Kyzylorda-news.kz. Шахмат – ақыл-ойды дамытатын спорт түрі. Адамның бәсекеге қабілеттілік қасиетінің дамуына бұл ойынның пайдасы өте көп. Соңғы уақытта аталған спорт түрі ел ішінде жыл сайын жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Шиелі спортшылары да одан қалыс қалған емес. Оған Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына орай орталық спорт кешенінде ерлер арасында шахматтан өткен аудандық турнир дәлел.
Турнирге аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Аруна Өркенқызы, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен жас жеткіншектер, БАҚ өкілдері қатысты.
Турнир барысында аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов сөз алып, турнирге қатысушы жандарға ақжарма тілегін білдірді.
«Бұл фестивальді ауданымызда шахматты спорт түрі ретінде танымал ету және дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ жас спортшылардың шеберлігін арттыру мен жас таланттарды іздеу мақсатымен өткізіп отырмыз. Бүгінде елімізде шахмат спорты өзіндік қайта түлеуді, танымалдылықтың жаңа кезеңін бастан кешіруде. Бұған жерлестеріміздің Азия және әлем чемпионатындағы нәтижелері ықпал етуде. Әрқайсыңызға біздің турнирде жеңіске жетуге шын жүректен тілектеспін», – деді Ерсұлтан Әпетов.
Айта кетейік, шағын ғана шахмат тақтасы ойыншылар үшін көптеген айла-тәсілді орындайтын негізгі «соғыс алаңы» десек болады. Ойын кезінде егер шахматшы бірінші болып жүретін болса, онда ол ойынды бастау үшін 20 түрлі тәсілді пайдалана алады. Ал қарсыласы жауап қайтару үшін 400 түрлі төтеп беру жолдарын қарастыруға мүмкіндік туады. Сол себептен шахматшылар әр қадамын байыппен орындайды. Қалт кеткен ойыншының тасы, мүлт кетеді.
Жарысқа қатысушы азаматтар Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отырған шараға алғыстарын айтып, алдағы уақытта да осындай турнир өз жалғасын тапса деген ұсыныстарын білдірді.
Тартысты өткен турнирге 20-ға жуық ер азамат қатысты. Ал жарыс нәтижесі бойынша I орынды Олжас Азатжанұлы, II орынды Құдайберген Жұмабек, III орынды Қаһарман Ерболат иеленді. Турнирге қатысқан жеңімпаздар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, бағалы сый-сияпаттар табысталды.