Kyzylorda-news.kz Спорт – адам өміріндегі ең маңызды әрекеттердің бірі. Ол тек денені шынықтырып қана қоймай, мінез-құлықты қалыптастырып, табандылық пен жауапкершілікке үйретеді. Қазіргі қоғамда спортпен айналысу саламатты өмір салтының негізгі белгісіне айналды. Уақыт талабына сай белсенді қозғалыс – денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі.
Тұрақты түрде жаттығу жасау адамның иммунитетін күшейтіп, жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартады, бұл көптеген аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар спорт артық салмақтан арылуға, бұлшық етті нығайтуға және жалпы физикалық төзімділікті арттыруға көмектеседі. Дене шыныққан сайын адам өзін сергек, жеңіл әрі қуатты сезінеді, бұл күнделікті өмірдегі белсенділікке тікелей әсер етеді.
Спорттың пайдасы тек физикалық денсаулықпен шектелмейді. Ол адамның психологиялық жағдайына да оң ықпал етеді. Жаттығу кезінде ағзада қуаныш гормондары бөлініп, күйзеліс азаяды, көңіл-күй жақсарады, ұйқы реттеледі. Қазіргі таңда жастар арасында жиі кездесетін күйзеліс пен шаршаудың алдын алуда спорттың рөлі ерекше. Белсенді қозғалыс адамды жағымсыз ойлардан арылтып, өзіне деген сенімділікті арттырады.
Спорттың түрлері көп. Ал соның ішіне командалық спорт түрлері адамдарды бірлікке, өзара көмекке және тәртіпке баулиды. Мұндай ойындарда әр қатысушы ортақ мақсат үшін еңбек етіп, жауапкершілікті сезінеді. Ал жеке спорт түрі адамның өз-өзіне сенімділігін арттырып, ерік-жігерін шыңдайды. Жеке жетістікке жету жолында адам сабырлы болуды, өз мүмкіндігін дұрыс бағалауды және үнемі өзін жетілдіруді үйренеді.
Спорттың тағы бір маңызды қыры – тәрбиелік мәні. Жарыстарға қатысу арқылы адам жеңісті қадірлеуді, ал жеңілісті сабырмен қабылдауды үйренеді. Бұл өмірлік тәжірибе адамның мінезін қалыптастырып, қиындықтарға төтеп беру қабілетін арттырады. Жеңіске жету үшін үздіксіз еңбек ету, тәртіп сақтау, уақытты дұрыс жоспарлау қажет екенін спорт нақты іс жүзінде дәлелдейді.
Тағы бір айта кетерлігі спорт жастарды жаман әдеттерден аулақ болып, пайдалы орта қалыптастыруға жетелейді. Спортпен айналысатын адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, өмір сапасын жақсартуға ұмтылады. Спорт алаңында табылған достық, өзара қолдау мен ортақ қызығушылық қоғамда оң құндылықтың дамуына ықпал етеді.
P.S. Спорт – мықты денсаулықтың, берік рухтың және табысты болашақтың негізі. Ол адамды физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани әрі әлеуметтік тұрғыдан да дамытады. Сондықтан әр адам жасына қарамастан спортты күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыруы тиіс. Себебі спортпен дос болған жан – өз болашағына дұрыс қадам жасаған жан.
Аяжан Махамбетәлі,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Фото: freepik.com
