Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында индорхоккейден жасөспірімдер арасында №11 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің аудандық ашық біріншілігі өтті.

Сырдария ауданында көгалдағы және индорхоккей спортымен шұғылданатын жастар қатары көп. Бұл спорт түрінің ауданда дамуына Сырдария ауданының «Құрметті азаматы», білікті, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанбек Қобландин ерекше еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда ауданның жас спортшылары аталған спорт түрінен үздіктер қатарында.  

Сырдария ауданында ұйымдастырылған ашық біріншілікке Қызылорда қаласынан және аудандардан келген 2008 жылғы және олардан кіші жасөспірімдер қатысып, бақ сынасты. Жарысқа 12 команда бойынша 120 спортшы қатысты.  

«Спорттың көгалдағы және индорхоккей түрімен қыздарымыз үздіксіз жаттығу үстінде. Бір жыл ішінде бірде-бір дайындықтан қол үзбеген спортшылар ел біріншіліктерінде үздіктер қатарынан көрініп келеді. Әрбір спортшының шеберліктері командалық ойында өз нәтижесін береді. Сондықтан жарыстарға қатысқан сайын жас спортшыларды жігерлендіріп, жеңіске деген талпынысын жанып отырамыз. Өзіміз де осы спорт түрінен көптеген жетістіктерге жеткеннен кейін, шәкірттеріміздің де биік белестерді бағындырғанын қалаймыз. Сондықтан осындай жарыстарда жас спортшылар жеңісті қолдан бермейді», – дейді жас бапкер Шынар Ақназарова.

Аудандық ашық біріншіліктің нәтижесінде ұлдар арасында үздік ойын көрсеткен Сырдария ауданының спортшылары жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Сайыстың жүлделі ІІ орынын Қызылорда қаласының «Қайсар» құрамасы жеңіп алды. Ал ІІІ орынды қармақшылық команда қанжығасына байлады. 

Қыздар арасында өткен сайыста І орынды Тереңөзек кентінің жас спортшылар жеңіп алды. Ал ІІ орынды №11 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жас-өспірімдер мектебінің индорхоккейшілері еншіледі. ІІІ орын мінберінен Сырдария ауданының қыздар құрамасы көрінді. 

Айта кетейік, 19-25 қыркүйек аралығында Жетісу облысы Талдықорған қаласында көгалдағы хоккейден ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасы Кубогы өтті. Республиканың түкпір-түкпірінен келген командалардың арасында Сыр өңірінің командасы чемпион атанып, кубог жеңімпазы атанған болатын. 

Жалпы, көгалдағы хоккей спортынан сырдариялық спортшылардың абыройы қашан да асқақ.

1664194632_49440154-ceb4-4037-8092-1d1a978129ba.jpg

Тағы да оқыңыз: