойынның нәтижесі бойынша сырбойылықтардан 7 спортшы көш бастады. Атап айтсақ, жасөспірімдер арасында Дінмұхаммед Толыбай, Нұрперзент Саматұлы, Торғын Әлімхан және Назерке Жанаберген мен Нұрай Қазнабек үздіктер қатарынан көрінді. Ал жастар арасында Гүлназ Қайбулла мен Тоғжан Қазнабек жүзден жүйрік шықты.
Жеңімпаз және жүлдегер командалар медаль, кубок, дипломдармен марапатталды.

Ел үміті 7 боксшыда

Ташкентте бокстан әлем біріншілігі өтуде. Оған 104 елден 600-дан аса былғары қолғап шебері жиналды.
Байрақты бәсекенің ширек финалында жеті отандық боксшы өнер көрсетпек. Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Серік Теміржанов, Дулат Бекбауов, Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай және Қамшыбек Қоңқабаев бар. 
Ширек финалға шыққан боксшылардың саны бойынша көшті 13 боксшымен Куба бастап тұр. Екінші орынға Өзбекстан құрамасы табан тіресе, үздік үштікті Ресей түйіндеп тұр. Ал біздің құрама төртінші сатыға жайғасқан. 
Айта кетейік, байрақты бәсекеге ел намысын қорғау үшін 13 боксшы аттанып, оның алтауы жарыс жолынан шығып қалды. Жүлдесіз қалған спортшылардың қатарында Сәкен Бибосынов, Санатәлі Төлтаев, Сағындық Тоғамбай, Талғат Сырымбетов, Айбек Оралбай және Нұрқанат Райыс бар.

Бүгін ширек финалдық жекпе-жектер өтеді. Барлық жеті боксшы да шаршы алаңға шығады. Қамшыбек бұл жолы тәжірибелі өзбек боксшысы Баходир Джалоловпен жұдырық түйістіреді.
Айтпақшы, боксшыларымыз жартылай финалға сүрінбей өтсе, чемпионаттың 5,2 млн АҚШ доллар тұратын жүлде қорын сарапқа салады.

Жолдастық кездесу өтті

Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда өнерпаздар арасында «Шоу футбол» өтті.
Облыстық Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен өткен жолдастық кездесуге қаладағы бірнеше кәсіпкерлер қолдау көрсетті. Атап айтарлығы, «Қызылорда» командасы «Медиа футбол» аталып кеткен бұл сайысқа биыл алғаш рет  қатысып отыр. Өйткені бұған дейін өзге өңірлердің бәрінде мұндай командалар әлдеқашан құрылған.

Енді ойынға ойысалық. Ойынның бір ерекшелігі кәсіби футбол ережесімен өтті, яғни, 45 минуттан 2 тайм болды. Ал төрешілер ереженің бұзылмауын қас қақпай қадағалады. Тек ойыншы алмастыруға ешқандай шектеу болған жоқ. 
Ойынның бірінші бөлігінде қызылордалықтар 2:1 есебімен көш бастады. Екінші таймда шымкенттіктер таразы басын теңестірген. Алайда Асылхан Дүкенбай бастаған, Ақжол Түменбай қостаған қызылордалықтар соңғы минуттарда шабуылды үдете түсті. Қос қапталдан әуелете асырылған пастар мен жойқын шабуылдар көп ұзамай нәтижесін берді. Қорытынды есеп – 6:5. Жеңіс сырбойылық өнерпаздардың еншісінде қалды.

Айта кетейік, алда дәстүрлі түрде өтетін «Шоу футболда» «Қызылорда» командасы өзге өңірлерге барып, бақ сынайтын болады.
 

228fdfb2-6f2f-41a4-a545-7099b0935469.jpg

 

43954521-8b0b-42f1-bfd2-533e8531309b.jpg

 

452290fe-18fe-4205-8a16-c5f32fc5cb96.jpg

Тағы да оқыңыз: