Kyzylorda-news.kz. Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары ұйымдастырылып келеді. Қоғамнан тыс қалмай, ел қатарлы игі шаралардың басы-қасынан табылып, олардың жүріп-тұруына әкімдік тарапынан «инватакси» көлігі де пайдалануға берілген болатын. Осындай қамкөңіл жандарды қолдау мақсатында Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына орай орталық спорт кешенінде үстел теннисінен аудандық турнир өтті.
Турнирге аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Нариман Сапарбаев, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев пен бірқатар сала мамандары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов сөз алып, турнирге қатысушы жандарға жылы лебізін жолдады.
– Үстел теннисі елімізде жоспарлы түрде дамып келе жатқан ең бұқаралы және қол жетімді спорт түрлерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің және ел өңірлерінде материалдық-техникалық базаны нығайтудың арқасында үстел теннисі клубтарында, спорт кешендерінде шұғылданушылардың көбеюі байқалуда. Сіздердің бастарыңызды қосып, аудандық турнирді өткізудегі мақсатымыз – осы бір спорт түрінің бұқаралық сипатқа ие болуына жағдай жасау және әуесқой теннисшілерді қолдау болып табылады. Сондықтан қиындықтарға қарамай салауатты өмір салтын ұстануға деген ұмтылыстарыңыз үшін ерекше алғысымды білдіремін. Турнирде қандай жетістікке жетсеңіздер де, сіздер біз үшін нағыз жеңімпаз жансыздар, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мүмкіндіктің шектеулі екеніне қарамастан күш-жігердің шексіздігін дәлелдеген жандар игі шараға демеу болған мекеме басшыларына алғыстарын жеткізді. Алдағы уақытта да салауатты өмір салтын ұстану мақсатында спорттық шаралар ұйымдастырылып тұрса деген ұсыныс-пікірлерін де білдірді.
Айта кетейік, орталық спорт кешенінде өткен іс-шараға 20-дам астам мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Мұндай спорттық басқосудың негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және салауатты өмір салтын ұстануға айрықша назар аудару болып табылады.
Сонымен қатар бүгін Шиелі ауданының 95 жылдығына орай ерлер арасында шахматтан жарыс өткізілді.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов ашып беріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Үздік ойын өрнегін көрсеткен ерлер ойлау қабілеттерінің ұшқыр екенін тағы бір дәлелдеді. Ойында қарсыластарына дес бермей, жеңімпаз атану үшін барын салуда. Қатысушылардың бұл ойынға бірінші рет келуі емес. Осыған дейін де көптеген интеллектуалды ойындардың көрігін қыздырып жүрген жандар.
Уақытында талай сында жеңіске жеткен жарысқа қатысушылар мұндай игі шаралардан қол үзгісі келмейді. Өйткені, спорт – денсаулық кепілі.