Kyzylorda-news.kz. Бүгін Шиелі ауданының орталығында орналасқан орталық спорт кешенінде 20 жасқа дейінгі жасөспірім зілтеміршілер арасында республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Ашылу салтанатына Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов қатысты.
«Баршаңызды Екі мәрте Социалистік еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы Республикалық турнирдің ашылу салтанатымен құттықтаймын. Биыл Шиелі ауданында бұқаралық спортты дамыту мақсатында, түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар жоспары жасалып, талаптарға сай аталып өтілуде. Міне, осындай жоспарға негізделген іс-шаралардың бірі жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Екі мәрте Социалистік еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы республикалық турнир. Тағы бір айта кетерлігі, ауданымызда спортқа, оның ішінде ауыр атлетикаға ерекше көңіл бөлінуінің нәтижесінде шиелілік ауыр атлетшілер Бектай Асылжан, Айзада Мүптілда, Сансызбаева Айсамал секілді батыр ұл-қыздарымыз әлем, Азия біріншіліктерінде топ жарып, әлемдік аренада қазақ елінің абыройын асқақтатып келеді», - деді Болат Ысмағұлов.
Сондай-ақ, турнирде ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек Жақай ағамыз сөз алып, қатысушы жасөспірім зілтеміршілерге сәттілік тілеп, «Ыбырай Жақаев аталарыңдай елге сыйлы азамат болыңдар», - деп тілек білдірді.
Айта кетейік, бүгінгі турнирге еліміздің 5 облысынан және Сыр өңірінің аудандарынан 100-ден астам жас атлетші қатысуда.